« Өмірге қайта келдім...! Ашаршылық зұлматы » (Әңгіме)
Қашып келеміз… жоқ! Турасын айтқанда бас ауған жаққа босып келеміз. Арқадан соққан ызғар жел жүруімізге көмектесіп-ақ тұр. Сүйекті тесер суық күн қыстың жақындағанын аңғартуда. Жол бойы бірімізге біріміз жақ ашпадық. Бізіміз сол әкемнің інісі Жолшыбай көке екеуміз.
* * *
«Аштан өліп үйлері молаға айналған ағайын, ауқат таппай жауыз болған замандастар, патша жарлығымен кілең жақсылардың қудалануы» ауылымызды тас — талқан етті. Аштан өлгендердің саны күн санап артты. Бір — бірінен қорыққан халық үйлерінен ешқайда шықпай тыққанын жеп күнелтті. Бұл зұлматтың алдында біздің әулет елге сыйлы, шаруға жайлы болатын.
Осынау қасірет шақта ішегі шұбартылған бірнеше топ үй — үйді тінтіп, тіпті тірі адам жеуге көшті. Енді өзге жерден пана іздемек керек. Анадан, туған бауырдан айырылған түні-ақ Жолшыбай көкем мені өзімен ертіп кетті. — Қайда барамыз?-, деген сұрағыма көкемнің: — «Оңтүстікке» деген жауабынан артық сөз қозғалмаған, міне содан бері Жолшыбай көкенің жандамын.
* * *
Айнала өлі тыныштық, тек көкем екеуміз жүрген дыбыс пен жел дыбысы. Сүйретіліп келе жатқанымызға тұп — тура екі күн. Күн ұясына батқан соң аялдап дорбадағы кесек етті талғажау етуге көштік. Ненің еті екенін де шаруам жоқ, қарын өте аш, керек десеңіз көкем «адамның еті» десе де ләм демес едім. Жылап жібердім, ес білгелі жылап отырып ет жеуім алғаш рет. Ішіме бірдеңе барғандай болды...қалғып кетіппін, ояна қарасам суықтан денем дірілдеп, қолдарым ұйып, бетім ашып тұр, қайта көкемнің ірілі — ұсақты ағаш бұтақтарының үстіне жатқызғаны қандай жақсы болған. Түн ортасы болса керек, әлі, ақ пен қараны айырар сәт емес. Ішім ішіме жабысып тұр, аштықтан дұрыс ұйықтай алмасам керек, көкемнің бас жағындағы қоржынға көзім түсті, дереу ақтара қойып едім қара судан өзге ештеме табылмады. Ертесі қайта жолға шықтық, жазық даланы бойлап бір күн — бір түн жүрдік. Алдымыздан мекен түгілі, тірі жан кездесер емес. Бүгін тамақтан бірдеме өтпесе жолда өлетініміз анық. Аяқ басуға күш қалмады, тек көкемнің аштықтан өзіме тарпа бас салардай қарауы, бірнеше қадам алда болума жігер беріп тұр. Артыма көп қарап келемін, көкем қуалап келе жатқандай көрінеді, бірақ елу көктем көрген көкема қарағанда мен жаспын, тыңмын. Артыма бір қарағынымда Жолшыбай көкемнің жерде жатқанын көрдім, дәрмені қалмады бейшараның, сонда да жанына барып қолтығынан демеуге қорықтым да іштей қоштасып, жүрген жолыммен тарта бердім. Бар әлімді жинап ұзақ жүрдім, бірде көзім қарауытып, енді бірде аяғым басудан қалды.
Сол-ақ екен сүйірден қырды көзім шалды. Не де болса сонда жетуді ойладым. Тап мезетте аспаннан алғашқы қар жауа бастады, апам маған үнемі алғашқы қар жапқанда дүниеге келгенімді айтып отыратын, бұл менің он жетінші қысым...! Еңбектеп жүріп қырға көтерілдім, арғы жағындағы көрініс: «төрт — бес үйдің жарығы, түтіндерінің түзу шығуы», өмір үшін күресім текке емес екенін ұқтырды. Мен өмірге қайта келдім...!
Нұржан Қайратұлы
1 пікір