Қазақ киносы

Соңғы уақыттарда Интернет жылдам дамып келе жатқанына қарамастан, жер бетіндегі адамдардың көп бөлігі, әлі де болса, сиқырлы қобдишадағы кинодан бастарталар емес.Оған дәлел Мемлекетімізде жыл санап кинотеатрлар санының артуы. Әлемде Халықаралық кино күнін 28 желтоқсанда атап өтеді. Себебі дәл осы күні, 1895 жылы ағайынды Луи және Огюст Люмьерлер киноны ойлап тапқан. Жалпы кино (гр. kіneo – жылжытамын, жылжимын)- өнердің бір саласы, кинематографияның техникалық негізде қалыптасқан көркем шығармашылық түрі.

Әлемдік киноның даму жолын үлкен 4 кезеңге бөліп қарауға болады. Алғашқы кезеңі – тұңғыш киноның шыққан жылы. Әрине, кино пайда болысымен түрлі түсті, дыбысты болып шыққан жоқ. Ол көптеген асулардан өтіп, дәл қазіргі қалпына келді. Оның дүниеге келуімен, «театрлар жабылады» дегендер де болды. Алғаш кино “жанды фотография” түрінде пайда болып, көп кешікпей көркем фильм, деректі кино және ғылыми-көпшілік кино деп аталатын үш салаға бөлінді. Тұңғыш фильмдерде баяндалатын оқиға таспаға ірі бөлшектермен түсіріліп, бір-бірімен астына жазылған мәтіндер арқылы ғана жалғасты. Кинода дыбыс болмағандықтан, актерлер сөйлейтін сөздің орнын театрлық шебер ойынымен, бейнелі ыммен толықтырды. Кино өнері дамуының екінші кезеңі – 20-ғасырдың басынан басталды. Бұл дыбыссыз (“мылқау”) киноның өз алдына өнер болып қалыптасқан кезі. КСРО-да С.М. Эйзенштейннің “Потемкин” бронды кемесі” (1925), “Қазан” (1927), В.И. Пудовкиннің “Ана” (1926), “Санкт-Петербургтің ақыры” (1927), А.П. Довженконың “Арсенал” (1928), т.б. фильмдері дүниежүзілік кино өнерінің дамуына ықпал етті. Германияда “көңіл жұбату” және экспрессионистік фильмдермен қатар демократиялық бағыттағы кинокартиналар, АҚШ киносында Ч.Чаплиннің, Э. Штрогеймнің, К.Видордың фильмдері дүниеге келді. Кино өнері дамуының үшінші кезеңі 20 ғ-дың 30-40-жылдарын қамтиды. Бұл кезеңде кинотаспаға дыбыс жазу техникасы игерілді. Кинодраматургия қауырт өркендеді. Дыбысты киноның пайда болуы актерлер шығармашылығына кең жол ашты. Кеңес кинематографистері Ф.М. Эрмлер мен С.И. Юткевичтің “Жолығыс” (1932), Г.Н. және С.Д. Васильевтердің “Чапаев” (1934), Г.М. Козинцев пен Л.З. Траубергтің “Максим туралы трилогия” (1935 – 39), Е.Л. Дзиганның “Біз Кронштадтанбыз” (1936), А.Г. Зархи мен И.Е. Хейфицтің “Балтық депутаты” (1937), А.П. Довженконың “Щорс” (1939) секілді фильмдерінде кеңес идеологиясы басты орын алды. Неміс-фашист басқыншылары КСРО-ға шабуыл жасаған кезден бастап деректі киноның рөлі артты. Соғыс жылдарындағы кеңес азаматтарының ерлігін бейнелеген “Ауком секретары” (1942, реж. И.А. Пырьев), “Ол Отанын қорғайды” (1943, реж. Ф.М. Эрмлер), “Кемпірқосақ” (1944, реж. М.С. Донской), “217-адам” (1944, реж. М.И. Ромм), “Шапқыншылық” (1945, реж. А.М. Роом) атты фильмдер шығарылды. Бұл дыбыссыз (“мылқау”) киноның өз алдына өнер болып қалыптасқан кезі. 2-дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін, кино өнері дамуының жаңа кезеңі басталды(төртінші кезең). Бұл жылдары кинотехниканың жетіле түсуімен бірге кино өнеріндегі көркемдік тәсілдер де молайды. Түрлі түсті кино түсіру тәсілі жүзеге асты. АҚШ-та, кейін басқа елдерде кең экранды және панорамалы фильмдер пайда болды. Дыбыс жазу сапасы артып, кең экранды фильмдерде стереодыбыс қолданылды. Балаларға арналған мультипликациялық фильмдер шығара бастады.
100 жылдық тарихы бар кино, Қазақстанға кешігіп келді. Қазан төңкерісінен кейін пайда болған қазақ киносының алғашқы туындысы «Амангелді» деп аталды. «Ленфильм» студиясында түсірілген көркем фильм ұлт батыры Амангелді Иманов туралы болатын. Оның режиссері Марк Левин болса, Амангелдіні сомдаған әртіс Елубай Өмірзақов еді. Міне, осылай алғаш қазақ киносы өмірге келді.
Сұрапыл соғыс жыларында «Мосфильм» мен «Ленфильм» киностудиялары бөлімшесінің Алматыда болуы қазақ киносының одан әрі өркендеуіне әсерін тигізді. Бұл студиялар Алматыда өзара бірлесіп, ЦОКС (Біріккен орталық киностудия) деген атпен өзінің қызметін бастады. 1941 жылы 12 қыркүйектеАлматыда көркем фильмдер шығаратын киностудия ұйымдасып, 1944 жылы ол Алматының көркем және деректі-шежіреліқ фильмдер студиясы (1960 жылдан «Қазақфильм») деп аталды. Дәл осы мерейлі күнді, яғни 12 қыркүйекті «Қазақ киносының күні» деп атауды Қазақстан кинематографистер одағының төрағасы Бауыржан Нөгербеков, 2005 жылы ұсынған болатын. Сол уақыттан бері бұл атаулы күн тойлануда.
Қазақ киносында «Амангелдіден» кейін талай-талай ұлт бейнесін, қазақ тағдырын, бүгіні мен кешегісін суреттейтін туындылар дүниеге келді. Әсіресе ел жадында «Менің атым Қожа», «Тақиялы періште», «Девушка джигит» және т.б. көптеген фильмдер сақталып қалған. Жарты ғасырдай тарихы бар бұл туындылар әлі де болса көрерменнің сұранысында. Қазақ киностудиясы алғашқы ұйымдасқан кезінен бастап 100-ден астам көркем фильм және 500-дей деректі фильм шығарды. Бұл фильмдер тақырыбы жағынан әр алуан. Экранға қазақ халқының өткен өмірін көрсететін,“Абай әні” (1946), “Шоқан Уәлиханов” (1957), “Қыз Жібек” (1972), “Сұлтан Бейбарыс” (1989), “Отырардың күйреуі” (1992), “Махаббат бекеті” (1993), “Жамбылдың жастық шағы” (1996), т.б. картиналар шықты. Балаларға арналған “Қанатты сыйлық” (1956), “Менің атым Қожа” (1963), “Қызыл тас заставасы маңында” (1969), “Көксерек” (1973), “Алпамыс мектепке барады” (1976), “Балалық шақтың кермек дәмі” (1983), “Сүйрік” (1984), “Ауылым Алатаудың баурайында” (1985), т.б. секілді фильмдер жарық көрді.
Алайда Тәуелсіздік алғаннан кейін киноның жағдайы мүлде өзгерді. Бұрын идеология құралы саналатын өнер түрінің Қазақстанда дамуы баяулап, сапасы да төмендеді. Тек соңғы жылдарда ғана бұл салаға қайта көңіл бөліне бастады. Өмірге көптеген жаңа туындылар келді. Шедевр-фильм, оқиғалы-фильм, ұмытылатын-фильмдер бар, сандай-ақ ерекше фильмдер де бар. Мұндай кино көрерменің жүрегіне бірден жол тауып, ерекше әсер қалдырады. Олардың тіптен өмірге, киноға деген көз қарастары, тілдері бөлек. Бұл туындылар барлық бұқараға дініне, ұлтына, мәдениетіне бөлместен түсінікті болуды өздеріне мақсат еткен. Мәселен, ондай ерекше киноға Сергей Дворцевтың «Қызғалдағы» (Тюльпан) жатады. Бұл фильм Канны қаласында (Франция) өткен Халықаралық кинофестивальде «Ерекше көзқарас» байқауының бас жүлдесін жеңіп алған болатын. «Қызғалдақ» фильмі Қазақстанның ауылдары мен шалғайдағы аймақтарында тұратын шопандардың тауқыметті өмірі жайлы сыр шертеді.
Естеріңізде болар, 2009 жылы 11 ақпан күні режиссер Ермек Тұрсынов Алматыда БАҚ мен киносыншыларға өзінің жаңа туындысының жабық көрсетілімін өткізген болатын. Алайда бұл кино көрермендеріне жетпестен үлкен сынға ұшырады. «Келін» деп аталатын шығарманың ерекшелігі – фильмде ешқандай сөз, кейіпкерлердің диалогтары жоқ еді. Бұл фильмді біреулер «тамаша туынды» десе, екіншісі «қазақ ұлтынның намысын таптайды» деді. Екі жақтың да пікірі орынды, алайда, дәл осы фильм кино тарихындағы алғаш пайда болған фильмдерге ұқсас. Дыбысы жоқ. Режиссердың атқарған жұмысын бағаламауға болмас.
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдардағы тағы бір жаңалық бұл, әуесқой режиссерлердің пайда болуы. 2008 жылы Қазақ киносына мүлдем қатысы жоқ, беймәлім режиссер Еркін Рақышевтың «Жаралы сезім» туындысы көрерменге жол тартты. Алғаш экранға шығысымен үлкен сынға іліккен туынды, қарапайым халық арасында жақсы бағаланды. Алайда мамандар бұл фильмді, режиссердың атына кір келтіру деп те санады. Бірақ, қанша сынға, теріс пікірге ілінген туынды, ақыры қазақ киносына жаңа леп алып келді. Одан кейін де «Қарой», «Бақсы», «Қайрат-чемпион. Девственник №1» кинолары көрерменін бей-жай қалдыра алмады. Тіптен, қарапайым халық қалып, жоғары лауазымды адамдар да киноға қызығушылығын танытты. Депутаттар талай жиында осы киноларды сөз етіп, «Мәдениет Министрлігі қайда қарап отыр» деген де болатын.
Жалпы, кино 4 салаға бөлінеді: көркем фильм, деректі, мультипликациялық және ғылыми-көпшілік кино. Көркем фильм кино өнерінің негізгі және кең таралған түрі. Ол әдеби шығарма желісі немесе арнайы жазылған сценарий бойынша актерлердің қатысуымен жасалады. Мұндай фильмдерге жоғарыда аталған кинолардың барлығы кіреді. Деректі киноға тарихта, өмірде болған мәні зор оқиғаларды баяндайтын фильмдер мен киножурналдар жатады.Кез келген қоғамда деректі киноның орны ерекше. Себебі бұл кинолар-сол қоғамның тарихы. Өткені мен бүгінін, мәдениеті, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыпын келешек ұрпаққа қалдыру. Әр деректі кино бір оқиғаның куәсі. Мәселен, «Ұлылардың ұрпағы». Туындыда ғалым Құдайберген Жұбановтан бастап Ажар Жұбановаға дейінгі бір әулеттің тарихы көрсетілген, «Қазақтың Бауыржаны», фильмді үкімет тапсырысымен Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойына арнап режиссер Қалила Омаров түсірді, «Қазақстан Ұлы Отан соғысында»(1985), «Қарасаздан шыққан мұңлы ақын»(1991) және т.б. «Қазақфильмның» соңғы деректі киносы Қазақтың біртуар ақыны Қасым Аманжоловтың 100 жылдығына арнаған туындысы. Мультипликациялық кино суреттер мен қуыршақтарға қимыл бере отырып жасалады. Ғылыми-көпшілік кино — жұртшылыққа жаратылыс пен әлеуметтік құбылыстарды ұғындыратын, өнер сырларымен таныстыратын фильмдер жиынтығы.
Қазақ киносы дегенде алдымен «Қыз Жібек» пен «Біздің сүйікті дәрігер» сынды классикалық дүниелер елестейтіні сөзсіз. Алайда қазіргі уақытта отандастарымыз соңғы шыққан туындыларға да жоғары баға беруде. «Қызыл қоян жайлы әңгіме», «Жоюшы», «Менің балалық шағымның аспаны», «Ғашық жүрек» сынды фильмдер шет елдік картиналарға қарағанда халыққа кеңінен танылды. Көпшілік бұл фильмдерді жылы қабылдады. Тіптен, Мемлекет тарапынан да көмек көрсетілуде. Деректерге сүйенсек
2003-2008 жылдардағы «Ұлттық филмдер өндірісіне» республикалық бюджеттен1392527 мың теңге көлемде қаражат бөлінген. Осы жылдар ішінде 80 фильм жарық көрген. Олардың арасында: 33 көркем (соның ішінде -7 қысқа метражды) фильм, 30 деректі фильм, 16 анимациялық фильм бар екен. Бүгінгі таңда көптеген көрермен қазақ киносы нашар, түсірілуі де шет елдік әріптестерінікімен салыстыруға келмейді деп ренжиді. Әрине, бұл орынды болар. Алайда «көш жүре түзеледі» деген халық емеспіз бе, уақыт өте бізде «Голибуд» түсірген киноны түсірерміз. Ал, әзірге осығанда шүкір. Қазақ киносы-қазақ тарихы. Өшпес із қалдырар мәдени мұра. Ертенгі күнге бүгіннен естелік.

"SuperТой" - супер кино!

Кеше киноның алдын ала көрсетілімі болады деген соң бардым. Біреу біреуге, ол біреу Аршатқа, Аршат маған айтты. Шынын айтсам құрдастың көңілін қалдырмаймын деп бара салдым. «Е, құдай, біздікілер не түсіреді дейсің?» деген ой басым болды. Қателесіппін.

Киностан: SuperТой - супер кино!
Әрі қарай

Мен оны #ЖАТырқамаймын

Себебі, жат қылығы жоқ. Барлығы өзіме — қазаққа тән. Тарихы да, сюжеті де. Себебі — бастан кешкенім. Тәнім сол тағдыр тезін тірнектеп жүріп өткермесе де, жаным сол қиын-қыстаудан қазір өткендей қансырайды. Қансырайды, өйткені жара жазылған жоқ. Көп сұраққа жауап алынған жоқ… Қансырайды, себебі тоқшылықта, күннің аманында қарным ашады алақаным тастай суып, қаным басыма шабады сол кезді елестетсем…

Блог - SaltanatOA: Мен оны #ЖАТырқамаймын
Әрі қарай

Блогиада #13. Әлемдік кино жасауға болатын қазақтың 5 шығармасы

Кейбіріміз күмән келтірерміз, ал кейбіріміз тіпті сенбеспіз. Алайда қазақ әдебиетіндегі кейбір көркем шығармалардың негізінде керемет фильмдер жасауға болар еді. Әйтеуір мектеп жасында әдебиетке үйір болған менің түйсігім солай дейді. Сонымен, қазақ әдебиетінің кейбір өкілдерін экранға шығарсақ, қалай болар еді?

Біздің кинода көп жағдайда махаббат, тарихи бағыттағы шығармалар қойылып жүр. Менің ойымша, басқа да жанрларда фильм түсіру үшін біздің әдебиетте материал жеткілікті.


Блог - patick: Блогиада #13. Әлемдік кино жасауға болатын қазақтың 5 шығармасыИллюстрация / алынған жері: dubanimation.com














Шығарма: Әбу Сәрсенбаев, «Толқында туғандар».
Синопсис: Қызыл революция қарсаңындағы қазақ балықшыларының өмірі, Каспий жағалауындағы халықтың тұрмыс-тіршілігі. Болып жатқан өзгерістер мен оқиғалар 6-7 жасар баланың атынан баяндалып, беріледі.
Несімен ерекше: Қазақ әдебиетінде революцияға арналған шығармаларда әдетте малшылардың өмірі көп баяндалады. Бұл шығарма әдебиетімізде жаңа бетбұрыс жасады: теңізден балық аулап-өңдейтін балықшылар, жағадағы қым-қуыт тірлік, жүзбелі зауыттар, итбалық аулау кәсібі — осылардың барлығы қазақ халқына қатысты көз алдымызға мүлдем басқа картиналар алып келеді. Тіпті Еуропаны аздап еске түсіргендей болады.

Бұл шығарманың ауқымды кино жасауға әлеуеті толық жетеді. Минимум — Қазақстан киносында төңкеріс жасауға болады, максимум — шетелдік көрермендер жатсынбайтындай бұқаралық өнім шығаруға болады.

Егер мен режиссер-сценарист болсам, шығарманы барлық кейіпкерлерімен қоса түгелдей экранға шығармас едім. Маған басты кейіпкер — баланың хикаясы қызығырақ. Сондықтан баланың итбалық аулауға кеткен әкесін іздеп теңізге аттанатын тұсынан бастап, небір қызықты да қорқынышты оқиғаларды бастан өткізгеніне, теңіз толқындарынан аман қалып, жағаға оралуына дейінгі аралықты кесіп алып, соған акцент қояр едім.

Жанры (жобамен): қызық оқиғалы драма (приключение).
Ұқсас фильмдер: Дәлме-дәл дей алмаймын, бірақ кейбір көріністері «Пидің өмірі» (2012), «Кон-Тики» (2012) секілді шедеврлерді еске түсірер еді.


Блог - patick: Блогиада #13. Әлемдік кино жасауға болатын қазақтың 5 шығармасыИллюстрация. Суретші: Александр Дегтев / алынған жері: worldart.uol.ua














Шығарма: Мұхтар Мағауин, «Шақан Шері».
Синопсис: Повесте басты кейіпкердің әйелі мен баласы жолбарыстың құрбанына айналады. Өшіккен шаруа қолына қару алып, бүкіл жолбарыс атаулының көзін құртпайынша тоқтамауға бел байлайды.
Несімен ерекше: Сюжеті экшн-драмаға сұранып-ақ тұр. Оның үстіне кейіпкердің ішкі ойын, қайғысы мен толғанысын шебер жеткізе білсе — кішігірім шедевр жасауға болады. Бұл жерде жолбарыстарды көрсету үшін «Motion capture» технологиясы (адам қимылын пайдаланып жануарларды анимациялау) таптырмас тәсіл болар еді.

Кезінде «Бірінші сәуір — алдау күніне» арнап осы туралы фейк жаңалық етіп жазғанымызды Киностан оқырмандары әлі ұмытпаған шығар. Көпшілік соны шын қабылдап, кейбір басылымдар көшіріп басқаны бар. Қанша әзілдесек те, мен «Шақан Шеріні» киноға бейімдеуге болатынын ешқашан естен шығарған емеспін.

Жанры (жобамен): эшкн-драма, қызық оқиғалы.
Ұқсас фильмдер: Атмосферасы Лиам Нисон ойнаған «Сұр» (2011), Даррелл Рудттың «Жемтік» (2007), Майкл Дуглас пен Вэл Килмер ойнаған «Елес және Қараңғылық» (1996) фильмдеріне ұқсас болар еді.


Блог - patick: Блогиада #13. Әлемдік кино жасауға болатын қазақтың 5 шығармасыИллюстрация / алынған жері: bioware.ru












Шығарма: Медеу Сәрсекеев, «Жетінші толқын».
Синопсис: Повесте оқиға Қайсар есімді журналисттің атынан баяндалады. Ол Ұлы Отан соғысы кезіндегі Шынтас деген қазақ өнертапқышы туралы біліп, сол туралы кітап жазбақ болады. Ізденіп жүріп, оның ауылын табады. Кейін анықтағандай, Шынтас соғыс кезінде жауынгер жолдастарымен жаудың тұзағына түседі. Сол кезде ғалым электр энергиясын талқын түрінде қабылдайтын құрылғы ойлап тауып, соның көмегімен жартасты балқытып, тесіп шығады.
Несімен ерекше: Бұл повесті мен мектеп жасында оқығанмын. Сондықтан көп деталдары ұмыт болды. Бірақ күшті әсер еткені әлі есімде. Шығарманың әдеби эффектісін сезіну үшін міндетті түрде оқу керек, оны сіздерге әсерлі етіп баяндауға тіл байлығым жетпейді.

Жанры (жобамен): фантастика, экшн.
Ұқсас фильмдер: Бұл жобаны суперқаһармандық кино санатына да қосып жіберуге болады. Ал сюжеті ұқсас фильмдерден Даррен Аронофскидің «Пи» (1997), Марвелдің «Капитан Америка: Бірінші кек алушы» (2011) секілді жобаларды атауға болады.


Блог - patick: Блогиада #13. Әлемдік кино жасауға болатын қазақтың 5 шығармасыИллюстрация: Еркін Рақышевтің «Тұрар Рысқұлов» деректі фильмінен кадр






Шығарма: Шерхан Мұртаза, "Қызыл жебе".
Синопсис: Белгілі саяси тұлға Тұрар Рысқұловтың өмір жолын баяндайды. Бала кезінде әкесімен бірге түрмеде отырған кезінен бастап, Түркістан автономиясын басқарғанға дейінгі өмірі хронологиялық ретпен айтылады. Қазақстанға теміржолды алып келген, бірқатар одақтас республикалардың дамуына еңбегі сіңген, ашаршылық жылдары Сталинге шындықты жазып, елін аман алып қалу үшін жанын салған тұлға жайында.
Несімен ерекше: Бізде саяси тұлғаларға (Елбасы туралы трилогияны айтпағанда) арналған өмірбаяндық картиналар жоқ. Ал Тұрар Рысқұловтың күрделі өмірі мен саяси жолы кино желісіне сұранып тұрғандай. Бала кезінен қиындық көріп өскен, қылмыскер малшының баласы ат қора тазалаушыдан ел басқарушыға дейінгі жолды жүріп өтеді. Менің ойымша, Тұрар Рысқұлов — қазақтың Абрахам Линкольны.

Жанры (жобамен): өмірбаяндық, саяси драма
Ұқсас фильмдер: Мен Тұрар Рысқұлов туралы фильм түсіруді ойласам көз алдыме бірден Стивен Спилбергтің «Линкольны» (2012) келе қалады.


Блог - patick: Блогиада #13. Әлемдік кино жасауға болатын қазақтың 5 шығармасыИллюстрация / алынған жері: stylefavor.com













Шығарма: Батырлар жыры.
Синопсис: «Алпамыс», "Қобыланды", «Ер Тарғын», "Қамбар батыр", т.б. Бұларды біз бала кезден білеміз. Эпостардың бәріне ортақ кейбір қасиеттері бар: қаһарманның жаратылысы ерекше, өте әділ, жауынгер болып келеді. Сюжетте батыр елін жаудан, немесе құдіретті күш иесінен қорғап, ұрланған қалыңдығын құтқарады. Қаһарманның әлсіз тұстары болмайды және астындағы арғымағы жеке спин-оффқа татырлық ақылды болады.
Несімен ерекше: Бұлар халықтың арманындағы жиынтық образдар ғой, сонысымен де батырлар жыры өте идеал. Отбасы болып көретін фэнтези боевиктер үшін таптырмас материалдар. Грек аңыздарын сәтті экрандап жүрген Голливудтың үлгісін бәріміз білеміз. Неге өзіміздің аңыздардан фильм жасамасқа?

Жанры (жобамен): фэнтези, экшн
Ұқсас фильмдер: Сэм Уортингтон ойнаған «Титандардың шайқасы» (2010), «Титандардың қаһары» (2012), «Троя» (2004), «300 спарталық» (2007), т.б.


Бонус
Кино туралы әңгіме қозғала қалған екен, жоғарыда айтылған шығармаларға бонус ретінде өз ойымда жүрген бір идеямен бөлісе кеткім келеді. Мүмкін біреудің керегіне жарап қалар.

Қазір жануарлар әлемі туралы мультфильмдер өте өтімді өнімдер саналады. Авторлар жабайы хайуандардың өмірін күлкілі, қызық оқиғалы формада бере отырып, олардың қазіргі мүшкіл хәлдеріне де жұртшылықтың назарын аудартады. Сондықтан, анимациялық туындыларды экологиялық мәселелерді жеткізудің ең ұтымды амалы деп те қарастыруға болады. «Рио», «Мадагаскар», «Мұз дәуірі», «Көңілді аяқтар» — соның мысалы.

Қазақстанда популяциясы құрыған Балқаш жолбарыстары жайында («Шақан Шеріні» айтпағанда) көркем туынды бар ма, жоқ па — мен нақты білмейді екенмін. Менің анимациялық ауқымды жоба жасауға мүмкіндігім болса — осы жолбарыстардың аянышты тағдырына толықметражды анимациялық фильм арнар едім. Концепциясын адамдар келгенге дейінгі олардың бақытты өмірін суреттей отырып, екі аяқтылар келіп, төңіректегілердің бәрін қырып-жоя бастаған кездегі ахуалды бір жолбарыс-кейіпкердің көзімен беруге болады. Толық сценарийін әлі ойластырған жоқпын, бірақ ақырғы эпизодын «хэппи-энд» стилінде көрсетер едім: Іле өзенінің бойында, адам аяғы жете бермейтін жерде, қалың бытқыл арасынан жолбарыстың көзі жарқ етеді (Титр).

Меніңше, «Арыстан патша» (1994) секілді халықаралық деңгейдегі жоба жасауға әбден болады.

Кім біледі, мүмкін батыл, амбицияға толы режиссерлердің бірі осы идеяларды оқып, біреуін іске асыруға шындап кірісіп кетер. Егер ондай азамат табылса — мен тек сәттілік пен ақ жол ғана тілеймін.
Әрі қарай

"Шал". Қазақ киносы өсті

Бір секундқа да қалғытпайтын фильмдерді жақсы көремін. Егер ұйықтап кетіп, кез келген жерден оянып, не болғанын түсіне беретін болсаң – кино емес. Ал әр секунды ажырамас бөлік болса – кино.
Кезінде тап-тамаша фильмді «Келін» деп атағаны үшін Ермек Тұрсыновты жек көріп едім. Оның режиссурасы мықты. Ұлтжандылық жетпейді. Ал «Шал» үшін алғыс айтамын. Бір-ақ сөз «Гармония»!
Ұнады:
1. Қасқыр (Құртқа)
2. Ерболат Тоғұзақов (Шал)
3. Сценарий (мәтін)
4. Операторлық жұмыс
5. Музыка
6. Футболист қойлар

«Тырнақ астынан тапқан кір»
1. Шайтанбек: Даланы тұман басты
Иісбек (ЖАБЫҚ ТҰРҒАН ТЕРЕЗЕГЕ ҚАРАП): Еее…
2. Шайтанбектің даусы жүйкемді жұқартты
3. Қай ауылда телевидениеге жарнама беріп, іздеу салу бар? (Дикторына қарағанда 80-жылдардағы телевидение)
4. «Хамер» ішіндегілер қалай апатқа ұшырағаны мүлде түсініксіз
5. Із кесе алмайтын неғылған ТЖМ???
6. Орликтен бас, жүген, құйрықтан өзге ештеңе қалдырмаған қасқырлар қойды шала-пұла жеген…
7. Шайтанбек сайға түсіп, шалды сүйретіп, атқа отырғызып, қырға шыққанша ТМЖ-ң асығып кетіп бара жатқан көліктері әлі сол жерде кетіп бара жатты.
8. Қасқырдың бөлтірігі КӨКТЕМДЕ дүниеге келеді, ЖАЗДА бауырын көтеріп жүреді.
Әрі қарай

Ерболат Тоғызақов: барлық трюктарды өзім істедім



Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген Ермек Тұрсыновтың «Шал» фильмінде басты рөлді сомдаған Ерболат Тоғызақов — бұған дейін жалпы көпшілікке аса таныс емес тұлға. Алайда «Келін», «Балалық шағымның аспаны», «Сталинге сыйлық», «Қызғылт қоян туралы аңыз» секілді бірқатар туындыларда қосымша, эпизодтық рөлдерді сомдаған актер ұзақ жылдар бойы кино саласының отымен кіріп, күлімен шығып келеді.

Киностан порталы Ерболат Тоғызақовтың «Шал» фильмінен алған әсерлерін, ойларын сіздерге ұсынып отыр.
Әрі қарай

Мерген бала, немесе анимация қасқырды қалай атып алу керек?


"Аңшы бала" — Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының 2012 жылғы туындысы. Еліміздегі прокаты шектеулі — «Кинопарк» және «Киноплекс» кинотеатрлар желісінде ғана көрсетіледі. Көпшілікке кеңінен тарайды деп күтілген картинаның бұндай жағдайына ешкім әлі түсінік берген жоқ.
Әрі қарай

Kinostan.kz: бір жылдық қорытынды есеп



Кішкентай кейіпкерлер жоқ, кішкентай актерлар бар.
Оноре де Бальзак


Бұдан тура бір жыл бұрын, дәл осы 11 маусымға азды-көпті елді шақырып, kinostan.kz жобасының азын-аулақ таныстырылымын өткізген болатынбыз.

— Қалай қарайсың?
— Болады.
— Бастайық онда, — деп апыр-топыры шығып, бір түннің ішінде Интернетке шығып кеткен kinostan.kz туралы сол кезде ыстық-ыстық тілектер айтылып еді.

Бір жылдың ішінде біздің жоба біраз дамып қалды. Әрине, жоқ жерде сайт құру, стартаптың ең төменінен бастау өз кемшіліктері мен кедергілерін көрсетіп-ақ жатыр, әйткенмен, энтузиазм, үміт әлі таусылған жоқ, еңбек қайтар деген ой бар.
Әрі қарай

ПетропавловСікте қазақ экшінінің прьемерасы болмайды екен

Жаратқан ием!!! Петропавлда тудырған екенсің, ес кірген соң бұл қоғамда байғұс жаным қиналатынын біле тұра, тым құрыса орыс ауылында ер жеткізуің керек еді!

Жыляп отырмын, жамағат! жыляп отырмын… Жанарымнан тамған жасыл мұңдарым бір менікі емес, бүкіл қазақтыкі ма деп жыляп отырмын!
Себебі жаңа ғана суыт хабар естідім… Қазақтардың «Жаужүрек 1000 бала» тарихи экшінінің прьемерасы ПетропавловСік кинотеатрларында, дұрысы кинотеатрында өтпейтін болды диді. Сенбесеңдер 8 (7152) 46-84-46; 46-87-04 мынау нөмірге звандап білсеңдер де болат нақ.
«30-ға тарта әлемдік прокатшы қызығушылық таныттыңды» ұрайын, іргеңде тұрған Петр мен Павл түк қызығып жатқан жоқ.
Дискісін сатып алуға тиыным жоқ, так шо пиратскийі шыққанша жұрттың рецензиясын оқыған сайын мал боп ішіп, күтуден басқа амал қалмады.
Әрі қарай

Қанағат Мұстафин Қажымұқан туралы фильм түсіреді



«Рывок» спорттық драмасын түсірген қазақстандық режиссер Қанағат Мұстафин «Қажымұқан» атты уақытша атауы бар фильмді түсіруге бел шешіп кіріспек.

Режиссер жаңа фильмін атақты балуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың өмірбаяны бойынша түсіреді. Бұл туралы Мұстафин Afisha.Today.Kz ресурсына берген сұхбатында әңгімеледі.
Әрі қарай

Кино жаңалықтары - 28 ақпан 2012

ЛОС АНДЖЕЛЕС. Кино жүлделерінің Оскары болып саналатын Оскар жүлдесінің марапаттау салтанатты шарасы өтті.

АСТАНА. "Ұлттық құндылықтар" қоғамдық бірлестігінің басшысы Ақал Теке Ермек Тұрсыновтың жаңа фильмін көрмегендерін, бірақ сынауға дайын екендерін мәлімдеді.

АЛМАТЫ. Кинорежиссер Рақышевтың достарының көбі оның режиссер екенін білмейді екен. Талантты режиссердің не үшін бүгінге дейін жасырып келгені белгісіз.

АСТАНА. Қазақ кинематографиясына ауыр соққы! «Жетімдер» фильмі енді сериал болып шықпақ, ал «Айша» сериалы жеке фильм болып түсірілмекші.

ҚЫЗЫЛОРДА. «Сыр ақшамы» газетінің тілшісі Эльмира Қуанышқали інісінің ескертулерін елемей, кино тақырыбындағы мақалаларының астына өзін әлі де кинолог деп жазып жүр.

ШЫМКЕНТ. «Көшпенділер» фильмінің фанаттарына «Көшпенділердің кітабы шықты» деп Есенберлиннің романдарын сатып жүрген алаяқ ұсталды. Еш жерде жұмыс істемейтін 28 жасар алаяқтың үйінен тағы бірнеше кітаптар табылды. Қазір ол кітаптардың қай фильмдерге тиесілі екені анықталуда.
Әрі қарай

Менің күнәлі періштем – классикалық қазақ киносы



Түсіндірме сөздікте «классикалық» сөзінің бір мағынасы ретінде «бір үлгідегі», «әлдебір дүниеге тән құбылыс» деген сипаттамалар келтіріліпті. Осы уақытқа дейін шыққан қазақ фильмдерінің ортақ қасиеттерінің басын қоссақ, «классикалық қазақ киносының» бет-бейнесін шығаруға болады деп ойлаймын.
Әрі қарай

Алдар көсе шұлғаусыз етік киіп, "Қара жорға" билейді

Осы жылдың сәуір айында фестивальдық көрсетілімі болып өткен, бірақ комиссиялық тексерістерден енді өтіп, көрермен назарына ұсынылып отырған «ХХІ ғасырда Алдар көсенің бастан кешкендері» атты фильмнің алдын ала көрсетілімі бүгін болды. Фильм прокатта бір аптадан екі аптаға дейін ғана жүреді екен. Яғни, жұрт көп барса (жалпы, барса) екі апта, бармай қойса, бір-ақ апта. Және жұрттың барған-бармағаны фильмнің жалғасы түрілетін-түсірілмейтінін де шешеді.
Әрі қарай

Киностан һәм блогшылар. Минибар



Сонымен… сайт ашылды. Киностан дейтін. Оу баста бірімізде әуесқой сайт, бірімізде блог ретінде күн кешкен идея енші алып, жеке шықты. Болашақта, Құдайым жазса, кем дегенде жиырма қабат болар ғимараттың қазықтары қағылды, іргетасы қаланды, алғашқы кесектері құйылды (стройбригаданың бастығы — @blackbeard).
Әрі қарай

"Ликвидатордың" диагнозы - лағу

Тақырыптағы етістіктің тура да ауыспалы мағынасында айтарым осы. Иә, Сатаевтың соны туындысы қазақ киносының қалыбын жаңаша құяды. Бұрын-соңды болмаған беталыс әкеліп, “боебой” рухты бөпелеп тастайды… Сонда да, Сатаевтың осы кезге дейінгі кинографиясында маған бұл өтпелі, өткінші дүниедей көрінеді де тұрады. Сонымен, несі ұнамайды дейсіз ғой?
1) “Жақсы тақырып – жарты мақала“.
Әрі қарай