Өлім

Өтеді адам әрісі жүз жыл жасап,
«Қайтты» дейді өлгенді біздің қазақ.
Келген-кеткен өмірдің бәрі бекер,
Жолымызды сайраған із қылмасақ.

Адам – қонақ, келмесе қайтпас еді.
«Қайтты» деп аталарым айтпас еді.
Неге келіп, не үшін кететінін,
Ақыл-есі бүтін ел байыптаса еді.

Жаттағанмен адамдар әр заңды бір,
Жаратқаннан жақсы ғой алған білім.
Иманның дәмін татып көрмеген жан,
Алтынның қайдан білсін арзандығын?

Кетер адам қамдайды жол жабдығын,
Бұйрық келсе Алладан қорғанды кім?
Бақилық баққа толық сенбеген жан,
Пәнидің қайдан білсін жалғандығын?

Жалған дейді ел, деуінің өзі жалған,
Оқымай ма Құранды көзі бар жан!
Адаса ма тал түсте қара басып,
Раббысы мен Расулдың сөзін алған?

Жөргем іздеп жүрген жан, жөндеп қара,
Бұл дүние ойын-сауық, ермек қана.
Қайырлы да тұрақты ақыретте,
Көзіңнен сораң ағып, қор боп қалма!

Авторы: Серік Мақұлбекұлы
Бөлісу:

1 пікір

adilet88
Ібілісті іреп салар күш қайда,
Ілескен соң әпермес бір іс пайда.
Ақын байқұс азғырғанға тез көнген,
Адал құстар оққа бұрын ұшпай ма.