Стивен Кинг. «Темекіні тастаңыз» корпорациясы

Аударма: Стивен Кинг. «Темекіні тастаңыз» корпорациясы
Бұл әңгімені мен «Алтын көпір» байқауына арнап аударған едім. Бірақ материалымды қабылдамады, көлемі кішкентай екен. Құр жатқанша, оқи отырыңыздар. Сөге жамандамаңыздар.

* * *
Кеннеди әуежайындағы барда күтпеген жерден тоқайласып қалды.
— Джимми? Джимми Маккэнн?
Екеуінің Атланта көрмесіндегі соңғы кездесуінен бері қанша уақыт өтті десеңізші! Джимми сәл толғаны болмаса, тамаша күйде екен.
— Дик Моррисон?
— Дәл өзі. Құлпырып кетіпсің ғой. – Екеуі қол алысты.
— Өзіңе қарап ал, — деді Маккэнн, алайда Моррисон мұның өтірік екенін білетін. Тынымсыз жұмыс, талғамай тамақ ішу және бұрқыратып темекі шегу мұның «құлпыруына» жол бермейтін-ді.
— Біреуді күтіп алуға келдің бе, Джимми?
— Жоқ. Майамиге жиналысқа кетіп бара жатырмын.
— Әлі «Крэгер және Бартондасың» ба?
— Иә, қазір вице-президентпін.
— Мәссаған! Құтты болсын ал! Қашаннан бері? – Моррисон ішінің бүре жөнелгені қызғаныштан болмасы игі еді деп ойлады.
— Тамыздан бастап. Оның алдында өмірімде үлкен өзгерістер болды. Саған да қызық болуы мүмкін.
— Әрине, қызық.
— Күйім күй болмай кеткен еді сол кезде, — Маккэн әңгімесін бастады. – Әйеліммен күнде ұрсысамын, әкем жүректен кетті, кеудемді бір ауыр жөтел буып алды. Сөйтіп жүргенде кабинетіме Бобби Крэгер кіріп келді де, дәл бір әкем секілді менімен әңгіме соқты. Сол әдеті есіңде ме?
— Енді ше! – Моррисон Крэгер мен Бартонда бір жарым жыл істеп, кейін «Мортон» агенттігіне ауысып кеткен болатын. – «Не есіңді жи, не қараңды батыр» деуші еді жарықтық.
Макэнн күліп жіберді.
— Білесің ғой. Дәрігер маған «темекіні таста, асқазаныңда жара пайда болыпты» деген. Бұл мен үшін «ауа жұтпа» деумен бірдей еді.
Моррисон қолындағы темекісіне жиіркене қарады да, жаңасын тұтататынын біліп тұрса да, мыжғылап өшіріп тастады.
— Содан қойып кеттің бе?
— Иә. Басында әй, қоя алмаймын-ау деп ойлағам, ыңғайы келсе бітті, тығылып темекі тартып алатынмын. Кейін маған Қырық алтыншы көшедегі корпорация туралы айтып берген жігітті жолықтырдым. Нағыз өз ісінің шеберлері. Әбден торығып, ашынып жүрген соң, соларға бардым. Содан бері темекі тартпаймын.
— Дәрі-дәрмек тықпалаған шығар?
— Жоқ, – Маккэнн әмиянын шығарып, ақтара бастады. – Мә. Жанымда жүруші еді.
Ол бар үстеліне визит карточкасын қойды.

«ТЕМЕКІНІ ТАСТАҢЫЗ»
К О Р П О Р А Ц И Я С Ы

Тоқтаңыз! Денсаулығыңыз темекі түтінімен бірге құрып бара жатыр!
237 Ист, Қырық алтыншы көше
Алдын-ала келісім бойынша емдеу

— Керек пе, ал, — деді Маккэнн. – Емдеп шығарады. Құдай ақы.
— Қалай сонда?
— Айта алмаймын, келісім-шарттың бұл туралы жариялауға тыйым салатын тұсы бар. Бірінші барғаныңда өздері бәрін түсіндіреді. Бұлардың қызметіне жүгінгендердің тоқсан сегіз пайызы темекіні тастайды.
— Қойғалы бері толып кеткен шығарсың? – Моррисон мына сұрағынан кейін Джимми Маккэннің түрі бұзылып кеткенін байқап қалды.
— Иә, қатты толып кеттім. Кейін салмақ тастадым ғой.
— Екі жүз алтыншы рейс, — деп хабарлады әуежай қызметі.
— Менің рейсім, — Маккэнн орнынан тұрды. – Ойлан, Дик.
Ол қалың нөпірді бұзып-жарып, эскалаторға беттеді. Моррисон карточканы аударып-төңкеріп біраз қарап, әмиянына салып қойды. Сол күйі ұмытып кетті.

***

Бір айдан кейін карточка басқа бір барда отырған Моррисонның әмиянынан сырғып түсті. Бұл кезде Диктің жұмысында қиындықтар пайда болып, жағдайы онша болмай жүрген-ді. Жә, ашығын айтқанда, мүлдем қиналып қалған болатын. Моррисон карточкадағы мекенжайды тағы бір рет оқып шықты: корпорация бұл отырған жерден екі-ақ квартал жерде екен. Қазанның аспаны ашық, салқындау күні еді. Бәлкім, ермек үшін… көрсе қайтеді…

***

«Темекіні тастаңыз» корпорациясы бір кабинетті жалға алу ақысы Моррисонның жылдық жалақысына тең жаңа ғимаратта орналасқан болып шықты. Вестибюльдегі жазудан «Темекіні тастасаңыздың» бүтіндей бір қабатты алып жатқанын, сәйкесінше олардың бай екенін, ақшаларының көп екенін түсінді.
Лифтпен көтерілді. Талғаммен жабдықталған қабылдау бөлмесінде хатшы отыр екен.
— Бір досым маған мына визит карточкасын беріп еді. Сіздерді мақтап қоймады.
Хатшы жымиды да, жазу машинасына анкетаны салды.
— Есіміңіз, тегіңіз? Мекенжайыңыз? Үйленгенсіз бе?
— Иә.
— Балаларыңыз бар ма?
— Бір балам бар. – Элвинді ойлап еді, қабағы түсіп кетті. Баласының ақыл-есі кемдеу болатын және Нью-Джерсидегі арнайы мектеп-интернатта оқитын.
— Мұндай келуге кім кеңес берді, мистер Моррисон?
— Джеймс Маккэнн. Бірге оқып едік.
— Отыра тұруыңызды өтінемін. Бүгін бізде адам көп.
Дик көгілдір костюм киген әйел мен твид пиджакты жас жігіттің ортасына отырды. Қалтасынан темекісін шығарды, бірақ, күлсалғыштың жоқ екенін байқап, қайтадан салды. Ұзақ күттірсе мына қымбат қоңыр кілемдерін күлмен былғауға болатын шығар деп бір сәт ойлап қойды.
Мұны көгілдір костюм киген әйелден соң он бес минуттан кейін шақырды. Бір қарағанда жасанды-ау деп қалатын әппақ шашы бар дембелше келген ер адам сыпайы түрде мұның қолын алды да:
— Маған еріңіз, мистер Моррисон, — деді.
Екеуі дәлізбен өтіп, әлдебір жабық есіктің алдына тоқтады. Корпорация қызметкері оны өз кілтімен ашты. Бөлменің ішінде үстел мен екі орындықтан басқа басы артық ештеңе жоқ екен. Бір қабырғада жасыл перде тұтылған шағын терезе бар. Моррисонның сол жағындағы қабырғада бір жапырақ қағаз ұстаған ақ шашты ер адам суреті ілінген. Түрі бұған таныс көрінді.
— Менің атым Вик Донатти, — деді мұны ертіп келген адам. – Егер біздің курстан өтемін деп келіссеңіз, мен сізбен жұмыс істейтін боламын.
— Танысқаныма қуаныштымын. – Моррисонның темекі тартқысы келіп тұрған-ды.
— Отырыңыз.
Донатти үстелге хатшы толтырған анкетаны қойды да, тартпадан жаңасын алды:
— Шынымен темекіні қойғыңыз келе ме?
Моррисон жөтеліп, аяғын аяғына лақтырды.
— Иә.
— Мына қағазға қол қойыңыз. – Донатти бұған бланк ұсынды. Дик бір жүгіріп өтті: қағазда қол қойғандарға корпорация әдісі туралы басқа біреуге хабарлауға тыйым салынады деген секілді шарттар бар екен.
Моррисон фамилиясын қалдырды.
— Тамаша, — деді Донатти. – Біз бұл жерде артық сөзбен басыңызды қатырмаймыз, Моррисон мырза. Темекіні не себепті қойғыңыз келетіні де бізге бәрібір. Біз істің адамымыз, дәрі-дәрмек іш деп те тықақтамаймыз. Ерекше диетаға отырудың да қажеті жоқ. Ақшаны темекісіз бір жылды өткізген соң барып төлейсіз. Айтпақшы, Маккэнн мырзаның жайы қалай екен? Бәрі дұрыс па?
— Иә.
— Керемет. Ал қазір… бірнеше сұрақ қойсам, Моррисон мырза. Әрине, айтқаныңыздың бәрі құпия болып қалады. Әйеліңіздің аты кім?
— Люсинда Моррисон. Тұрмысқа дейін Люсинда Рэмзи болған.
— Сіз оны жақсы көресіз бе?
— Иә, әрине.
— Ұрсысқан кезіңіз болды ма? Бөлек тұрдыңыздар ма?
— Мұның темекі тастауыма не қатысы бар?
— Қатысы бар. Сұрақтарыма жауап беріңіз.
— Жоқ, болған емес ондай. – Моррисон әйелі екеуі қарым-қатынасының соңғы кезде бұзылып бара жатқанын айтпай, ішінен тынды.
— Бір балаңыз бар ғой?
— Иә. Аты Элвин, жекеменшік мектепте оқиды.
— Қандай?
— Мұны айтпаймын, — деді Моррисон түнеріп.
— Жарайды, — Донатти оп-оңай келісе кетті де, жымия салды. – Ертең курстың бірінші сеансында кездесеміз. Барлық сұрақтарыңызға сол кезде жауап беремін. Бүгін темекі тартсаңыз болады. Ал ертеңнен бастап мүлдем қоясыз. Бұған кепілдік береміз.

***

Келесі күні тура сағат үщте Донатти Моррисонды күтіп алып, қолын алды да, суық жымиды.
— Сізді көргеніме қуаныштымын. Көп адам алғашқы әңгімеден кейін жоғалып кетеді. Сізбен жұмыс жүргізу бір ғанибет болатын болды. Темекіңіз бар ма?
— Иә.
— Маған беріңіз.
Моррисон иығын қиқаң еткізді де темекі қорабын Донаттиге берді. Бәрібір, ішінде екі-үш шылым ғана қалған болатын.
Донатти қорапты үстелге қойып, жұдырығымен тоқпақтай бастады. Бөлменің іші дүңкілге толып кетті. Ақыры ол парша-паршасы шыққан қорапты алып, қоқысқа тастай салды.
— Бұл жұмысыма үш жыл болды. Қандай рахат алатынымды білсеңіз етті.
— Астында темекі сататын дүкен бар ғой, сол жақтан сатып алып, қанша түйгіштеймін десеңіз де өз еркіңізде емес пе? — деді Моррисон.
— Оныңыз рас. Ұлыңыз Элвин Доус Моррисон ақыл-есі кем балаларға арналған Пэтерсон мектебінде оқиды. Тумысынан миында зақым бар, емнен еш қайыр-үміт жоқ. Ал әйеліңіз…
— Мұны қайдан біліп алдыңыздар? – Моррисон алақтап кетті. – Қандай құқықтарыңыз бар…
— Сіз туралы көп дүние білеміз, бірақ, уәде еткенімдей, бәрі құпия болып қалады.
— Мен кеттім, — Моррисон дауысын әрең шығарды да, орнынан тұрды.
— Аз ғана отыра тұрсаңыз.
Моррисон анықтап, бажайлап қарады. Донаттидің беті былқ еткен жоқ. Тіпті, мына болып жатқан жайттың бәрі бұған қызық сияқты, осыған дейін жүздеген рет көрген секілді.
— Ем курсы туралы түсіндіріп беріңізші, — деп сұрады Моррисон.
— Қазір. Мына жерге келесіз бе? – Донатти орнынан көтеріліп, кеше бұл көрген жасыл пердені ысырды. Тік төртбұрышты терезенің ар жағында бос бөлме. Бос болғанда… еденде әлдебір қоян нан жеп жатыр екен.
— Әдемі қоян, — деді Моррисон.
— Сөз бар ма? Көз алмаңыз.
Донатти әлдебір батырманы басып тұрып алды. Сол-ақ екен қоян тамағын тастай салып, жанұшыра секеңдей жөнелді. Еденге аяғы тиген сайын, көзі алайып, арқа жүні тікірейіп, барынша жоғары секіруге ұмтылады.
— Тоқтаңыз! Өлтіресіз ғой!
Донатти батырманы жіберді.
— Жоға, о не дегеніңіз, бұл әлсіз заряд қой. Сіз одан да қоянға мән беріңіз. Жем жеуге кіріскенде тоқпен ұрып отырсаң, ол тамақ – ауру деген байланысты мықтап жаттап алады. Бірнеше рет қайталасаң, нан толы табақтың жанында жатып аштан өлер еді.
Моррисон бәрін түсінді. Түсінді де есікке беттеді.
— Жо-жоқ, керек емес, үлкен рахмет.
Есік жабық.
— Отырыңыз, Моррисон мырза.
— Есікті ашыңыз, әйтпесе мен сіз «Темекі» деп айтып үлгермейінше полиция ертіп келемін.
— Отырыңыз! – Зәрлі үн бойын мұздатып жіберді.
Моррисон Доннатиға, оның тұман басқан көзіне қарады да, «Тәңір-ау, мен мына жындымен бір бөлмеде қамалып қалдым ғой» деп ойлады. Бұрын-соңды дәл осылай темекі тартқысы келмеген шығар.
— Мен сізге ем курсы туралы толығырақ айтып берейін, — деді Донатти.
— Жоқ, сіз түсінбедіңіз, — Моррисон әлдебір жасандылықпен қарсыласып бақты. – Маған курсыңыздың керегі жоқ.
— Жоқ, Моррисон мырза, сіз түсінбедіңіз. Таңдайтын жағдайда емессіз. Ем курсы басталды дегенім рас еді. Сіз бәрін ұқты деп ойлап ем.
— Есіңіз дұрыс па?
— Жоқ, мен бар болғаны істің адамымын. Ем курсы…
— Бопты, — дед Морриссон. – Тек ескеріңіз, мына жерден шыға салып, мен бес қорап темекі сатып аламын да, полиция бөлімшесіне жеткенше тартып барамын. – Ол кенет бас бармағының тырнағын шайнап тұрғанын түсінді.
— Еркіңіз білсін. Бірақ, менің сөзімнен кейін бұл ойыңыздан айнисыз деп ойлаймын. Алғашқы айда біздің адамдар сізді аңдитын болады. Кейбіреуін байқарсыз, кейбіреуін көрмессіз. Күні-түні бақылайды. Аузыңызға темекі алғаныңызды көрсе, бірден хабарлайды.
— Сосын не? Мені алып келіп, мына қоянның орнына отырғызасыздар ма? – Моррисон кекеткісі келген еді, бірақ бойын әлдебір үрей жайлап алды.
— Жоқ, — деді Донатти. – Қоянның орнына сіздің әйеліңізді отырғызады.
Моррисон оған аңтарыла қарады.
Донатти жымиды.
— Ал сіз мына терезеден қарап тұратын боласыз.

***

Донаттидің айтуынша, «Темекіні тастаңыз» корпорациясының негізін өз уақытында өз заманының дәстүрлі бизнесімен, яғни ойын автоматтарымен, заңсыз лотереямен, есірткі саудасымен айналысқан, бағана Мориссон суреттен көрген адам қалаған екен. «Үшсаусақ» аталып кеткен Морт Минелли күніне үш қорап темекі шегетін болған. Суреттегі қолына ұстап отырған бір жапырақ қағаз – өкпе ісігі туралы дәрігер байламы. Морт бүкіл байлығын «Темекіні тастаңыз» корпорациясына мұра етіп, 1970 жылы одүниелік болған.
Ал ем курсы тым, тым қарабайыр болып шықты. Ереже бірінші рет бұзылса, Синдиді Донатти «қоян торы» атаған бөлмеге алып келеді. Екінші рет бұзса, ол жерге Моррисонның өзі түседі. Үшінші ретте екеуін қатар қамап, тоқпен ұрады. Төрт мәрт келісімді бұзсаң, жаза қатаңдай түседі: Эльвиннің мектебіне арнайы адам келеді…
— Балаға қандай қиын болатынын елестетіңізші, — деді Донатти жымия. – Ол ештеңені білмейді, ештеңені түсінбейді емес пе!? Әкең жаман, сондықтан сен таяқ жеп жатырсың дегенді ғана ұғады ғой. Дұрыс қабылдаңыз: мен бұған жетпейтінімізге нық сенімдімін. Бізге келгендердің қырық пайызына ешқандай шара қолданылмайды, тек он пайызы ғана үш рет ереже бұзады. Бес рет біздің «көңілімізді қалдырсаңыз», әйеліңіз екеуіңіз «қоянның торына» тоғытыласыздар, балаңыз екінші, ал сүйіктіңіз алғаш рет соққыға жығылады.
Не істеп, не қойғанын түсінбеген Моррисон үстелдің арғы бетіндегі Донаттиге тұра ұмтылды. Анау бейқам, жайбарақат отырған сияқты болып көрінгенімен сондай бір ептілікпен орындығымен қоса кейін ысырылды да, Моррисонның ішінен бір тепті.
— Отырыңыз, Моррисон мырза, — деді ол мейірлене. – Ақыл-санасы бар адамдар сияқты дұрыстап сөйлесейік.
Демін алған соң Моррисон, Донатти айтқандай, орындығына отырды.
Жазалаудың он сатысы бар деп түсіндірді Донатти. Алтыншы, жетінші және сегізінші кезеңде тоқ күші өседі, ал ұрып-соғу, таяққа жығу азабы ауырлай береді. Егер Моррисон тоғызыншы рет темекі тартса, ұлының екі қолын бірдей сындырып тастайды.
— Ал оныншы рет не болады? – Моррисонның аузы құрғап кетті.
Донатти қапалана басын шайқады.
— Жеңілгенімізді мойындаймыз. Сіз айтқанымызға көнбеген клиенттердің екі пайызына кіресіз. – Донатти үстел тартпаларының бірін ашып, дыбыссыз «Кольт-45» тапаншасын алды. – Бірақ, бұл екі пайыздың өзі ешқашан темекі тартпайын болады. Оған біз кепілдік береміз.

***

— Не болды саған? – деп сұрады әйелі.
— Ештеңе… бәрі дұрыс сияқты… Мен темекіні қойдым.
— Қашан? Бес минут бұрын ба? – Синди күліп жіберді.
— Түстен кейін, сағат үштен бастап.
— Жақсы емес пе? Неге өйттің?
— Мен сені… Элвинді ойлауым керек.
Әйелінің көзі бақырайып кетті: Дик ұлы туралы сирек айтатын.
— Қуантып қойдың ғой. Тіпті, қайта шегіп кетсең де Элвин екеуміз бізге деген ниетіңе бола, саған риза болып қала берер едік.
— Ешқашан тарпайтын сияқтымын, — деді ол. Есіне Донаттидің – тұманданған қанішердің көздері түсті.

***

Түні бойы дөңбекшіп, дұрыс ұйықтай алмай таңғы сағат үште тұрып кетті. Қызуы көтерілген сияқты болып көрінді. Темекі тартқысы келді. Кабинетіне түсіп, үстелдің жоғарғы тартпасында жатқан темекі қорабына ұзақ қарады. Тамсанып, ернін жалады.
Алғашқы айда күні-түні бақылаймыз деді Донатти. Одан кейінгі екі ай ішінде корпорация адамдары тәулігіне он сегіз сағат қадағалайтын болады. Төртінші айда (клиенттердің көпшілігі осы кезде темекіні қайта бастайды екен) бақылау қайтадан жиырма төрт сағат бойы жүретін болады. Одан кейін? Өмірінің соңына дейін корпорация мұны көзден таса қылмайды.

ӨМІРІНІҢ СОҢЫНА ДЕЙІН…

— Біз сізді араға ай салып тексеріп отыруымыз мүмкін, — деді Донатти. – Мүмкін күнара. Бәлкім, екі жыл өткен соң жиырма төрт сағаттық бақылау орнатармыз. Сіз бұл туралы ешқашан білмейтін боласыз.
Моррисон бұл бәлеге тап болғаны үшін өзінің басына, Донаттиге, Джимми Маккэннге бар білетін қарғысын үйіп-төкті. Әсіресе, Маккэннді аямады. Сұрқия, бәрін білді емес пе! Қолдары дірілдеп кетті, Джиммидің тамағынан ала түскісі келді…
Қораптан бір тал темекіні суырып алды. Тоқта… Шкафтың артынан тысыр естілгенедй ме, қалай? «Қорыққанға қос көрінер» деген. Ешкім жоқ, әрине. Бірақ… Көрші бөлмеде Синди бар болып шықса, қайтпек?
Тың тыңдады. Тым-тырыс. Шкафқа барып, есігін ашып қалу керек. Жүрегі дауаламады. Ашқан сәтте мұны не күтіп тұрғанын кім білсін? Қорқып кетті. Төсегіне келіп жатты, бірақ ұзаққа дейін көзі ілінбеді.

Дик Моррисонның өмірінен көріністер, қазан-қараша

… Моррисон «Джек Дэмпси» барында танысын жолықтырып қалды. Анау темекі ұсынды. Моррисон стақанын қыса түсті.
— Тастап кеттім.
Танысы күлді.
— Бір аптадан артыққа шыдамассың.

***

… Моррисон таңғы электричканы күтіп отыр. Көк костюм киген жас жігіттен көзін алмайды. Дик оны осы жерден күн сайын дерлік көреді.

***

… Моррисон ұлына келді. Үлкен шиқылдақ-допты сыйға тартты. Әбден қуанған Элвиннің бетін сілекейлеп, сүйгіштегені бұрынғыдай жиіркенішті емес сияқты. Баласын құшағына қысып тұрып, махаббаттың темекіге деген тәуелділіктен күштірек екенін түсінді. Мұны Донатти мен компания Диктен бұрын ұғынған еді.

***

… Моррисон туннель ішінде кептелісте тұрып қалды. Көлік легі мүлдем жылжымайды. Қараңғы. Бақырып-шақырған клаксон, сасық көк түтін, не алға, не артқа жүре алмай қалған машиналардың ырылы. Кенет Моррисон қолғап салатын жәшікті ашып, темекі қорабын алып, біреуін тұтатып кеп жіберді. Егер бірдеңе бола қалса, Синдидің өзі кінәлі деп ойлады ол батырсына. Темекімнің көзін құрт, еш жерде болмасын деп едім ғой.
Бір рет ішіне тартып еді, жөтел буып әкетті. Екінші реттен көзі жасаурап кетті. Үшінші рет түтін жұтып еді, басы айналды. Есінен танып қалатын секілді. Не сұмдық деп ойлады. Іле-шала «Құдай-оу, не істеп жатырмын» деп қалды.
Артынан біреу бипылдатты. Моррисон жалма-жан темекісін өшіріп, үйіне қайтты.
— Синди, мен ғой, — деді есіктен кіре сала.
Жауап жоқ.
Телефон шырылдады. Моррисон асыға-үсіге тұтқаны көтерді.
— Сәлеметсіз бе, Моррисон мырза, — іс адамы Донаттидің сергек үні естілді. – Бізге бір мәселені талқылау керек сияқты. Бүгін бесте келе аласыз ба?
— Әйелім сендерде ме?
— Әрине, — Донатти қамқорси жауап берді.
— Бері қарашы, жібере салыңдаршы оны, — Моррисон сөзінен шатасып, міңгірлей жөнелді. – Бұл енді қайталанбайды. Мен бар болғаны үш рет тартып үлгердім, құрысын, жөтеліп, өліп қала жаздадым, рахаттанған дымым жоқ…
— Өкінішті. Яғни, сізді бесте күтеміз ғой?

***

— Донатти мырза, сізге Моррисон мырза келіп тұр, — деп хатшы селектор арқылы хабарлады да Моррисонға басын изеді. — Кіре беріңіз.

***

Жанына «Жымиып жүріңіз» деген жазуы бар майка киген, қолында револьвер ұстаған, түрі гориллаға келетін әлдекімді ерткен Донатти мұны дәлізде күтіп алды.
— Тыңдаңызшы, — салған жерден сөзін бастады Моррисон. – Келісуге болады ғой. Ақшасын төлейін. Мен…
— Жап аузыңды, — деді «горилла».
— Сізді көргеніме қуаныштымын, — деді Донатти. – Кездесуімізге осындай қайғылы жайттың себеп болғаны өкінішті-ақ, әрине. Маған еруіңізді өтінемін. Тездетіп бітіріп тастайық. Алаң болмаңыз, әйеліңіз артық зәбір көрмейтін болады… Бұл жолы көрмейтін болады.
Моррисон ширығып, Донаттиге бас салмаққа бел буды.
— Қойыңыз оныңызды, — деді анау алаңдап. – Егер қол көтеретін болсаңыз, көмекшім сізді соққыға жығады, ал әйеліңіз бәрібір тоқтан қашып құтылмайды. Не пайда одан? Жүріңіз.
Моррисон бөлмеге бірінші болып кірді. Жасыл перде ысырылған. Терезеден жан-жағына алақтап қарап, еденде отырған Синдиді көрді.
— Синди, — деп шақырды Моррисон аянышты үнмен. – Олар…
— Синди сізді естімейді. Көре де алмайды, — деп түсіндірді Донатти. – Айналы әйнек ғой бұл. Ал, тездетіп аяқтайық қолға алған істі. Айыбыңыз ауыр емес, сондықтан отыз секунд жеткілікті болар. Бастаңдар!
«Горилла» бір қолымен батырманы басты, екінші қолындағы револьвер аузын Моррисонның арқасына тіреді.
Өміріндегі ең ұзақ отыз секунд осы болды.
Бәрі біткенде, Донатти:
— Менімен жүрсеңіз. Әйеліңізге түсіндіретін дүние бар, — деді.
— Бетіне қалай қараймын мен оның? Не деймін мен оған?
— Сіз күткендей болмауы мүмкін.
Бөлмеде диваннан басқа ештеңе жоқ. Синди өксіп, солығын баса алмай жатыр екен.
— Дик, — деп сыбырлады ол. Бұл құшағына алды. – Үйге екі еркек келді. Көзімді байлады да… байлады да… Айта алмаймын. Не жаздым?
— Менің кесірім. Саған айтатын дүнием бар, Синди…
Бастан-аяқ ештеңе жасырған жоқ. Сөзін бітірген соң үндемей отырды да:
— Сен енді мені жек көріп кететін шығарсың, — деді.
— Жоқ, Дик. Жек көрмеймін. Құдайдың рақымы жаусын бұларға. Олар сені босатты.
— Шының ба?
— Иә, — деді де Синди мұны сүйіп алды. – Үйге қайтайықшы. Есімді жинап қалдым. Бұрын-соңды дәл осылай жеңілдемеген шығармын.

***

Бір апта өткен соң телефон шырылдады. Тұтқаны көтерген Моррисон Донаттидің дауысын таныды.
— Тыңшыларыңыз қателесті. Мен темекі тартқан жоқпын.
— Білеміз. Әңгіме бар. Ертең кешке соғып кете аласыз ба? Алаңдайтын дәнеңе жоқ, жай ғана есеп үшін. Айтпақшы, өскен екенсіз, жаңа қызметіңіз құтты болсын.
— Қайдан білесіздер?
— Біз бәрін жазып-сызып отырамыз, — деді де Донатти тұтқаны қоя салды.

Келесі күні бұлар кішкентай бөлмеге кіргенде Донатти:
— Сонша абыржығаныңыз не? Ешкім жеп қоймайды. Мында келіңіз, — деді.
Моррисон еден таразысын көрді. Кәдімгі салмақ өлшейтін таразы.
— Тоқтай тұрыңыз, сәл салмақ қосқаным бар, иә, бірақ…
— Иә-иә. Клиенттеріміздің жетпіс үш пайызы темекі қойған соң тола бастайды. Таразыға тұруыңызды өтінемін.
Моррисонның салмағы жетпіс тоғыз килограмм болып шықты.
— Түсіңіз. Бойыңыз қанша, Моррисон мырза?
— Бір метр жетпіс тоғыз сантиметр.
— Қане, көріп жіберейік. – Донатти төс қалтасынан сырты пластмассмен қапталған әлдебір карточка алып шықты. – Жаман емес. Сізге рұқсат берілетін ең ауыр салмақ… (карточкаға қарады) сексен үш килограмм екен. Бүгін бірінші желтоқсан, яғни әр айдың алғашқы күнінде сізді салмақ өлшеуге күтемін. Ыңғайы келмесе, алдын-ала ескертіңіз, ештеңе етпейді.
— Сексен үш килограмнан асып кетсем не болады?
Донатти жымиды.
— Біздің жігіттердің біреуі үйіңізге келіп, әйеліңіздің оң қолындағы шынашағын кесіп алады. Сау болыңыз, Моррисон мырза, мына есіктен шығып кете аласыз.

***

Сегіз ай өтті.
Моррисон «Джек Дэмпси» барында баяғы танысын тағы жолықтырып қалды. Синдидің айтуынша, Моррисонда артық салмақ жоқ – жетпіс бес килограмм тартады, аптасына үш күн спортпен айналысады. Сымбатты-ақ. Танысының, керісінше, ұйпа-тұйпасы шыққан.
— Темекіні қалай тастадың соны айтшы? – дейді ол. – Мен әйелімнен де көп тартамын. Осы сөздерден кейін ол аса үлкен жиіркенішпен темекісін күлсалғышқа салып мыжғылап өшіреді де, вискиін тауысып ішеді.
Моррисон танысын барлай бір қарап шығады да, әмиянына кішкентай ғана аппақ визит карточкасын шығарып, бар үстеліне қояды.
— Тыңда, — дейді ол. – мыналар менің өмірімді өзгерткен.

***

Бір жыл өтті.
Моррисонға поштамен шот келді.

«ТЕМЕКІНІ ТАСТАҢЫЗ»
К О Р П О Р А Ц И Я С Ы

237 Ист, Қырық алтыншы көше.
Нью-Йорк, Нью-Йорк штаты 10017


Ем курсы 2 500 доллар
Маман қызметі
(Виктор Донатти) 2 500 доллар
Электр энергиясы 50 цент
БАРЛЫҒЫ 5 000 доллар 50 цент

— Иттің балалары! – Моррисон ызадан жарылып кете жаздайды. – Шотқа тоқ шығынын қосып қойыпты! Әлгі сені…
— Төлей сал, — дейді әйелі мұны сүйіп жатып.

***

Тағы сегіз ай өтті.
Моррисон мен Синди театрда Джимми Маккэнн мен әйелін жолықтырып қалады. Танысады. Джимми келісіп-ақ тұр, тіпті бұрынғыдан да жақсарып кеткен сияқты. Моррисон бұрын оның әйелін көрмеген-ді. Қарапайым әйелдің үлкен бақытқа жетуі сұлуландыра түседі екен.
Моррисон оның қолын алды. Біртүрлі. Тек екінші бөлімнің ортасында ғана Моррисон Маккэнн әйелінің оң қолында шынашақ жоқ екенін түсінеді.
Бөлісу:

39 пікір

MERmukhanov
ну, как көлемі кішкентай екен :))))))))
qisyq
Қайтем енді, солай деп алмай қойса:) "Үш аяқты" не істейміз?
solnce
тоқайласып қалды деген сөзден кейін жүрмеді((
qisyq
Солай болады өзі.
MeihuaZheng
Бала кезде оқығаным әйелі тоққа кеткенде есімн түсті.
Аудар тағы. Анау Оставшийся в живых дегенді аударш, бүкіл ужастигін қазқалпында қалдырып ) соны оқывалып, 1 апта ұйқы көрмегем
qisyq
:))) қарастырып көрейік. «Тот, кто хочет выжить» деп те аталады емес пе сонысы Кингтің?
ademi_alem
Соның желісімен түсірілген „Остаться в живых„ деген сериал бар емес пе иә? бірнеше сезонын көрдім, бірак соңғы жағы өте түсініксіз болып кетіп тоқтаттым. Ал басы өте қызық еді.
MeihuaZheng
нет. это не то.
рассказ прочитайте сначала
MeihuaZheng
мен оқыған — Оставшийся в живых.
выжить — хз…
qisyq
Сондай деп бір әңгімесі жүр, мол и такое название есть деп.
ademi_alem
Қазір Стивен Кингтің тағы бір ғылыми-фантастикалық романының желісімен түсірілген „Под куполом„ деген сериал көріп жүрмін. Әзірге бірінші сезонындамын, қызық екен.
qisyq
Сериал ерунде, сіз оның кітабын оқыңыз. Айтпақшы, ол сериалды жауып тастаған, аяқталмай жатып.
ademi_alem
Кітабын оқысаң басқа әсер алатын шығарсың, бірақ ерінем, түсінуге миым жетпейтін сияқты мұндай күрделі дүниен оқу. Сериалының өзі күрделі мен үшін. ))) мя, аяғы болмаса… түйййй
Basic
— Бұл жұмысыма үш жыл болды. Қандай рахат алатынымды білсеңіз етті.
мына жері басқа шығармадан емес пе?
qisyq
Түптеп қуып келгенде бұкіл әңгімені порция-порцияға бөліп, әртүрлі шығармадан екенін дәлелдеп шығаруға болады.))) Қай шығармадан дейсіз?
Basic
Ауыз әдебиетіне ұқсап тұр. А так, стилистика тұрғысынан «етті» сөзіңіз Джимми Маккэннді табысты еркек емес сорлы бейбақ етіп тұрған сияқты. Мен тіпті жалынышты үнін естігендей болдым. Иә, ауыз әдебиетіндегі анау аттың құйрығына байланған :D:D
qisyq
Хм, хум… Бәлкім сіз солай қабылдайтын боларсыз. Мен «Білсеңіз ғой», «Білсеңіз еді» деп түсінемін мысалы:)
Marco
Сумеречная зонаның бір сериясы осы еді
Daniar-Alan
щещесс
qisyq
Небоқалд
Daniar-Alan
Бармаймын ана корпорацияға ))
qisyq
Бақыртып тоқпен соғып жатса жаман, иә…
bake
Ең соңғы рет Эдгар Поның «Алтын қоңыз» -ын оқып шығып аудармасын ұнатпағанмын. Мына әңгіменің сюжеті және тілі бірден баурып алып кинодай көзалдында жүгірді. Ойымды жеткізуге таппаған бірнеше сөйлемнің үлгісін кездестірдім. Жақсы жұмыс. Қолданыста жүрген техникалық әдебиетет осылайша сапалы аударылса ғой.
qisyq
Рахмет үлкен! Шабыттандым:)
asaubota
Стивен Кингтің «Рита Хейуортты сүйген адам» (түрікшесінде осылай болатын аты) деген шығармасын оқып көрші, ерінбесең аударарсың. Бұл повесть желісімен түсірілген фильм қателеспесем 1-орында тұр IMDB-да
qisyq
«Рита Хейуорт және Шоушенктен қашу» ғой. Фильм де солай, «Шоушенктен қашу» деп аталады:) Бірнеше рет оқығам. Аударуға болады. Бірақ менде ол емес, басқа шығармалары приоритетте тұр:)
asaubota
Кингті көп оқыдым студент кезімде, бірақ тек түрік тілінде. басқа тілде қабылдай алмайтын сияқтымын :)
qisyq
Мына әңгіме қалай? Қазақшасы:)
asaubota
бұны сақтап қойдым асықпай, телефоннан жатып оқимын деп ;)
asaubota
Цинизмның шыңы! Кинг маньяк! :))))
Rafaello
Киносын бөлек шығарасыз ба деген тілек
qisyq
Мына новеллалар жинағында бар: goo.gl/dfgI4H
asaubota
алдымен осы постты оқып, сосын мына жерден фильмін қараңдаршы :)
kset.kz/video/view/16090097?from=153240068
Saniya
осы әдісті қолданып, мені де біреу вино ішуден қашықтатса))
asaubota
құлағыңды кесемін деп мен қорқытайын ендеше :D