Мерген бала, немесе анимация қасқырды қалай атып алу керек?


"Аңшы бала" — Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының 2012 жылғы туындысы. Еліміздегі прокаты шектеулі — «Кинопарк» және «Киноплекс» кинотеатрлар желісінде ғана көрсетіледі. Көпшілікке кеңінен тарайды деп күтілген картинаның бұндай жағдайына ешкім әлі түсінік берген жоқ.
Фильм «балаларға арналған экшн» деп сипатталған еді. Балаларға арналғанына көз жеткіздік, бірақ ол экшн емес – оған жүз пайызға сенімді бола беріңіз. Сюжеттің өрбуі мен шиеленіске тырысқан көріністеріне қарап, максимум – қызық оқиғалы драма (приключенческая драма) деген мінездеме беруге болады.

Актерлік құрамы екі жас категориясына бөлінеді: тәжірибелі ересек актерлер (Жүрсін Ерман, Жүсіп Ақшораев, Жанар Мақашева, Әлихан Ыдырысова) мен және экранға алғаш шыққан балғын балалар (Санұржан Сүлейменов, Жәнел Аликова). Бұл жерде басты назар балаларда, ересектер жай көмекші құрамда десе де болады.
Бұл картина да «шеберліктің жетіспеушілігі» деген қазақ киносына тән мәселеден айналып өте алмапты. Балалардың тырысқаны көрініп тұр, бірақ шынайылық пен қарапайымдық бәрібір жетіспейді. Бірде жеткізбей ойнаса, бірде тым асыра ойнап жібереді. Десек те оларды шыңдаса, шеберліктерін арттырса – жақсы актер деңгейіне көтеруге болатынын ескерген дұрыс. Әсіресе, Жанель Аликова кинодағы еңбегін жалғастырып жатса — жарқын рөлдерімен көрініп қалар деген үміт бар.

Сюжет бойынша, қаланың Қамбар есімді баласы құмда түйе бағатын ата-әжесіне қонаққа келеді. Бұл ауылдағы басты мәселе – Көкшолақ атанған көкжал. Өзі ұстатпайды, есесіне түнімен малға тыным бермейді. Бірде Қамбар ұнатып қалған Самал есімді қыздың лағын қасқыр жеп кетеді. Қамбар көкжалдан кек алу үшін алыс жолға шығады. Қыз да оған ілесіп кетеді.
Шытырман хикая осы жерден басталуы тиіс еді. Бірақ Қамбардың қарапайым баладан қаһарманға айналуына басты себепші болатын қасқырды көре алмадық. Оның орнына анимациядан «қашып келген» мульт бөріге куә болдық. Компьютерлік графиканың айқындылығы сонша, жүгіріп бара жатқан ебедейсіз жыртқышымыз балаларға қауіп төндіре алатынына сендіруден бұрын, аздап күлкі де шақырғаны рас.

Қорыта келе, «Аңшы бала» тек қана балаларға арналғанын баса айтқымыз келеді. Рас, бұқаралық кино жасауға талпыныс бар. Рас, ортанқол болып қалмаудың алғышарттары кездеседі. Бірақ, кейбір факторлар (актерлер шеберлігі, оператор жұмысы, арзанқол компьютерлік графика, сюжеттің дұрыс құрылмауы) фильмнің жоғары бағалануына кедергі келтіріп тұр.
Қалай десек те, соңғы сөз – балаларда. Балаңызға ұнаса – фильмнің мақсатына жеткені.
Бөлісу:

11 пікір

Armanjan
тәжірибелі ересек актерлер (Жүрсін Ерман,
мәәә, бұ кісі актер меді?
edige
Тәжірибелі ересек актерлер және Жүрсін Ерман болуы керек шыгар
FaraOn1
приключенческая драма
шытырман оқиғалы болып аударылмаушы ма еді, әлде экшыны болмағасын қызық оқиғалы дей салдыңыз ба?)))
zholantai
ебедейсіз кино деп ойлаймын, көрелік
MickThatsMyNick
Бір түсінгенім кез келген тақырыптағы киноны қызық етіп түсіруге болады, сондықтан қазақ киносында басты проблема: реализэйшн. Егерде осы мәселесі жеңілсе, қарауға тұрарлық.
Abilakim
дискке шықса екен немесе торрентерден жүктеп алатын жағдай жасалса. «Менің де атым Қожаны» көрген бауырларымыз бұны да көрер
patick
«Менің де атым Қожадан» әлдеқайда жоғары, шамамен «Бәйтеректің» (ол да балалар фильмі) деңгейінде
Gulzhanat
Әлі-ақ адам болып кетеміз
Жылдар өте «Годзилла» мен «Анаконданы» айтқа сияқты: «Классика!»- деп қойып, көреміз.
Daniar-Alan
не болса о болсын… біздіңкілер жарнаманы үйреніп келе жатыр!!!