Ерболат Тоғызақов: барлық трюктарды өзім істедім



Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген Ермек Тұрсыновтың «Шал» фильмінде басты рөлді сомдаған Ерболат Тоғызақов — бұған дейін жалпы көпшілікке аса таныс емес тұлға. Алайда «Келін», «Балалық шағымның аспаны», «Сталинге сыйлық», «Қызғылт қоян туралы аңыз» секілді бірқатар туындыларда қосымша, эпизодтық рөлдерді сомдаған актер ұзақ жылдар бойы кино саласының отымен кіріп, күлімен шығып келеді.

Киностан порталы Ерболат Тоғызақовтың «Шал» фильмінен алған әсерлерін, ойларын сіздерге ұсынып отыр.

* * *

Фильмнің финалында қасқырмен бетпе-бет келіп, тағының мені кешірген сыңайда қарап, кері бұрылып кететін жері бар. Бұл — режиссердің, монтаждаушылардың, оператордың үлкен еңбегі.

* * *

Түсірілім барысында мен сол қасқырға деген үлкен алғысты сезіндім. Әбден шаршаған болатынмын. Әрең дем алып, қалжырап жатқанда, өмір үшін күрес шегіне жеткенде қасқыр мені кешіреді.

* * *

Фильмді мен тек монтаж аяқталған соң барып көрдім. Шынымды айтсам, экрандағы шалды адам ретінде қатты аяп кеттім.

* * *

Алдымен каскадерлар трюктарды жасап отырды. Қасқырмен алысты, өзенге құлады, жардан секірді дегендей. Содан кейін барып мен қайталадым. Себебі бас кейіпкердің беті-әлпеті көрініп тұруы керек болатын.

Режиссер маған каскадерларсыз жұмыс істеуге рұқсат бермеді. Жандарбек Күнғожинов (каскадерлар тобының жетекшісі — Киностан) бастаған жас жігіттер көрсетеді, Ермек «Істей аласың ба?» деп сұрайды. «Істеймін» деймін мен. Себебі аналардың қолынан келіп жатыр ғой. Сөйтіп барлық трюктарды өзім жасап шықтым.

* * *

Түн ортасында айнала от жағып бас кейіпкердің қасқырлардан қорғанатын жері бар. Сол кезде қорқыныштылау болды. Алды-артыңда тағы жүгіріп жүр оның үстіне. Қасқыр деген көндіге қоймайтын хайуан ғой. Арнайы үйретушілер, снайперлер, қосымша көмекшілер бар, бірақ Құртқа тұқымының аяқ асты не істейтінін біле алмайсың.

* * *

Ермек мені шақырып алды да футболға қалай қарайтынымды, құмар ойындарға қалай екендігімді, тағы басқа дүниелерді сұрады. Сосын қалың мал алып жатқан әкенің рөлін сомдап берші деді. Мен қызын ұмытып кеткен, есіл-дерті барынша көбірек қалың мал алудағы адамды көрсеттім. Режиссерға ұнады.

* * *

«Келінде» мен ұлты белгісіз кейіпкер болып ойнадым. «Сталинге сыйлықта» дүнгеннің, «Қызғылт қоян туралы аңызда» өзбектің, ал Питер Уэйдің «Өткенге жол» туындысында ламаның бейнесін сомдадым. Сосын мен бірде-бір рет қазақ болып ойнамағанымды, болғым келетіндігін айттым.

* * *

Кастингке біршама актер қатысты. Көпшілігінің кәсіби дәрежесі менен жоғары болатын. Бірақ кейбірінің денсаулығы жарамады, кейбірінің жасы келмеді.

* * *

Түсірілім жұмыстары 2011 жылдың қысында Қаскелең маңында жүрді. Сол қыста өзенге құлап фильм түсірдік.

* * *

Кәсіби мамандармен жұмыс істеу қиын маған. Режиссер түсіндіреді, мен түсінгендей боламын, бірақ бәрібір көңілден шықпай қалудан қорқамын. Студенттермен жұмыс жасау оңай. Жалпы кез келген рөлден бас тартпаймын.

* * *

Жәнібек Талғаттың «Джокер» атты туындысы шығады. Ол жерде мен жас жігіттің проблемаларына көмектесетін қиял-ғажайып кейіпкерді ойнаймын.

* * *

Ең алғашқы көрермен — режиссер.

* * *

Негізі басты рөл марқұм Қасым Жәкібаевтікі болатын. Ермек негізгі кейіпкердің есімін сол кісінің құрметіне Сәрсенбайдан Қасым деп өзгертті. Менің де әкемнің аты — Қасым…

* * *

«Шал» менің өмірімде үлкен орын алады. Қасым — маған сеніп тапсырылған жалғыз рөл. «Қазақфильм» сенді, режиссер сенді. Көрерменге ұнаса болды, маған керегі сол.

Мақаланың түпнұсқасы: shal.kinostan.kz
Бөлісу:

3 пікір

Janasil
Мақтауын жеткіздіңдір. Қызығы Ермек көп қазақтың алдында бұзып алған имиджін қайта қалпына келтіре алады ма екен бұл туындысын.
patick
Ермектен кеткен ештеңе жоқ, көрермен ғой шала бүлінген
Abilakim
арнайы барып көретін дүние екен