#QazzaqDepression. Иман
Подъезде жалдап тұрмайтын өзі қалды. Көршілерінің барлығы әлдеқашан коттедж салып немесе жаңа құрылыстан пәтер алып көшіп кеткен. Енді айналасындағылардың барлығы жалдап тұратындар. Түрлерін де танымайды, біреуі кетсе ертесіне басқасы көшіп келеді. Танысып үлгермей жатып олар да ауысады.
Әдеттегіше жұмысына кетіп бара жатыр еді. Оны көрді. Жаңа көрші. Бір қабат төмен тұрады. Жаңа көршісі есігін жауып жатып:
— Ассалаумұғалейкүм, — деді күлімсіреп.
Бұл сасып қалды. Әдетте ешкім онымен, ол ешкіммен амандаспайды. "Әліксәләм" деген бірдеңені айтқандай болды. Бөгелмей түсіп кетті.
— Ассалаумұғалейкүм!
Күн сайын еститіні осы болды. Ол да мейлінше мәнерлеп жауап беруге тырысады: "Әлеикум ассалам".
Аты Иман екен. Таза киінеді, басында ақ тақия, амандасқанда ылғалдау алақаны біртүрлі жағымды әсер етеді екен.
Өздерің байқағандай екеуінің қарым-қатынасы жақсара түсті. Аман-саулықтан бөлек, кездесе қалса басқа да тақырыптарға бас ауыртады. Ішінде дін де бар. Әсіресе дін туралы айтылса Иманның жүзі бал-бұл жанып кетеді. Имандылық пен мейірімділік туралы тоқтамай айта беруге бар. Айтқан әңгімелері қызық, биязы дауысымен сыпайы тақырыптар төңірегінде сөз қозғағанда қалай елітіп кеткеніңді байқамай қаласың.
— Ислам кіршіксіз дін ғой, — деді Иман бірде пышағын қайрап жатып, — Исламнан таза дін жоқ бұл әлемде…
Подъезд алдындағы ағаш орындықта отыр. Үйіндегі пышақтарын бір қайрап алайын деген-ау. Тап-таза орамалды орындық үстіне ұқыптылықпен төсеп, пышақтарын тізіп қойыпты. Бұл қасына отыра қалып, Иман тірлігін аяқтағанша әңгімелерін тыңдады.
— Құдай кешіре білетіндерді ұнатады, — деп бастады бірде ол. Әдеттегідей есік алдындағы орындыққа жайғасыпты. Бұл жолы тапаншасын тазалап отыр. Шошып кетті. Оның қолындағы қаруды көрмеген болып, асыққан түрмен тез кетіп қалды.
Әлгі оқиға көпке дейін есінен кетпеді. Иманнан бұндайды күтпеп еді. Әлде бала-шағаның ойыншығы ма екен? Солай болар-ау. Әйтпесе сыртқа шығып қару тазалағаны біртүрлі емес пе? Сонда да Иманмен кездесіп қалудан қашып жүрді.
Демалыста үйінде тынығып жатқан. Есік қағылды. Иман келіп тұр. Түк болмағандай жылы күлімсірейді.
— Кел, — дейді ол, — біздің үйден шәй ішіп кет.
— Жалғыз бастысың, тамақ дайындау қиын шығар. Бізге келіп тұр, — деді Иман үйге кірген соң, — Жеңгең тамақты жақсы пісіреді. Қош келдің, төрлет.
Үстел басында үшеуі тамақ ішті. Шынымен де дәмді пісіреді екен. Балалар ана бөлмеде ойнап жүр.
— Исламның басты қағидасы — мейірімділік қой. Дінде адам түгіл, жәндікке де зиян қылуға болмайды, — деді ол. Теледидарда Таяу Шығыстағы кезекті терракт туралы айтып жатты. Радикалдар камераға қарап: «Аллаху акбар, аллаху акбар» деп айқайлап жүр.
Ислам әңгімесін кілт тоқтатып, балалар жаққа қарады:
— Мейірлан, байқа, балам. Атылып кетпесін, магазинін алып тастап ойнаңдар, — деді. Балалар АК-47-ге таласып қалыпты.
— Кезекпен ойнаңдар, бір-біріңе мейірімді болыңдар. Мейірлан, ақылың бар ғой. Ініңе бере ғойшы, шамалы ойнап тастайды ғой. Ініңе мейірімді бол, — деп ақылын айтып жатты.
Тамақ жүрмей қалды. Бұл үйден тез кетуге асықты. Шәй ішіп, ас қайырғаннан кейін бір минутқа да бөгелгісі келмеді. Есік жаққа беттеп еді, жеңгей тамақ салынған пакет ұстатып жатыр:
— Қуыс үйден құр шықпа деген. Дәм ғой. Үйден жерсіз, — деп қояр да қоймай ұстатып жіберді.
Үйіне келіп, пакеттегі тамақтарды тәрелкеге салмақ болып еді. Қотарғанда бауырсақтармен бірге бір РГД-5 ыдысқа домалап түсті.
Пакеттің сыртынды «Халал» деген жасыл жазу бар екен.