Шөл даланың кейбір тіршілік иелері туралы

Обаның табиғи ошақтарын іздеп, шөл даланың сүрлеу-соқпағымен Қызылқұм, Қарақұм, Матайқұм, Үстіртті талай араладым. Жаяу, автокөлікпен, тіпті ұшақпен (Ан-2) мыңдаған шақырымды артқа тастаппын.
Меңіреу шөлдің өз өмірі бар. Әсіресе көктемі ерекше. Бір қарағанда тіршілік нышаны байқалмайтын құм іші әп сәтте жасыл кілем жамылып, ерте көктемнің гүлді өсімдіктерінің хош иісі масайратып тастайды. Алайда аспаннан тамшы түспей күн күрт ысып, көктемнің ең әдемі кезін шорт кеседі.

Ұйыса өскен жүзгіндер гүлін тастап, түрлі-түсті тұқымдары қыз құлағындағы сырғадай майда желдің күшімен баяу тербелуде. Сексеуіл де мамырдың ортасында гүл жарып, маңына шыбын-шіркей жинала бастайды. Дәл осы кезде дала ешкіемерлері де (степная агама) ұрпақ тарату қамына кіріседі.

Бұл кесірткенің ешкіемер атануының өзі қызық. Олардың тіршілік ортасы көбіне ұсақ мал маңына жақын. Өйткені негізгі қорегі – зиянды жәндіктер – мал қора мен отарлар маңына мол жиналады. Ерте кезде ешкі сүтінің азайып кетуін осылардан көрген, яғни кесіртке еміп кетеді деп сенген.

Сонымен, ешкіемерлер сәуірдің жылуы күш ала ұйқыдан оянып, күн арқа күйдіре бастайтын мамырда қосақ іздейді. Аталығы сексеуіл бұтағына мініп алып, міз бақпай отырады. Бұл маңайдағы 100 метрдей жер мен ондағы екі-үш аналықтың қожасы бір өзі екенін өзге тұқымдастарына жария етудің әрі табанынан өтіп кететін ыстықтан қорғанудың амалы.

Бұлай отырып, жылдам күйленудің қамымын азық іздеп жүрген аналықтарды тезірек байқап қалуға да мүмкіндік мол. «Қалыңдық» көзге ілінген бойда, аталық тамағының асты көгергенше ауа толтырып, көңілін білдіреді. Алайда, бұл қосақ таңдау кезіндегі өзгеріс болып көрінгенмен, кешке қарай немесе бұлтты күні алқым қабының көгеруін байқамаппын. Сонымен қатар, еркектері билікке таласып, жекпе-жекке кіріскенде де денелері ақшыл түске ене бастайды.

Ешкіемер маусымның аяғына қарай жұмыртқа сала бастайды. Мизам шуақта жұмыртқаны жарып шыққан кішкене кесірткелер, ақыраптың соңында қысқы ұйқыға кетеді.

Кесірткелердің түрі көп және олардың көпшілігі зиянды жәндіктермен қоректенеді. Ешкіемердің біреуі ғана 6 айда 1200 шегіртке тұқымдасын, 2000-нан астам жыланқұрт пен 3000-ға жуық қоңыздың көзін жояды.

Ешкіемердің ең үлкені – Земзем (серый варан) Қызылқұмның елсіз аумақтарында кезіктірдік. Шөлдің қолтырауыны деген атына әбден лайық. Ұзындығы 1.5-2 метрге жететін, қара жолақтармен көмкерілген құм түстес денесін көтере алмай келе жатқан сияқты. Алдын кес-кестесең ашу шақырып, ысқырып, ісініп, ұзын құйрығымен жер сабалап, айбат шегеді.

Земзем – өте сақ, шаршауды білмейтін жыртқыш. Күніге 5-6 км жол жүре алады. Өткір көзі мен өте сезімтал тілі қауіп пен тамақты тез айырды. Кездескен тірі жәндіктің бәрін: құстың ұясын, тасбақаның жұмыртқасын, өлекселерді, тіпті улы жыландарды да азығына жаратады.

Басқа омыртқалы жануарлардан артықшылығы, бұларға өте жоғары радиоактивті сәулелер де кесірін тигізе алмайды.

Құмды шөлдің тағы бір иесі құлақты домалақ бас кесірткені (ушастая круглоголовка) топыраққа батып кететін қасиетіне орай, қазақтар «Бат-бат» деп атайды. Шап-шағын болса да өте айбарлы. Екі ұртын құлақ сияқты жайып, құйрығын ит сияқты жоғары қайыра тап бергені шынымен үрейлі. Оның үстіне жауына ұмтылғандағы жылдамдығына көз ілеспейді.

Құм арасынан шығып, саздауыт тегістікке келгенде тақырлық домалақ басты (такырная круглоголовка) кезіктіресіз. Қарсы келген адамнан сырт айналып кете бергенмен, жауларына қарсы тұра алатын айбатын, шөлде жұмыс істеген зоологтар жыр қылып айтады.

Шөлдің өткінші көктемі шегіне жетіп, құм қызған уақытта жыңғыл сексеуіл түбіндегі індікештерінен шыққан тасбақалар (степная черепаха), уылжып тұрған шөптесін өсімдіктерді құмарта үзіп, күш жинай бастайды. Қауіп төнгенде әжімделген мойнын, қатпар-қатпар аяқтарын ішіне тартып алғанда не істеріңді де білмей қаласың.
Күн өткен сайын тасбақалардың белсенділігі арта бастайды. Ал, көбею кезеңінде ұрыс даласындағы бронды техника іспетті, сауыттарымен сартылдата соғысып жатқаны. Жеңгені, әрине, «қалыңдыққа» ұмтылады. Ол өз бетімен тоқтамаса, алдын кес-кестеп, аяғынан тістеп, тіпті тасқабығымен соғып, аударып тастауға дейін барады. Көп ұзамай (1-1.5 ай) аналықтары құм төбелердің күнгей бетінен ыңғайлы орын таңдап, жұмыртқаларын (5-6 дана) көміп кетеді. Жылы күздің орта шенінде кішкене тасбақалар жарып шығып, тіршілік заңы қалтқысыз жалғасады.

Мұратбай Алашбайұлы
Бөлісу:

8 пікір

zholantai
уот, жазба. 1,5-2 метрлік Земземді тірі күйінде. шөлде кезіктірсем, дірілдейтін шығарм деп ойлап қоям. Жалпы кесірткенің түрі суық болад ғо. Тітіркеніәп қалам. Бақбақтың жылдамдығы сұмдық енді. Көзді бір жұмып, ашқанда артында тек ізі ғана қалатынын теликтин көргенде, түсінбей қалғам
Janasil
Земзем біздің жақтағы «КЕЛЕС» болар?
Marco
Иә, келес деп атайды. Біздің ауылдың шалдары да айтып отыратын еді, бұрын болған деп. Кім біліпті
Janasil
Өзім көрмегенмін. Әйтеуір құмда бар деп жататын. Құйрығымен түйе құлатады дейтін.
satibaldi
Мұратбай Алашбайұлы
Амиго, бұ кісінің кітабы бар ма? ЖақС екен. Осындай жақсы жазбалар Жамболат Аупбаевта да көп.
Marco
Кітабы жоқ, кішігірім бір кітап шығарып берсем деп ойлап жүрмін. Негізі, осы жазбаларын қазит-журналдарға шығарғым кеп жүр. Ақыл қоса отырыңдар, қандай қазиттерге қызық болуы мүмкін?
satibaldi
«Ақжелкен» қағып кетед деп ойлайм.
bake
Обаның табиғи ошақтарын іздеп
жазылған ой түсінікті, бірақ түсінбей жатқандар бар, сондықтан «Оба ауруының табиғи ошақтарын іздеп» деп жазылса. Түзетпесе де болады. Бірақ «оба» аурудың аты екенін тек мамандар білетін болып шықты. Солай бола берсін. Осы індет кең тарап, ауыл-ауыл болып қырылған туралы үлкендерден естіп едім…