Такси

Блог - nurbolkarataev: Такси
Қызым тұр-тұр, айнам-ау, ботам-ау тұрағой енді, сабақтан кешігетін болдың ғой, -деді Сәлимә әжей ұйқыда жатқан немересін еркелетіп оятып. Күн кешегідей емес қатты аяз, кеше ауа-райында циклон болады деп еді рас екен. Мына күннің салқындығы бет қаратар емес, түрі жамандеп ас үйдегі таңғы асты әзірлеп өз-өзімен сөйлесіп жүргені. Немересі Айшада ұйқысын қимай әже онда сабаққа бармай-ақ қояйын деді. Жоқ ботам-ау сабақтан қалуға болмайды. Келе ғой күнім шәйіңді ішіп ал, жұмыртқада қуырып қойдым таңғы асыңды іше ғой деді, немересінің асты-үстіне түсіп. Әже сабақтан кешігіп қалмаймыз ба сағат сегізде сабақ басталады деді сағат тілінің 7-ден кеткенін нұсқап немересі үстелге отыра кетіп. Мына күннің аязы қатты, оның үстіне түнімен қар ұйытқып жерді біраз қар басқан маршутпен барсақ кешігетін болармыз, жолдан такси тоқтатып мінерміз деді әжесі.
Әже мен тамақ ішіп болдым, барып киінемін жарай ма деп немересі ас үйден шыға бергені сол еді, әжесінің қызым қолыңды жууды ұмытпа деген дауысы саңқ етіп шыға кетті. Сәлимә әжейде жанталасып ас үйді реттеп, түскі астың тамағын мұздатқыштан шығарғаны сол екен кіре беріс жақтан әже шығайық кешігеміз деген немересі Айшаның даусы шықты. Қазір ботам күте тұр етігіңді кие бер мен қазір киініп алайын деген әжесінің дауысыда ас үй жақтан естілді. Жүр қызым деп әжесі үйдің кілтін алып, қолына немересінің сөмкесін ұстап сыртқа ентелей шыға берді.
Даладағы күннің ызғары 3-ші қабаттағы подьезге жетеді.Төменгі қабатқа түскен сайын желдің ызғары құлақ тесердей ысқырып тұр. Сыртқы есікті аша бергені сол еді қатты желдің екпіні есікті оңай аштырар емес оның үстіне есікке де мұз қатыпты. Әупірімде немересінің қолынан жетелей далаға шығып еді Астананың желі кісіні қаңбақтай ұшыратын түрі бар.Тобықтан асатын қардың қалыңдығыда аяқты адымдап бастырар емес.Немересін жетелей жол бойына шығып такси тоқтатып еді, зулаған көліктердің біреуі бұрылып тоқтайтын түрі жоқ.
Шамамен 10-минуттай уақыт өткенде Лада маркалы ақ көлік келіп тоқтай кетті. Сәлимә әжейде жалма-жан көліктің есігін ашып 34-ші мектепке 500 теңге деді. Ой апа күннің мынандай аязында 500-іңіз не 1200 теңге болады деді әдеттегі бағаны есе көтеріп. Айналайын-ау күнде 400-теңгеге барып жүрген жерім еді дей бергені сол еді, таксидегі жігіттің апа онда басқа такси тоқтатыңыз деп көліктің есігін жабуға ұмтылғаны, немересінің дірдектеген түрін көріп жарайды балам 1200 болсада барайын деп көліктің ішіне бүрсең қағып отыра кетті.
Апа бізге ренішіңіз болмасын жұмыс болса осы такси, отбасы асырау, жан бағу керек дегендей. Қазір бензинде қымбат, оның үстіне ерегескендей мына күннің құтырғанын көрмеймісің?-деп таксиші жігітте күндегі әуеніне сала кетті. Оныңда дұрыс шығар балам деп Сәлимә әжейде әңгімені одан әрі жалғағысы келмей, шаршаулы үнмен жауап қатты. Мектепке жетем дегенше таксиші жігіт біресе музыка қосып, біресе ауа-райын сөз етіп өз-өзімен арпалысып келеді. Арада 15-минут уақытта межелеген мектепке де жетті. Балам-ау анау пешоходтың жанына тоқтай ғой деді, ақшасын таксишіге ұстатып. Көліктен түсіп немересінің қолынан ұстап мектепке қарай жүре бергені сол еді. Жаңағы өздері келген такси көлігі қалың жауған қардан байқамады ма орнынан сәл ұзай бере жолдың шетіндегі бетонға машинасын соғып тұрды да қалды.Осы уақытта Сәлимә әжей немересі Айша екеуі бүрсең қаға, асығыс жүріп мектепке қарай кетіп бара жатты.
Әрі қарай

Жас қаламгерлерді оқимыз ба?

Жас қаламгерлерді танимыз ба?

Бүгінгі күні жастарымыз біртіндеп кітап оқуға бет бұрып келе жатыр. Олардан кітап жайлы талғамын сұрап көрдіңіз бе? Əрине, əрқайсысы нені қалайтынын əрқалай айтқысы келеді. Бірақ та барлығына ортақ бір нəрсе ХХ ғасыр əдебиетін оқып тауыса алмай жатыр. Ол дегеніміз жақсы нəрсе, бірақ, арамыздан шығып жатқан жас дарындардың туындыларын біреу білсе, біреу біле бермейде. Ескеретін нəрсе — болашақта жарқ етіп кітапхана төрінде тұратын туындылардың авторы солар болмақ. Жəне сол деңгейге жету үшін олардың да оқырманы көп болу керек, түрлі сыншылардың критикалық көзқарасынан шыңдалып, одан əрі тəжірбие жинау керек. Оқырманы не тыңдарманы көп кез-келген өнер иесі таңғаларлық дүниелерді жасауға тырысары анық. Солардың бірі Оңтүстіктің жас қаламгері ақын, шығармаларға да ебі бар талант Ерболат Айнабеков. Ал сіз оның мына бір керемет əңгімесіне қандай баға берер едіңіз:
Әрі қарай

Стивен Кинг. Қанішер

Дерек: Бұл шағын әңгіме 1994 жылы жарияланды. Алпысыншы жылдары жарық көрген «I've Got to Get Away» («Бұл жерден шығуым керек») әңгімесінің өңделген нұсқасы.

***

Селк етіп оянды да, кім екенін, мына әскери зауытта не істеп жүргенін есіне түсіре алмады. Есімін де білмейді.

Зауыт үлкен екен. Іші толы қару құрастыруға арналған, зырыл қаққан жол-жол конвейер. Жиналып, бұралып, құрылып жатқан детальдардың сақылдаған дауысынан құлақ тұнады.

Көзі түскен қораптан дайын болған тапаншаның бірін алды.

Дәл алдында тоқтап қалған станок тұр. Сірә, жұмыс орны осы болса керек.

Тапаншаны ойланбай қолына ала салған сияқты.

Тар көпірдің бойымен зауыттың екінші басына баяу басып кете барды. Оқ-дәрі жинап, оны қорапқа салып тұрған біреуді көрді.

«Мен кіммін?» — деді бұл тілі тұтығып.

Анау үндемеді. Басын да бұрып қараған жоқ, белгі де бермеді.

«Мен кіммін? Кіммін мен?» — бар даусымен айқайлады. Алып ғимараттың іші жаңғырыққа толып кетті. Ештеңе өзгерген жоқ. Станок басында тұрған басқа адамдар бұған мән бермей жұмыстарын істей берді.

Бар күшімен оқ жинап тұрған еркектің басынан салып қалды. Сүйек күтірлеп сынды, жұмысшы екбетімен құлады. Қораптар шашылып қалды.

Бұл бір патронды жерден көтеріп алды. Калибрі келеді екен. Тағы бірнешеуін алды.

Үстіде біреу жүр. «Кіммін мен?» — деді бұл жоғары қарап, жауап күтпестен.

Төбедегі еркек бұған көз тастады да, бірден кері жүгірді.

Тапаншасын көтеріп, атып-атып жіберді. Еркек тізерлеп барып құлады, бірақ өлер алдында қабырғадағы әлдебір қызыл түймені басып үлгерді.

Сирена шыңғырып сала берді.

«Қанішер! Қанішер! Қанішер!» — деп бақырды дауыс зорайтқыштар.

Жұмысшылар бас көтерген жоқ. Оқ-дәрі қаптап, қаруларын құрастыра берді.

Бұл шудан құтылғысы келіп басы ауған жаққа жүгірді. Есік көріп қалып, соған бет алды. Бірақ жетіп үлгермеді, есік сарт етіп ашылды, ар жағында форма киген төрт адам тұр екен. Мұны әлдебір түсініксіз энергетикалық қарудан атқылады. Ызылдап зарядтар дәл жанынан өтті. Бұл үш оқ шығындады. Төртеудің бірі қаруы салдырлап, гүрс құлады.

Кері жүгірді. Тағы бір есіктен тағы бір топ адам шыға келді. Алақ-жұлақ етіп, жан-жағына қарады: форма кигендер қаптап кетіпті. Кету керек мына жерден!

Баспалдақ, көпірлермен жоғары өрлей берді. Соңғы қабатта қуғыншылар тіпті көп екен. Тұзаққа түсті. Тапаншадағы оқ таусылғанша атысты.

Қаумалап қоршап алды. «Атпаңдар деймін! Құлдығың болайын! Кім екенімді білгім келеді, көрмей тұрсыңдар ма!?»

Құлақ аспады. Түсініксіз қарудың сәулелі оқтары денесін шұрқ-тесік жасады. Көзі қарауытып, құлап кете барды…

***

Бұлар кузов жапқышының сарт етіп жабылып, көліктің орнынан қозғалғанын күткен болатын. «Әні, тағы біреуі есінен адасты», — деді күзетшілердің біреуі.

«Соны түсінбеймін», — деді екіншісі басын қасып. – «Бүгінгіні-ақ алайықшы. «Кіммін мен, кім екенімді білгім келеді» дейді. Дәл бір адам сияқты, құдая тоба. Осыларды бізге тым қатты ұқсатып жіберген жоқ па деймін».

Екеуі сынған роботтарды таситын жүк көлігі бұрыш айналып, көзден таса болғанша соңынан қарап тұрды.

Аударма: Стивен Кинг. Қанішер
Иллюстрация: Emilio Villalba
Әрі қарай

«Шеберлер жарысы». Әңгіме.

— Еее! Менің алдау шеберлігімді көрмедіңдер ғой сендер, үш адамды бір-ақ алдап жүрмін, үшеуіне үш түрлі өтірік кетіп жатыр!
— Ойыншық екен ғой сенікі, мен қырық адамды өтірікке тойғызып жүрмін.
— Ееей, балақайлар, тыныш бола қалсаңдаршы, миллиондарды алдап жүрген көкелеріңнің қасында отырғанда!
— Қоя салыңдаршы…
— ???..
— Алдау сендердің не теңің…
— Жүдә семіз сөйледіңіз ғой ағасы! Сіз қанша адамды алдап жүрсіз?
— Бір…
— Бііір?! Бір! А-ха-ха-ха-ха!.. Ия, кім екен ол біреуіңіз?
— Өзім…
— …
— …
— …
Әрі қарай

Екі тағдыр – бір сезім

— Қалайсың жаным, жақсы барып қайттың ба? — деп күйеуім мені есіктен күлімдей қарсы алды. Көңіл-күйім төмен болса да, мен оны білдіртпеуге тырыстым. Алғашқы жүктілігім болғасын ба, кейде тез шаршап, кейде өзімнен өзім жылағым келіп тұратыны бар. Бүгін де көңілім құлазып, жүрегім әлденені сезгендей шаншып, мазамды ала бергені. Мен аяқ киімімді шешіп, күйеуіме қарап, езу тарттым.
— Бәрі жақсы! Дәрігер «папасына айтыңыз, балапаны бұзық болмасын» деп ескерту жасады.
Бұны естіген отағасы мәз, ішімді алақанымен сипап, «біздің бала бұзақы емес, әшейін маған тартқан белсенді жігіт қой» деп, мені қолымнан ұстап, асүйге қарай жүрді.
— Үйде қонақ бар! Дастархан басында отырып, біраз нәрселерді талқылап тастадық. Жүр, мен сені таныстырайын! – деді.
Мен ас үйдің табалдырығын аттай беріп, талып қалуға шақ қалдым. Үстел басына жайғасқан қонақ маған жат адам емес. Енді өмірімде оны жолықтырамын деп ойламаппын. Қонақтың да түрі бірден өзгерді. Сірә, оның да мені көретіні жоспарда болмаса керек.
— Танысып қойыңыз, Жәке, Перизат келініңіз осы кісі! Жомарт — менің көмекшім, менің бизнес жолымдағы алғашқы демеушім, қолдаушым, Жалғас Маратұлының кенжесі. Енді менімен бірге жұмыс атқарады, — деп отағасы біздің кейпімізді аңдымай бір бірімізді таныстырып әлек.
Таныстық ишаратын жасап, қолын созса да, Жомарт орынан тұрмады. Енді ғана байқадым, ол үстелді бойлай қойған орындықта емес, мүгедектерге арналған креслода отыр екен. Жүрегім біртүрлі болып шаншып кетті. Мен жауап ретінде басымды изеп, киімімді ауыстырып келейін деп, ас үйден шығып кеттім. Көз алдым бұлдырап барады. Шағын дәліз ұзақ болып, мен жатын бөлмеге әрең жеттім.
Біліп болмайтын жұмбағың көп, тағдыр, неткен сұм едің?! Бір болуды жазбапсың, не үшін жолықтырдың?
— Сенсіз өмір — мәнсіз екенін түсіндім, жаным! Маған мәңгі жар болуға келісесің бе? — деп әдемі сақинасы бар қобдишаны ұсынған Жомарт күлімдей қарады. Әрине, оған жар болу арманым еді, бірақ бір жағынан кешқұрым саябақта машина ішінде мұндай ұсыныс жасайды деп ойламағандықтан сасып қалсам да, қуанышымды жасыра алмай басымды шұлғи бердім.
— Әрине, әрине келісемін!
Ол мені құшақтай алды.
— Мен ертең ата-анама жетіп, саған құда түсірткіземін, сосын сені өзіммен Алматыға алып кетемін, деп ол мені ұзақ сүйді. Сол кеш өмірімдегі ерекше кештердің бірі болатын.
Жомарт алматылық жігіт еді. Екеуіміздің таныстығымыз да қызық — вокзалда Алматы — Астана пойызын күтіп отырғанда, «танысайық» деп жанымнан айналышықтап кетпей қойған еді, одан кейін жолсеріктермен келісіп, пойызға отырып алыпты. Бейтаныс қыз үшін осыншама әбігерге түскен жігіттің әрекеттері тұрпайы көрінгенімен, сол таныстық үлкен махаббатқа ұласқан болатын. Ол Алматыдан әдейілеп, апта сайынғы демалыстарда көлігімен Астанаға келіп тұратын. «Шаршайсың ғой осы апта келмей-ақ қойсаңшы» деген кездерімде, «сен мені сағынбаймысың?» деп жас балаша ренжіп қалатын.
Таңалакеуімде ол Алматыға жол жүріп кетті. Оның хабарын тағатсыздана күтіп мен қалдым. Бірақ ол хабарласпады. Шыдамым таусылып, телефон шалып едім, абонент байланыс аясынан тыс жерде дегеннен басқа жауап алмадым. Дей тұра, үмітімді үзбей телефонды бір сәтке де жанымнан алыстатпай ұзақ тосып жүрдім. Бірақ, арада бір ай өтсе де, Жомартымнан хабар ала алмадым. Тәуекелге бел буып, Алматыға өзім аттандым. Бір-бірімізді бір жылдан бері білсек те, ата-анасын, достарын танымағаныма өкіндім. Үйінің мекен-жайын арадағы әңгімеміз арқылы білетін едім, ұшақтан түскен бетте тұспалдап сол жерге бардым.
Жомарттың тұрмысы жақсы, бай-қуатты жанұяның перзенті болатын. Дарбаза алдында мені күзетші күтіп алды. Келген жайымды, аты-жөнімді сұрап алғаннан кейін «күте тұрыңыз» деп өзі ішке хабар берді. Жарты сағаттай уақыт өткен соң күтуші әйел келіп, соңымнан ер деген ишарамен мені үйге кіргізді де, өзі қайта шығып кетті. Екі қабатты үлкен үйдің кіреберіс дәлізінің ортасына аппақ диван қойылған екен. Мен зарығып күтіп жүрген Жомарт сонда отыр. Осыдан бір ай бұрын ғана бәрінен де ыстық, жаныма жақын жанның бүгінде түсі суық. Мені көріп, ол қабағын түйді. Мен әрі қарай аттай алмай орнымда тұрып қалдым.
— Айта бер! — деді ол бейне күнде көріп жүрген адамындай.
Аузыма сөз түспей, мен ұзақ тұрып қалдым. Үнсіздікті Жомарттың өзі бұзды.
— Перизат, сен мені текке іздеп келдің! Хабарласқым келсе, өзім ақ хабарласар едім… Яғни зауқым соқпағаны. Уақытыңды босқа кетірудің қажеті жоқ еді.
Көңілімде, жүрегімде орын алған үміт пен үрей аралас сол бір сезімді сөзбен жеткізу тіптен қиын болатын. Аман-есен көргеніме бір қуансам, мына сөзіне, әрекетіне ызаландым. Мен не дерімді білмей, оң қолымдағы сақинаны шешіп, жанына бардым да, диван алдында тұрған кішкентай үстелдің үстіне қойып, бар болғаны «мынаның қажеті қанша еді?» дедім.
Ол күлді. Бұрын оның күлкісін ұнататын едім, қазір мына орынсыз күлкі бетіме түкіргенмен бірдей көрінді.
— Мен айныдым. Қателік жасаппын! — деп ол мырс етті. — Бар айтарың осы болса, Қалима сені шығарып салсын,- деді ол бұрынғысынша суық қалпында.
— Қажеті жоқ. Өзім кете беремін, -деп кілт бұрылып, артыма қарамай шығып кеттім. Ол да орнынан тұрмады. Қош та демеді. Мен құсалықпен күн кешіп, ұзақ қайғырдым. Кейде екеуміздің кездескен күнімізге лағынет айтқан кездерім де болды. Кейіннен Медетті кездестірдім. Мен оны Жомартты сүйгендей сүйе алмадым, бірақ ол мені құлай сүйетін еді. Екеуміз шаңырақ көтердік. Екі айдан соң тұңғышымыз өмірге келмек. Бақытты едік, тағдыр тағы оны не үшін жолықтырды? Мен көзімнің жасын сүртіп, төсектің шетіне енді отырған едім, бөлмеге Медет кірді.
— Жаным, саған не болды? — деп, ол мені құшақтай алды.
— Ештеме! Әшейін, көңілім біртүрлі құлазып тұрғаны, — деп мен күйеуімді қатты құшақтадым. Оның шексіз махаббаты үшін құрметтейтін едім. — Айтпақшы қонағың қайда?
— А, Жомарт па? Асығыс бір істері шығып қалып, сонымен кетті. Негізі ол өте жақсы жігіт! — деп жолдасым арқама көрпе жапты.
— Жақсы?!
— Ия, өте тамаша жігіт! Папасы да алтын адам. Кейін таныстырамын ғой, — деді де күйеуім менің жаныма отырды, қолымды алды.
— Бұл жігіттің де кешпегені жоқ. Осыдан бірнеше жыл бұрын бұл бір қызға ғашық болған екен. Айтпақшы, сенің жерлесің, астаналық. Сөйтіп екеуі үйленбекші болады.
Күйеуім маған таныс әңгімені бастай жөнелді.
— Жаңағы қызға сақинасын сыйлап, құда түсемін деп кеткен кезінде, бұл бейбақ жол апатына ұрынады. Содан осылай екі аяқтан қалады, — деп Медет бір тоқтады. Жүрегім зу ете қалды. Басында басты кейіпкері мен ұқсаған әңгіме, енді мен білмейтін арнаға бұрылған тәрізді.
— Ал қыз ше? — дедім мен жолдасымның көзіне тіке қарай алмай.
— Қызда да, әрине, кінә жоқ. Ол сорлы бұны Астанадан іздеп келсе керек. Бірақ бұл қыздың тағдырын байлағысы келмей, мүгедек екенін білдіртпейді. Ебін тауып, қызды қуып шыққан көрінеді.
Тамағыма бірдеңке келіп, тіреліп қалғандай болды, көзімнен аққан жасты жолдасыма түсіндіре алмасымды біліп, мен оның құшағына тығылдым.
— Жаным, жаным сол! Көңілің онсызда құлазып тұрғанда бекер айттым ғой саған. Уайымдамашы, жақында сол қыздың тұрмыс құрғанын естіп, бұл да ес жинаған көрінеді. Әйтуір сол бақытты болып кетсе, мен де өмірімді өз өзіме кінә артпай жалғастыра беремін, деп шешіпті. Содан міне жұмысқа тұрды. Мен де оған барынша көмектесуге тырысамын, — деп ол алақанымен менің көз жасымды сүртті.
— Сен одан да айтшы, дәрігер біздің балапан туралы тағы не айтты?
Мен үндей алмадым.
Өйткені, енді ештеңе айта алмастай күйге түскен едім…
20.05.2014
Әрі қарай

Ұзақ өмір сүру. Ақсақалдың құпиясы.

Әдемі қартайып, ұзақ өмір кешу әр адамның арманы шығар. Кез-келген адамға барып осының құпясын айтып көрші десең «денсаулық мықты болуы керек» немесе «ауырмау керек» дейді. Қарап отырсақ екеуі де бір нәрсе айтып отыр. Яғни, денсаулығың мықты болса,
Әрі қарай

« Өмірге қайта келдім...! Ашаршылық зұлматы » (Әңгіме)

Блог - NurzhanKairatuly: « Өмірге қайта келдім...! Ашаршылық зұлматы » (Әңгіме)
Қашып келеміз… жоқ! Турасын айтқанда бас ауған жаққа босып келеміз. Арқадан соққан ызғар жел жүруімізге көмектесіп-ақ тұр. Сүйекті тесер суық күн қыстың жақындағанын аңғартуда. Жол бойы бірімізге біріміз жақ ашпадық. Бізіміз сол әкемнің інісі
Әрі қарай

Бата (Ремейк. Өткен мен болашақты жалғастырған бата)

Дастархан төрінде жетпіс төрт жастағы ата, шөккен денесіне шапан үлкен, етегі жерге тиер-тимес. Соны байқап шапанның екі жақ өңіріннен ұстап, анда-санда беліне қапсырып жинап қояды.
Ас, жеп-ішіліп болды дегенде қолын жайып:
-Үйдің кішісі қайда, бата сұрасын, -дегенде үлкендердің бірінің белгісімен үйдің кішісі дәл жанына жүгіріп келіп:
-Иллә әмин!, -деп қолын жайды.
Сол мезетте… Қас-қағым сәтке уақыт кері қарай, 61 жылға кері шегерілді.

Тракторшы және бала

Минск трактор зауытынан шыққан алғашқы трактордың моделі (МТЗ-5 Беларусь). Тракторға негізгі жүктелген қызмет жетектегі екі тісті соқамен жер жырту, қызметін жақсы атқару үшін құрастырушы және жобалаушы тарапына тракторға қырық аттың күшіне тең қозғалтқыш сыйлады.
Трактордың жетілген түрінде брезентті кабина орнатылды, әзірше трактордың жетілген түрі ауылға жеткен жоқ. Бірер жылдан соң ондай тракторлар ауылда көбейеді. Орталықтандырылған тракторды жөндейтін шеберхана, жанармай құю станциясы салынады. Әзірше жанармай темір бөшкелермен ауылға әкелінетін.
Тракторға техникалық қызмет көрсету тракторшының мойнында. Трактор жағатын жанар майды құйяды, механизмдерін майлайды, тозған немесе істен шыққан бөлшегін алмастырады. Сырт киімге мұнай өнімінің иісі сіңіп, тамшыларына бұлғанатын.
Тракторға қызмет көрсету өз алдында, оған отырып басқарып жүргізу рахатқа бөлемейді. Кабинасы жоқ тракторда жазда шыбын-шіркей маза бермейді, беті күнге күйеді. Тракторға тіркелген құрал, механизм жұмыс істегенде жан-жақта шөп –шалаң, шаң-тозаңды көптеп шашып ауаны ластап тракторшыны жылы күнде қымтанып киінуге мәжбүрлейтін. Басынан картоз-фуражкасы түспейді.
Дегенмен, тракторшының жұмысы ауылда ең құрметті мамандық қатарында. Тракторды басқарып, қызмет көрсетіп, оны жөндеу біліктінің ісі саналатын.
Гүрілдеп, тырққылдап трактор кешкі ауыл тыныштығын бұзды. Арық бозбала тракторшының қасында отыр. Үстінде мереке күндері киілетін ақ жейде, қара шалбар. Шашы тақырлап алынған.
Бала өскенде жүк көлікті немесе тракторды рулінен екі қолдап ұстап оны жүргізіп келе жатқанын талай рет елестетіп көрген.
Жайшылықта кез-келген бала тракторшының жолаушысы болу мәртебесіне бөленбейтін.
Жұмыстың ауырлығынан қажып, шаршаған, үсті кір тракторшыны елестету оңай шығар. Бірақ, баланы қасына алған тракторшы күш, қайрат, сән жарасқан жігіт ағасы. Сәнге сәйкес қыр мұрынына қанат бітіріп, толқыған бір қарыс шаш өсіріп оны маңдайына қайрыпты.
Тракторды жүргізіп шаршадым демей жұмыс аяқталған соң дала басындағы жұмыс киімін ауыстырып, жуынып-шайынғанға ерінбейтін. Өзі жуынбас бұрын тракторында жуып үлгеретін. Ылғида жаңа трактордай жайнап шығатын.

Бірер минут бұрын.

Құрдас балалардан қандайда бір ерекшелігімен көзге түспеген бозбаланы аяқ астынан жақын –жақпай туыстары емес, ауылдың сыйлы ақсақалы қонаққа шақырыпты. Ақсақалдың кенже ұлы тракторына отырып әкесінің қонағын алып кетуге барған. Баланың анасы ақсақалдың үй-ішін сыртынан білетін.
Ақсақал және үлкен ұлы соғыстан аман-есен оралыпты. Ақсақал соғыста ерлікті мол жасағанын жеңіс мейрамында кеудесіне тағып шығатын медальдерінен белгілі. Қандай ерлігі үшін қандай медалін алғанын, соғыста не көргенін тісінен жарып шығармайтын. Үлкен ұлы соғыстан оралған соң жеке үй тұрғызып үйленген. Қазір ағаш ұстасы. Олда әкесі секілді. Соғыста көрген, білген жайттары жайлы тіс жармайды. Бір үйден екі еркек соғысқа кетіп оралғаны сирек. Анасы:
-Ақсақалдың бағын берсін,-деп ырымдап баласын мерекелік киіміне киіндіріп қонаққа шығарып салды. Неліктен баласын қонаққа шақырды, тағыда неліктен деген сұрақтар көмейінде тұрғанмен ештеңе демеді. Ешнәрсе текке жасалмайды, бір оңды шешімі бар.

Қонақты күту.

Қонақты күтуге үй іші әзір, дастархан жасалған. Қараңғыдан үйдің босағасын аттап кіргенде жарық электр жарығы баланың көзін ашытып еріксіз жұмдырды. Көзі жарыққа үйренген әулет мүшелері -ұлдары, немерелері, келіндері дастархан басында бас қосқанын көрді.
Бүгінгі кеште әулеттің жалғыз қонағы. Балалығымен жалғыз қонақ болғанын байқамады.
Төрде отырған ақсақалдың қасына төрлетіп отырғызды. Бала өзін ыңғайсыз сезінді. Оның орыны төменде отырған немерелердің жанында.
Табаққа салынған ас қойылды, асқа бата берілді. Күнделікті отбасының машығы бойынша бір адамдай тамақтануға кірісті. Әкесі анда-санда ұлдарынан күн қалай өткенін, қандай шаруа бітіргенін сұрастырып қояды, ұлдары болса қысқа жауап қайырады. Кеш өз кезегімен өте берді. Қонақты шығарып салғанға уақыт келді.
Үстел басынан тұрмас бұрын, ақсақал, қонақ баланы орнынан тұрғызып:
-Аштықты, соғысты өткердік. Бейбітшілік заман орнады. Дастарханда ақ нан. Заман, жылға қарап ауыспайды, адамның ісімен ауысады. Жаңа заманның қарқынды құрылысы басталды. Заман ауысқан шақ, мына бала жаңа заманда жол бастайды, сендер бұның артынан еруге жарайсыңдар, -деп қонағына қаратып қол жайып, бата берді:
-Алдыңнан күн, артыңнан ай тусын!
Жол бастағанда жолың болсын!
Бастаған ісің оңды болсын!
Жамандыққа бассаң, аяғыңда тұсау болсын!
Жасаған жасын жүз болсын! Әумин, -деп жайған алақандарын бетіне тосып, сипады.

Бүгінгі күні.

Батаны естіген бала бүгінде егде тартқан. Қала тұрғыны. Бала кезіндегі арманына сай жүк көлікті, тракторды жүргізбеседе, соншалықты қажет маңызды жұмысты атқарды. Зуыттың конструкторлық бөлімде жобалаушы қызметін атқарды. Бүгінгі күні бір-біріне босағасы тиіп, көп қабатты үйдің бір қабатта көрші орналасқан пәтерде шағын отбасылық қуаныш аталып өтуде. Атаны қуанышмен бөліскенге көршісі қонаққа шақырыпты. Отбасының кенжесі әліппемен қоштасыпты.
Дастархан басынан қонақтар тұрып тарқайтын кезде қуашыш себепкерін, ата қасына шақырып батасын берді. Одан кейін баланы өзіне жақын тартып маңдайынан сүйіп көзіне қарап:
-Жаман не екенің білесің бе? Жақсы не екенің білесің бе?, -деп сұрады. Бала атадан ұялып тұр. Қайсы заманда болмасын бала аты бала ғой. Дауыстап жауап бермесе де бірнеше рет басын төмен және жоғары көтеріп шұлғып жаманды және жақсыны ажыратынын білдіртті. Ата әрі қарай қонақтарға және балаға көңіл бөлетіндей қырындап отырып:
-Байқасам, мына отырған атаңның басынан талай оқиғалар өтіпті. Жақсылыққа жолым болып, пендеге жамандық жасауға ыңғайым болмапты. Мына құлақ, бала кезден мол жақсы тілекті естіпті. Жақсы сөз жарым ырыс -деген мақалдың мағынасын түсінбегенмін, өмір түсіндірді -деп. Балаға қарап:
-Естіген жақсы тілектер мына құлақ түбінде жүрсін, айтылған жақсы тілектерді ұмытпа, сонда жүрегін өмірде өз жолыңды тапқызады. Ісіңмен өз заманыңды жасайсың. Анаң-әкең, мына алдыңда отырған атаң күткеніндей-деп балаға арнаған тілегін аяқтады. Бала болса, балалығымен басымен шұлғи берді.
Әрі қарай

Екі жылға созылған екі күн

Блог - AidaMuntiyeva: Екі жылға созылған екі күн
Орыс тілі сабағы. Қоңыраудың соққанына бес минуттай болды. Кабинетке апайымыз кіріп келді(екі күндік іс-сапардан келген). Әрқашан сұлу, өзіне жарасымды киімін киіп, ерекше күтіммен, тіпті шаш үлгісін де жоғарғы талғаммен жасайтындығына үйреніп қалған біз оның бүгінгі күйіне үйренісе алмай-ақ қойдық. Апайымыз бұны байқаса керек, орнына жайғасып отырып алды да, күліп жіберді. Оқиғаның мән-жайын білмей, жалтаң-жалтаң етіп біз отырмыз. Екі-ақ күннің ішінде басымнан не өткені, үш ұйықтасаңдар да түстеріңе кірмес...-деді. Біз болсақ, не болды екен?-деп одан әрі қызыға түстік. Апайымыз сәл жымиып, әңгімесін бастап кетті.

Осыдан екі күн бұрын, ақпанның төрті. Қасымда екі әріптесім бар, үшеуміз Орал вокзалында поезд күтіп отырмыз. Ертең Астана қаласында өте маңызды семинар. Міне, поезд да келіп тоқтады. Екі әріптесім мініп кетті, билеттерімді көрсетіп мен де соңдарынан шапшаң мінейін деп жатсам, тексеруші құжаттарымды көрсетуімді сұрады. Мүлде есімнен шығып кетіпті, құдды поезға алғаш мініп отырғандаймын! Киім және тамақтар салынған үлкен сөмкеден басқа, бөлек тұрған кішкене сөмкемді ашып ішінен құжатымды іздей жөнелдім. Құжат жоқ! Киім мен тамақ салынған үлкен сөмкеде жоқ екенін білсем де, ашып тастап ақтарып жатырмын. Бұл сөмкеде де жоқ. Сенесіз бе? ЖОҚ! Енді не істемекпін?! Телефонымды алып, жұбайыма қоңырау шалдым. Құжат үйде де жоқ екен…

Проводникке барып оқиғаны баяндап бердім, не десем де көндіре алмадым, құжатсыз кіргізе алмайтындығын, тіпті кіргізген күннің өзінде ең бірінші тексеруде-ақ поездан тексерушілер түсіріп кететіндігін айтты. Кенет проводниктің алдында отырып алып жылай жөнелдім, өзге еш нәрсе ойыма келер емес(Елестетіп көріңіз жасы отызға келіп қалған әйел… Әлгі кісінің түрін көрсеңіз… ) Алғашында проводникті көндіру үшін жасағанмын, бұл әрекетімнен еш нәрсе шықпайтындығын, жағдайымның қиын екендігін түсінгеннен кейін одан әрі жылай түстім. Бұл- көзімнен парлап аққан шынайы жас еді.

Поезд жүріп кетті, сөмкелерімді құшақтап, он минуттай отырдым. Одан кейін өз-өзімді жинақтап, әріптестеріме қоңырау шалып, поездан қалып қойғанымды, бірақ ертеңге дейін міндетті түрде жететіндігімді айттым. Тұтқаны қойғаннан соң сіңіліме қоңырау шалып, өзінің құжатын әкелуді сұрадым. Құжатты салып алып, Оралдан Ақтөбеге дейін баратын автобусқа жаңағы сіңілімнің құжатымен билет алдым. Ақтөбеден түсіп, тек Қостанайға дейін апаратын такси таптым. Қостанайға жеттім, енді Қостанайдан Астанаға бару ғана қалып еді, осы кезде, қалтамдағы қырық мың теңге бітіп қалды.

Түңгі сағат екі, Қостанайдамын. Ақпанның сары аязы. Жалғыз өзім. Бейтаныс орта. Кеше үйден шыққаннан кейін тамақ ішкен емеспін. Ақтөбеге келе жатқанда, автобустың ыстығынан болса керек, барлық тамақ бұзылып, ашып кеткен, содан лақтырып тастағанмын… Іздеп жүріп Астанаға дейін баратын такси тауып алдым. Бірақ жүргізушіге ақшам жоқ екендігін айтпаған едім. Жер көк тайғақ, машина әзер дегенде жүріп келе жатыр. Құдайдан аман есен жетсем екен деп тілеп отырмын. Анам қоңырау шалды, телефонның ар жағында меннен бетер уайымдап, жылап жатыр. Өзім дірілдеп отырсам да, анамды жұбатып телефон тұтқасын қойдым. Қорыққаным сонша, ұйқыны да ұмыттым.

Кенет он жыл бұрын бірге оқыған құрбымның Астанада тұратындығы есіме түсе кетті. Түннің беу уағында, таныстарымның бәрін аяқтарынан тік тұрғызып, қоңырау шалып, әлгі құрбымның мекен-жайын іздестіріп, тауып алдым. Таңғы сағат жеті, мекен жай бойынша келіп тоқтадық. Есікті қағып, тіпті табалдырықты аттамастан “Айнұр, маған дереу жетпіс мың теңге керек,”-дедім. Елестетіп көріңіз, он жыл бұрын оқыған сыныптасыңыз, таң атпай кіріп келіп, жетпіс мың теңге сұраса берер ме едіңіз? Әй, қайдам! Айнұрдың жолдасы маған сенімсіздікпен қарады, әйеліне “Бұл кім өзі? Неге ақша сұрап тұр?”-деп сұрақтарды төндіріп жатыр. Семинардың басталуына тек қырық минут қалды. Айнұрдың қолын ұстап алып, ақша дереу керек екендігін, кейін қайтарып беретіндігімді айтып жалынып-жалбарынып сұрап алдым. Он минуттың ішінде таранып, бетімді әрлеп, көйлегімді киіп бөлмеден шықтым. Айнұрдың жұбайының көзі шарасынан шыға жаздады. Құдды күлбикенің ханшайымға айналғандына куә болғандай. Үйден тез-тез шығып, таксиге мініп сағат жетіден елу тоғыз кеткенде орнымда болдым! Сол кездегі менің ішкі сезімімді білсеңіздер, шіркін! Өмірге қайта келгендей болдым… Міне, екі жылға созылған екі күннен кейін, үйіме оралып, тоңазытқыштағы бар тамақты жеп, тіпті душ қабылдауға шамам жетпей бір тәулік бойы қозғалмастан ұйықтап, бүгін таңғы жетіде тұрып алдарыңызға келіп отырмын ,-деп шытырманға толы әңгімесін аяқтайды.

Менің бір түсінгенім, әр іске ұқыптылықпен, үлкен жауапкершілікпен қарағанымыз жөн. Қандай жағдай болмасын үміт үзбеуіміз керек. Өйткені, кез-келген мәселенің шешімі бары сөзсіз. Бойымыздағы сенім мен жанарымыздағы үміт оты ғана бізді биікке жетелемек!
Әрі қарай

Сыр сұлуы! (ақсақалдың әңгімесі)

Бала кезімнен бері үлкендердің әңгімелерін естігенді жақсы көретінмін. Әсіресе тарихи әңгімелерін. Бұл оқиға да сол тойдан кейін, сол ақсақалдың әңгімесі.
«Жылжиды аққу» тағы да басқа әңгімелердің шет жағасын естігеннен кейін мен де ақсақалға жармастым. Жолымыз бір екен таксиге бірге отырдым. Сол өте шыққан жиырма шақты минуттың ішінде әңгіме айтқанды жақсы көретін ата Шәмші Қалдаяқовтың «Сыр сұлуы» әні туралы бір оқиғаны айтып берді.
Күндердің күнінде Шәмші ағамыздың досы үйіне келіп әңгіме барысында «Сырдан да жаны ерке, тістері күріштен де аппақ, жігіттердің барлығы әніне қосатын, Сыр бойы түгел мақтап жататын Саған шабыт әкелген Сырдың құпия сұлуы кім? Қашан көрсетесің?» деген екен. Шәкең де көп ойланбастан «Қатты көргің келген болса осындай күні келеді. Күтіп алуға менімен жүр» депті. Уақыт өте келе Шәмші аға қасына досын ертіп вокзалға келеді. Досы шыдамсыздықпен көзіне іліккен әдемі қыздардың барлығын нұсқап «осы қыз ба?» деп сұрай берген екен. Бір уақытта вогоннан түскен сұлулардың соңынан денелі, еркек шора әйел адам түсіпті. Шәмші досына қарап «Мені сағындарған Сыр сұлуы осы» деген екен. Көзіне басқаша елестеткен досы Шәмшіге ренішті көзбен қарап «Мына әйелдің қай жерін ұнаттың?» депті. Сонда Шәкең: «Досым, Сен менің әнімді түсінбеген екенсің? Оның тәні емес жаны сұлу! Қасыңа келіп сәлемдескенен бастап жанының сұлулығына ғашық боласың» депті.
Тәннің ғана сұлулығына сүйсінбей, Жанның да сұлулығын көре білейік!

Қайран сол Сыр сұлуы қайдасың?!
Әрі қарай

"Азғын" қиялды қоздырудың алты амалы (эстафета)

Шешендер сайысы: Азғын қиялды қоздырудың алты амалы (эстафета)
Бізде тұрақты әңгіме жазып жүрген адам өзін біраздан соң априори «таланттымын» деп есептей бастайтын сияқты. Жалпы, ақын, жазушы біткен бірден өзін құдайдан ерек туған уникум деңгейінде қабылданатынына көзім үйреніп кетті. Ал батыста, қалам тербеушілерге кәдімгі даяшы немесе шаштаразға қарағандай қарайды екен. Бәлкім, бұл да стереотип шығар. Бірақ, қиялды түртпектейтін жаттығулардың, тіпті арнайы жазушылық қабілет дарытатын сабақтардың болуы — соның дәлелі.
Мен өзім адамда қиял өрбіту қасиеті әу бастан жоқ болса, оның кенет талантты болып кетуіне ешқандай курс та, жаттығу да көмектеспейтініне көзім жетті. Дегенмен, титімдей ғана ұшқын болса, оны әр-алуан өмірлік тәжірибе арқылы һәм қатемен жұмыс арқылы біршама тартымды дәрежеге жеткізуге болатынын да көріп жүрмін.
Әрі қарай

Islam.kz сайты шағын әңгімелерге бәйге жариялайды

Құрметті қаламгерлер!

Islam.kz порталы жазушылар арасында шағын әңгімелерге шығармашылық байқау жариялайды. Әдебиет – ар мен адамгершілік, иман мен ізгілік құралы, бүгінгі күннің айнасы. Ыбырай Алтынсарин, Бейімбет Майлиндер секілді шағын әңгіме жазудың шеберлері өз заманының ащы шындығын, қатпар-қатпар көрінісін көркемсөзбен төгілте суреттеген болатын. Бүгінгі күннің бейнесі де қазіргі жазушыларымыздың қаламынан туып, әңгімеге арқау болып жатса құба-құп. Бәйгеге түсер шағын әңгіме аз сөзбен көп ой айтса, қазақы мінезді сомдаса, ататанымымызды өзек етсе, жастардың жігерін жанып, жан дүниесін адамгершілікке баулыса, елін, жерін, дінін, ділін сүюге үндесе, жаманшылықтан жирентсе, тіпті қоғамда көрініс тауып жүрген қате діни түсініктерді түзесе деген үмітіміз бар. Әңгіме мазмұнының тікелей діни сарында болуы шарт емес. Өмірден алынған, ғибратты оқиға желісімен жазылған, тіпті қиялдан қиылған ақиқатқа айна болатын көркем әдеби дүниелерді күтеміз.

Бас жүлде – 300 000 теңге

Толығырақ...
Әрі қарай

Эйзенхайм Нұршайықов. "Махаббат, қыз һәм лох тұлпар"

Мен тып-тыныш, ешкімге тимей, өз шаруамды ыңғайлап, шөп жеп жүрген едім.
Менде бір керемет сюжет бар...: Эйзенхайм Нұршайықов. Махаббат, қыз һәм лох тұлпар

Кенет, ол көрінді. Меңтай.
Менде бір керемет сюжет бар...: Эйзенхайм Нұршайықов. Махаббат, қыз һәм лох тұлпар

Көрдім де қойдым. «Меңтай болсаң, қайтейін».
Менде бір керемет сюжет бар...: Эйзенхайм Нұршайықов. Махаббат, қыз һәм лох тұлпар

Меңтай құлағыма жылы сөздерді айтып, назарымды аударып алды.

Менде бір керемет сюжет бар...: Эйзенхайм Нұршайықов. Махаббат, қыз һәм лох тұлпар

Сосын арқама мініп алды. Толқып кеттім. Дегенмен, сыр бермедім.
Менде бір керемет сюжет бар...: Эйзенхайм Нұршайықов. Махаббат, қыз һәм лох тұлпар

Тек еңкейіп, жалымнан сипағанда, қатты толқығаным білініп, сезімімді жасыра алмайтын күйге жеттім.
Менде бір керемет сюжет бар...: Эйзенхайм Нұршайықов. Махаббат, қыз һәм лох тұлпар

Бірақ екеумізге бір болу жазбаған екен. Меңтай басымды айналдырып, жүрегімді жаралап, мені басқа жігіт үшін тастап кете барды.
Менде бір керемет сюжет бар...: Эйзенхайм Нұршайықов. Махаббат, қыз һәм лох тұлпар

Меңтай, жаным, оралшы маған. Иә, онда 75 аттың күші бар, бірақ оның менікіндей жүрегі жоқ ғой

Менде бір керемет сюжет бар...: Эйзенхайм Нұршайықов. Махаббат, қыз һәм лох тұлпар
Әрі қарай

Ергеш Хемингуей. "Арақ іздеген төртеу"

Менде бір керемет сюжет бар...: Ергеш Хемингуей. Арақ іздеген төртеу

Преәлгібула
— Осы арақ сусынға жата ма? Әйтпесе, менде бір керемет сюжет бар еді, — деді Ергеш, «Тассайдан» ұрттап қойып.
— Алкогольді сусынға жататын шығар? — дедім.
Ергеш жүресінен отырды да:
— Онда диктофоныңды қос! — деді.
Әрі қарай