Шөл даланың кейбір тіршілік иелері туралы

Обаның табиғи ошақтарын іздеп, шөл даланың сүрлеу-соқпағымен Қызылқұм, Қарақұм, Матайқұм, Үстіртті талай араладым. Жаяу, автокөлікпен, тіпті ұшақпен (Ан-2) мыңдаған шақырымды артқа тастаппын.
Меңіреу шөлдің өз өмірі бар. Әсіресе көктемі ерекше. Бір қарағанда тіршілік нышаны байқалмайтын құм іші әп сәтте жасыл кілем жамылып, ерте көктемнің гүлді өсімдіктерінің хош иісі масайратып тастайды. Алайда аспаннан тамшы түспей күн күрт ысып, көктемнің ең әдемі кезін шорт кеседі.
Әрі қарай

Түнгі оттың сыры

Солтүстік Үстірттің шыңдарындағы терең шатқалда қонуға тура келді. Сайдың бойын жағалай көне іздікпен біраз жер төмен түсіп, кеңдігі ат шаптырымдай алаңға тап болдық. Арғы жағы тағы да биік төбелерге барып тіреледі.
Шатқалдың сол жақ етегін ала үлкен күмбезді моланың қабырғалары жатыр. Ішкі жағындағы ою-өрнек жұрнақтарына қарап, ауқатты адамға салынған деп шештік. Маңайдың бәрі шың мен шатқал, біз түскен ескі сүрлеумен жүру қиын. Соған қарап бұл жерде адамдар қонысы болды дегенге сену қиын. Мүмкін кіріп-шығатын басқа жолдары бар шығар. Алайда оны іздеуге бізде уақыт тапшы еді.

Күн батуға ыңғайланып, көкжиекке таяп қалды. Келген ізімізбен кері көтерілдік. Шатқалдың кеңістеу жерінен қоналқа жеп тауып, кешкі асымызды іштік те, төсек қаптарымызға тығылдық. Аспанды бұлт басқан. Тас қараңғы… Киіз үйдің түндігінен көрінгендей әр жерден санаулы жұлдыздар ғана жымыңдайды. Ұйқы келер емес. Ортамыздағы кәнігі аңшының ертекке бергісіз әңгімесін еріне тыңдап жатырмыз.
Әрі қарай