Шығармашылықты жеке бастың "еркелігінен" айыра аламыз ба?

Негізі бұл мақаламды қазақ тілді сайттардың бірінде жариялап едім, редакция саясатына сай келмейді деп алып тастапты. Еркін блог саясатынан айналдым, еш шектеу, жалтақтығы жоқ.



HBO арнасынан көрсетілген «Leaving Neverland» документалды фильмінің көрсетілімінен соң Майкл Джексонның Ұлттық футбол музейінің алдында бес жыл бұрын орнатылған статуясы демонтаждалды. Көптеген радиостанциялар «поп музыка королінің» әндерін ротациядан алып тастады. «Симпсондар» сериалының 1991 жылғы шығарылымынан Джексонның дауысы өшіріліп тастады. Осы пәрменмен Майкл Джексонның әндері барлық беделді музыка каталогтарынан алынып, кейін ортаңқол сайттарда, ескі DVD CD дискілерде ғана қалуы мүмкін деген болжамдар да бар. Бәріне себепкер болған режиссер Ден Ридтің «Leaving Neverland» фильмі. Картинада хореограф Уэйд Робсон мен программист Джеймс Сейфчак бала күндерінде әйгілі музыканттан сексуалды сипаттағы зорлық көргенін тәптіштеп айтады.
Бұл туралы BBC «Майкл Джексон ұлы артис әрі педофил ме? Бізге осы оймен өмір сүруге тура келеді» деген тақырыпта мақала жариялады. Ал Guardian тілшісі «төрт сағаттық документалды фильмнің үшінші минутында-ақ Майкл Джексон мұрасы ендігәрі бұрынғыдай болып қалмайды» деп жазады. Майкл Джексон абыройы төгілген жұлдыздардың біріншісі де, соңғысы да емес. Британиялық поп-рок орындаушысы Гари Глиттер 1972-74 жылдары музыкалық чарттардың олимпінен түспеген. Қылмыстық хорникаларға да оның есімі біраз уақыт арқау болды. Тергеу әншінің бірнеше рет кәмелеттік жасқа толмаған қыз балаларды зорлағанын анықтады. Бұл жағдай оның әншілік карьерасын аяқтауына себепші болды. Педофилияға қатысты айып танымал актер Кевин Спейсиге де тағылды. Қазір АҚШ соты 18 жасар жасөспірімге сексуалды сипаттағы әлімжеттік ету фактісі бойынша істі қарауда. Егер Спейсидің кінәсі анықталса, ол 5 жыл мерзімге дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Кевин Спейси осыған дейін де мұндай дауға ілігіп жүрді. 2017 жылы актер Энтони Рэпп 30 жыл бұрын Спейсидің зорлық жасамақ болғанын айтқан еді. Ол кезде Спейси мұндай жағдайдың есінде жоқ екенін жазып, сонда да Рэпптен кешірім сұраған. Кейін ол өзінің гомосексуалды жыныстық бейімділігін жария етті. Көп ұзамай өзге де бірнеше адам Спейсиден зорлық көргенін айтты. Ал «Карта үйшігі» фильмінің басты рөлін ойнаған актермен Netflix компаниясы барлық байланысын үзді. Сонымен қатар екі рет «Оскар» премиясының лауреаты атанған Кевин Спейсиге «Эмми» премиясын тартудан бас тартты. Ал "Әлемнің барлық ақшасы" фильмінен Спейси ойнаған эпизодтар алынып тасталып, фильм басқа актермен қайта түсірілді.



Бұрынғы қылмыстары үшін қоғамның теріс пікіріне ие болғандардың қатарында әйгілі модельер Коко Шанель де бар. 2011 жылы Хел Воганның «Жаумен төсекте: Коко Шанельдің құпия соғысы» кітабы жарыққа шықты. Мұнда нацистермен қызметтестігі мен оншақты құпия операциялар туралы айтылады. Олардың арасында Черчилльді ағылшын-герман келіссөздеріне көндіруге қатысты «Модельхаут» (немісшеден аудармасы — Сәнді шляпа) операциясы бар. Ал 2016 жылы неміс архивтерінен табылған құжаттар Шанельдің нацистер агенті болғанын дәлелдеді. Мадмуазель Коко гитлершілер арқылы өзінің бәсекелестері еврей ағайындылар Вертхаймерлер бизнесінің қомақты бөлігін тартып алған екен. Нацистермен байланыста болған жалғыз Шанель ғана емес, Hugo Boss сәнді киімдер үйінің негізін қалаған Метцинген Хьюго Фердинанд Босс та гитлершілердің қоңыр көйлегін тігу арқылы өз бизнесін өрге домалатты. Бұл мәмілеге қол жеткізу үшін Хьюго Босс НСДАП қатарына енуге мәжбүр болды. Кейінірек модельер өз бизнесін сақтап қалу үшін ғана мұндай қадамға барғанын айтып ақталды. Алайда Роман Кестердің «Hugo Boss, 1924–1945» кітабында соғыс жылдары Hugo Boss фабрикасында 140 поляк және 40 француз тұтқыны адам төзгісіз ауыр жағдайларда жұмыс жасағаны баяндалады. Айтпақшы, бұл кітапты тарихшы «Hugo Boss» компаниясының тапсырысы бойынша жазған болатын. Компания өкілдері кітапты еш цензурасыз, автордың қолжазбасы негізінде басып шықты. Сонымен қоса компания Хьюго Фердинанд Босс басқарған фабрикада тағдыры тәлкекке ұшыраған жүздеген адамдардан, олардың ұрпақтарынан кешірім сұрады.
Нацистік көзқарастары үшін сынға ұшырағандардың арасында IKEA жиһаз дүкендері желісінің негізін қалаған Ингвар Кампрад та бар. Алғаш рет бұл туралы журналистер 1990 жылдардың басында жазған еді. Сол кезде антигуманистік көзқарастары үшін айыпталған бизнесмен фюрердің «жасөспірімдік жүгенсіздігіне» сүйсінгенін және нацистерден гөрі, фашистерге жылы қарайтынын айтты.
Esquire Kazakhstan бас редакторы Гүлнар Бажкенова өзінің телеграм каналында Майкл Джексонға қатысты скандал туралы былай деп жазады:
«Мен Джексон музыкасын жеке дара тыңдауды әзірше елестете аламын, алайда көпшілік орындарда әнші әуендерін пайдалануды ұмыту керек шығар. Қай Есі сау фигурист әлем чемпионатында Майкл әндеріне билейді? Қай дизайнер 2019-2020 жылдар сән апталығында өз коллекциясын оның миксімен көрсетеді? Қай режиссер оның саундтрегін пайдаланады? Автордың жеке өмірін оның шығармашылығынан бөліп қарау керек пе? Бұл сұрақ соны емес әрі риторикалық деуге болады. Жауабы жоқ, егер сіз бөліп қарай алсаңыз қанекей».
Қазақстандық жұлдыздар арасында аяғын шалыс басқандар бар ма? Біздің қоғам оған қалай қарады? Кешіре алды ма, шығармашылықты жеке өмірден бөліп қарай алды ма?
2009 жылы «Время» газетінде «Тука» атымен танымал артист Нұржан Төлендиновтың қыз зорлады деген күдікпен ұсталғаны хабарланған. Бұл іс жайлы Алматы қаласы ІІД баспасөз қызметінің басшысы Салтанат Әзірбек газет редакциясына растап ресми мәлімдеме берді. Алайда тергеу амалдарының нәтижесі туралы толыққанды ақпарат болмай, оқиғаның немен аяқталғаны белгісіз.


Танымал әнші Қайрат Түнтеков 2012 жылы ірі жол көлік апатын жасады. Әнші соққан көлік иесі ауыр жарақаттармен емханаға жеткізілген еді. Сот Қайрат Түнтековты көлік айдау құқынан 2 жыл 9 айға айыру, 40 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарған болатын. 2015 жылы бұқаралық ақпарат құралдары осы оқиғаны тағы да еске салды. Себеп — әнші үш жыл бойы жол көлік апатына қатысты қарызын төлемеген. Көлігі соғылып, өзі жарақат алған қыздың амалы қалмай сотқа жүгінуіне тура келген. Отандық баспасөз беттерінде Қайрат Түнтековке іздеу салынғаны туралы жазылғанда өнердегі әріптестері қарыздың сомасын жиналып төлемек болған еді.
Сотты болған емес, сотқа арызданған Бақыт Сәрсекбаевты да көпшілік қабылдай алмай жүрді. Ол бұрынғы бапкерімен үй үшін араздасса, бұрынғы әйелін машина дөңгелегі үшін сотқа бермек болған. Қоғам арасында чемпионның бұл әрекеті түсінбестік тудырды.
Сот демекші, қылмысы құрықталған тағы бір өнер қайраткеріміз — Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының бұрынғы директоры, актер Ерлан Біләл парақорлық бойынша істі болған. Былтыр қаңтар айында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Нұрлан Жахин жергілікті БАҚ-қа Ерлан Біләлдің Алматыда «театр базасын жаңа жыл кезінде балаларға арналған қойылым өткізуге жалға бергені үшін заңды тұлғадан бір жарым миллион теңге пара алу үстінде» ұсталғанын мәлімдеді. Парақорлық фактісі расталып, сот 52,5 миллион теңге айыппұл төлеу туралы шешім шығарды. Facebook желісінде актердің жұбайы Майгүл Біләлова күйеуімен бірге түскен суретін жариялап, "Әлеуметтік желіде алып-қашпа сөздер мен Ерланды қаралап жатқан түрлі пікірлер көп. Дегенмен, Ерланның жағдайын сұрап, қолдау білдіріп жатқандарға рахметімді айтқым келеді. Ер адамның басына не келіп, не кетпейді? Бұл да бір Алланың сынағы болар… " деп жазған болатын. Қазіргі уақытта Ерлан Біләл дәл сол театрда қызмет етуде, айыппұлын әлі төлеп жүр.
Қазақстандық шоу-бизнес өкілдерінің шалыс басқан қадамдары аз емес, бірі шовинистік көзқарастарын ашық жария етсе, бірі қонақүй қызметшісін балағаттап, енді бірі сахна төрінен ақсақалды ренжіткен. Абырой болғанда жұлдыздардың ашуы жылдам басылып, кешіріп сұрауға дайын тұрады. Ал әлеуметтік желіде түтіп жеуге дайын отырған ызалы жұрттың реніші «шайы орамал» кепкенше. Бәлкім қазақстандық қоғам өнер мен жеке бастың кемшіндерін бөліп қарай алатын шығар… Әлде бұл да бір сынақ па?
Бөлісу:

1 пікір

merekeee
Қатесі, қылмысы үшін ол тиісті ЗАҢды жазасын алады, бірақ ол үшін бұған дейінгі фильмо/дискография, еңбек, авторитетін сызып тастау, жек көріп кету дұрыс емес-ау…