Қанағат Мұстафин Қажымұқан туралы фильм түсіреді
«Рывок» спорттық драмасын түсірген қазақстандық режиссер Қанағат Мұстафин «Қажымұқан» атты уақытша атауы бар фильмді түсіруге бел шешіп кіріспек.
Режиссер жаңа фильмін атақты балуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың өмірбаяны бойынша түсіреді. Бұл туралы Мұстафин Afisha.Today.Kz ресурсына берген сұхбатында әңгімеледі.
— Фильм-биография түсіру үшін неге Қажымұқанды таңдадың?
— Қазақ даласының батыры Қажымұқан туралы биопик түсіру осыдан бір жылдан астам уақыт бұрын ойыма келген. Содан бері танымал күрес тұлғасы туралы мәліметтерді оқып, жинастырып келемін. Уақыт өте Қажымұқанның тек алып күш иесі және көптеген күрес түрлерінен әлем чемпионы ғана емес, дархан жүректі, қайталанбас адам екеніне де көзім жетті. Ұлы Отан соғысы кезінде батырдың ауыл халқы алдына шығып, өнерін көрсетіп тапқан ақшасына ұшақ сатып алып, оны қазақстандық жауынгерлерге сыйға тартқанын, ал өзінің тым қарапайым ғұмыр кешкенін, қатқан нан жеп, қараша үйде тұрғанын көп ел біле бермейді.
— Биопик қай жанрда түсіріледі?
— Фильм нақты оқиғалар мен фактілерге негізделген қым-қуыт сюжеті бар драма болады. Қазіргі заманда жастар «терминаторлар», «робокоптар», «аватарлардың» арасынан өзіне кумир тұтатын тұлға іздейді, ал қазақ батырларын білмей жатады. Жас ұрпақтың біразы Қажымұқанды ертегі кейіпкері деп ойлайды. Олар үшін батырдың сом темірді майыстырып, иығына темір рельске мінген жиырма адамды салып көтергені, тракторларды сүйрегені тек аңыз ғана.
— Қажымұқан өмірінің қай кезеңі суреттелетін болады?
— Фильм бойы Қажымұқанның туған ұлы оның шөберелеріне батыр туралы әңгімелеп отырады. Туынды екі бөлімнен тұрады: жастық шақ және спорттағы ұлы жетістіктері; егде тартқан кезі және тағдыр әділетсіздігі.
— Туындының уақытша немесе бекітілген атауы бар ма?
— Әзірге «Қажымұқан» деген уақытша атаумен жүрміз.
— Басты рөлді Дәулет Әбдіғапаровтың ойнайтыны қазірден-ақ белгілі. Таңдау қалай жүрді? Басқа да үміткерлер болды ма?
— Туынды продюсері Айдархан Әділбаев екеуміз бірден-ақ Дәулет Әбдіғапаровқа тоқтадық. Оған себеп – Дәулеттің актерлік шеберлігі мен адам сүйсінетін күш-қайраты. Ол жобамызға қуана қатысатын болды. Айтпақшы, осыдан екі жыл бұрын бір сұхбат кезінде бұған дейін алдынан шықпаған кімнің рөлін ойнағыңыз келеді деген сұраққа Дәулет «Қажымұқанның!» деп жауап берген екен.
— Фильмде ойнайды деп бекітіліп қойылған басқа актерлар бар ма?
— Дәулеттен бөлек Қажымұқанның ұлының рөлін Нұржұман Ықтымбаевқа беріп отырмыз. Әзірге осы, жақында кастинг жарияланады.
— «Рывоктағыдай» шетелдік актерлерді шақыратын ниетің бар ма?
— Ия, антагонисттің рөлін Николай Валуевтың ойнағанын қалар едім.
— Фильмнің бюджеті қандай болады деп ойлайсың? Инвестор іздеп жүргеніңді білемін, кімге көбірек үміт артып отырсың?
— Жобаға қаржы іздеудеміз. Мемлекеттік қолдау мен жеке инвесторлардың көмегінен үміт күтемін. Қаржылай қолдау болады деп ойлаймын.
— Қажымұқанның өмірі туралы екі фильм түсірілді. Оларды есепке аласың ба?
— Мен барлық мұрағаттық жазбалар мен сіз айтқан екі фильмді қарап шықтым. Олардың бірі – деректі туынды. Ал екіншісін, яғни Сұлтанахмет Қожықовтың толықметражды «Бізді танып қойыңдар» туындысын көркем фильм деуге келмес, себебі онда Қажымұқан өмірінің тек екі жылы ғана қамтылған. Оның үстіне КСРО кезінде түсірілген, өз заманының қатаң цензурасына тап келгені түсінікті жайт. Мен бұл туындыларға қарайламаймын.
— Фильм түсіріліміне кеңесшілерді, яғни тарихшыларды, биографтарды, батырдың замандастарын, туыстарын тартасың ба?
— Ия, әрине. Бізге Қажымұқанды зерттеуге бүкіл өмірін арнаған және ол туралы кітап жазған журналист, сондай-ақ Еркін күрес федерациясының мамандары көмек көрсетеді. Олармен жұмыс жүріп жатыр.
— Қажымұқан туралы фильм қазақстандық киноға жаңа леп әкеледі деп ойлайсың ба? Туынды қандай жаңалық әкелуі мүмкін?
— Фильмнің мақсаты – жастардың отансүйгіштік сезімін өсіру және қазақ халқының ұлы тұлғасы Қажымұқан Мұңайтпасов туралы естелік қалдыру. Жас ұрпаққа Қажымұқанның кім болғанын жеткізу керек.
Мәтінді жазған — Ольга Малышева
Аударған — Дінмұхамед Зиядин
Сұхбаттың түпнұсқасы
Киностан.кз
Қажекең түрік сұлтанымен Меккеге барған сапарында «шайтанға тас лақтыру» рәсімін өтеп жатады. Сонда қасындағы түрік имам бұ кісіге қыл көпір жайлы айтып, көпірден өтуге қой көмектесетінін айтады. Сонда Қажекең:
— Сонша маңызды істі қой баласына жүктегені несі!- деп әзілдеп қойған екен…
— Қажеке біз Сіздің күшіңізге тәнтіміз, әйткенмен әркімнің өз ырзық-несібесі бар. Біздікі мал барымталау, осымен кеттік енді. Енді Сіз шығара беріңіз қазақтың атын, рахмет! — деп жөндеріне кете барыпты.
Бойшаң жігіт болғанымен пошымын аздап жетілдіру керек, күш атасына қарағанда рельефі нащар, өте нащар.
американ актерлері алты киноға 30 келі тастау керек болса тастайды Фифти Сент сияқты, немесе бұлшық ет жинайды Уил Смит («Али») сияқты. Біздің актерлерге де тап солай берілу керек образға.
«Рывок» — мен үшін абсолют құсық фильм. Тренер Картеріңдіссс
Мустафин көкеміз Қажымұқан жайлы жақсы бір кино түсіре алмайды деген ойдамын, «Мұңайтпасов»ты лентада рәсә мұңайтып жібермесе болғаны сценариімен қосып.
білә, о жақты су басып жатқан па???