"Азғын" қиялды қоздырудың алты амалы (эстафета)
Бізде тұрақты әңгіме жазып жүрген адам өзін біраздан соң априори «таланттымын» деп есептей бастайтын сияқты. Жалпы, ақын, жазушы біткен бірден өзін құдайдан ерек туған уникум деңгейінде қабылданатынына көзім үйреніп кетті. Ал батыста, қалам тербеушілерге кәдімгі даяшы немесе шаштаразға қарағандай қарайды екен. Бәлкім, бұл да стереотип шығар. Бірақ, қиялды түртпектейтін жаттығулардың, тіпті арнайы жазушылық қабілет дарытатын сабақтардың болуы — соның дәлелі.
Мен өзім адамда қиял өрбіту қасиеті әу бастан жоқ болса, оның кенет талантты болып кетуіне ешқандай курс та, жаттығу да көмектеспейтініне көзім жетті. Дегенмен, титімдей ғана ұшқын болса, оны әр-алуан өмірлік тәжірибе арқылы һәм қатемен жұмыс арқылы біршама тартымды дәрежеге жеткізуге болатынын да көріп жүрмін.
Ал қиял қоздыратын жаттығулардың кейбірін өзіңіз де байқап көре аласыз.
1. Көзіңізді жұмып, бөлме ішіндегі бір зат туралы ойланыңыз. Ішіңізден сол заттың негізі мақсатынан бөлек қолданыс түрлерін тізіп шығыңыз. Сосын, көзіңізді ашып, әлгі затқа қарамастан, сол қасиеттерді жазып шығыңыз.
Мәселен, менің ойыма бірінші келгені — кесе.Қасиеттері:
1) Арқа қасуға болады.
2) Жер қазуға болады.
3) Циркуль жоқта қағазға шеңбер сызуға болады.
4) Тұшпара орайтын қамырдың кесінділерін жасауға болады.
5) Сындырсаң, пышақ ретінде қолдануға болады.
6) Ішіне кішкентай гүл егуге болады.
7) Самауырынның отын бастыруға жақсы.
8) Құмырсқаларға бассейн жасауға болады.
9) Кішкентай шегелерді қағуға болады
10) Құлағыңа тақап, қосымша дыбыс локаторы ретінде қолдануға болады.
2. Қайым айтыс
Бұл айтыс түрі — осыдан бірнеше жыл бұрын Қазнеттің форумдары мен чаттарында қайта жаңғырған ой мен қиял жүйріктігін баптаудың ерекше түрі. Қайымдасушылар, әдетте, бір-бірінің соңғы екі жолын қайталап, аяғына өзінің екі жолын қосып, қарсыласқа қайырып отырады. Егер айтысатын адам болмаса, өзіңізге ұнайтын өлең жолдарының соңғы екі жолынан бастасаңыз болады.
Мысалға, Абайдың «Көзімнің қарасы» өлеңінің соңғы жолдарын алайық:
"Құдай-ау, бұл көңілім
Күн бар ма бір тынар?"
оған мына жолдарды қоссақ болады.
Тоймайтын құлқыным
Жайымды кім ұғар?
Енді келесі адамның кезегі.
3. Менің алғашқы...
Жаттығу қарапайым әрі қызық. Өз басыңыздан өткен алғашқы тәжірибеңізбен бөлісу. Ол, әрине, кез келген жағдай болуы мүмкін. Таңдау еркіңізде. Тек құр естелік соғып отырмай, ойын шартына сай, 100 сөзден асырмауға тырысамыз. Сөз санын қолмен санамау үшін «ворд» қолданған дұрыс.
Мысалдар:
«Алғашқы сүйіскенім»
«Алғашқы жекпе-жегім»
«Алғашқы арақ ішкенім»
«Жатақханадағы алғашқы күнім»
"Өзімді алғаш қаһарман сезінгенім"
«Алғаш түнгі клубқа барғаным» т.с.с.
Мысал ретінде, алғашқы сүйіскенімді өрбітіп көрейін.
Оныншы сынып. Жаңа жыл кеші. Ауданымыздың қауіпті аймағының бірінде «вешірге» барған едім. Тілек айтулар бітіп, пысық жігіттер бір-бір қыздан ортаға алып билеп жатты. Тәуір қыз қалмағанына налып, тонадайдағы апталдай қызға бата алмай отыр едім, қыз өзі келіп, жасөспірімдік ұяңдықтан арылмаған мені ортаға сүйреді. Қыздың аю қыспағына түскен бойда, ішім "қылп" ете қалды. Бір бәлені сезгенімді қыз да байқады-ау — ыңғайсызданып әрі шегінді. Кенет ішкі даусым "әй, әлжуаз, талғампаз болатын жайың ба еді?" деп кейіді. Әрі-беріден соң, «нар тәуекел!» деп қыздың ерніне тап бердім. Анау да апандай аранымен ернімді беті-аузыммен қоса жұлып ала жаздады. Кеш біткенде қашып, әзер құтылғаным есімде қалыпты…
4. Қабылдаған шешіміңіздің ең қиыны
Басыңыздан кішігірім Кариб дағдарысы өткен кез болды ма? Таразының екі жағында да ауыр аргументтер болып, Кеннеди сияқты бірнеше күн ойланған кезіңіз ше? Сол туралы қалам тербеп көріңіз.
Мұны да 100 әріптен асырмауға тырысыңыз. Мұндай шектеулер ойыңызды дәл жеткізетін сөздерді табуға итермелейді. Мысалы былай:
2010 жылы Астанаға тележурналистика саласынан ұсыныс түсті. Әрине, мұрныма иісі бармайтын кәсіпте бақ сынап көргім келді. Дегенмен, қара шаңырақта өзім қалатындықтан, әке шешемді тастап кетпесім анық еді… Бұл арпалысымды әкемнің «Сен орнығып ал, артыңнан барамыз» деген сөзіне жеңдірер ме едім, қыста ғана екінші рет инфаркт алған әкемнің денсаулығы да ойландырды. '«Атан өлсе сойылар, атаң өлсе қойылар, мұндай бізге қансонар күнде қайдан табылар» дегенге салып, әкем сол жұмысты қолдан бермеуімді өтінді. Не керек, бағымды сынаймын деп, сорымды білдім. Жұмыстың маған бұйырмағаны жанына батты ма, біраздан соң, әкем үшінші жүрек талмасынан көз жұмды. Содан ба, Астаналық ұсыныстардан бетім қайтып қалған.
5. Cын есімдерді теңеулермен сипаттап көріңіз
Шарт — теңеу тұрақты тіркес болмауы керек (мысалы, тәкаппар адамды «кеудесіне нан піскен» деуге болмайды).
Мысалдар:
Жалқау. Марқұм шалдың жалқаулығы соншалық, өз жаназасына өзі келмей, итін жұмсапты.
Жұмсақ. Жаңа туалет қағазының жұмсақтығы соншалық, сүрткен сайын, "әжемнің орамалы емес пе?" деп қарай беріппін.
Ұсқынсыз. Құрманәлінің түрін көрген жезөкшелер түнгі уақытқа қарамастан кенет трамвай күтіп тұрған кейіп танытатын т.с.с.
6. «Мен ешқашан...»
«Ат баспайм деген жерін үш рет басады» десек те, бір күні істеп қалуыңыздың мүмкіндігі нөлге шексіз жақындай түсетін әрекеттеріңізді тізіп жазыңыз.Мысалы:
1) Ешқашан Плутоннан жер сатып алмаймын.
2) Ешқашан анамның көзінше Гандимен стақан соғыстырмаймын.
3) Ешқашан гелийді пышақпен турап жемеймін.
4) Ешқашан біреуге нақақтан қиянат жасауға бағытталған жымысқы сыбайластыққа қосылмаймын.
5) Ешқашан компьютерсіз өмір сүре алмаймын.
суреттер: ~myteenmatters.com, ~shutterlock.com
Жоғарыдағы жаттығуларды орындаудың кезегін, эстафета жанрын жаңғырту мақсатында bizbike деген қолданушыға беремін.
залдағы кілем үстінде қақ ортасына дейін су толтырылған кесе, кесені айнала қоршап, етпетінен жатқан Гаста мен балалары, әрқайсысы қолындағы екі-үш құмырсқасын кеседегі суға салып жіберіп, мәз-мейрам болып бақылап жатыр, :):)
Қиял не үшін?
Кәдімгі шал, жарайды аты Мырзапияз болсын. Соның тым көнбіс екеніне теңеу, салыстырулармен сендіруге тырыс оқуерманды.
2) Көрші ауылдағы Ленаның көнбістігі соншалық, түн өткен сайын есік алдындағы жоңышқалықтың жапырылған жері де ұлғая беретін
«Алманың ащылығы соншалық…
«Бұдан да калий перманганатын жегенім артық еді», — деп кейіді ол
Мынауың тың пікір екен. Жазбагерге жаттығуды видепост арқылы беру ойыма кіріп шықпапты. Шаблонымды қақ айырдың ғой. :*))
ойлап қараш, әркім жаттығуды орындағанын смартфонына түсіріп, жариялап жатса, шаншар-тамаша, уай-фай25 тер бұрышқа кетед
өте жеңіл қандай прога бар. вегастың да жұмыс алаңы жеңілтек ғо
Үшінші курста оқимын. Группаласымыз Жазираның ұзату тойында отырмыз. Дастарханға қойылған екі бөтелке шарапты жігітттер болып әп сәтте ада қалдық. Тағы екеуін көрші үстелден алдырдық. Жетпей қалды. Қызды тезірек алып кетуін күтіп отырмыз. Қыз ұзатылды. Сыртқа атып шығып, қалған төрт жігіт тойханадан бір аялдама алыстағы дүкенге жетіп бардық. Көк шынылы «Собраниені» ұстаған күйі татып алмайтын Алмастың қорасынан бір-ақ шықтық. Шараптан кейін пайда болған алкогольге деген аштықты басқым келіп алғашқы рет "«Собраниенің» жүздігін басып салдым. Аузымды ұзақтау ұстап қалсам керек-ті, тілім мен ұртымды дуылдатып жіберіп барып, тамақтан өтті. Екіншісін аузымды ұзақ ұстамаймын деп және "қағып салды" деген әрекетті орындап көрейінші деп өзімше бір-ақ көтердім. Тым тез көтеріп жіберсем керек-ті, кеңірдекке бағытталмай, танаудан атқылауға сәл-ақ қалды. Алғашқы «Собраниені» үшеу болып тауысқаннан кейін, мен де тындым. Үйдің қабырғасын жағалап, есікті тауып, төсегіме құлағаным есімде. Таңертең Алмас досым оятты. Құрбан айттың таң намазынан келген беті екен.
Ал, Маралбектің мәтінге ықшамдылығын Блогиададағы посттарын кейін байқадым,
Талантың ұрып тұрса, оған тас қатырмайсың, туа бітті интуиция миға біраз әурешілікті жеңілдетеді ғой.
У тебя мама такая толстая, что если бірдеңе-бірдеңе, то бірдеңе-бірдеңе
У тебя изо рта несет как из задницы гиппопотама.
-деген сияқты.
Чконутый профессор деген кинодағы профессор қызы екеуі бір шоуға барып, шоудағы шоумен профессордың толықтығына қатысты нешетүрлі теңеулер айтып, елді күлдіретін жері есіме түсті.)