Шөл даланың кейбір тіршілік иелері туралы

Обаның табиғи ошақтарын іздеп, шөл даланың сүрлеу-соқпағымен Қызылқұм, Қарақұм, Матайқұм, Үстіртті талай араладым. Жаяу, автокөлікпен, тіпті ұшақпен (Ан-2) мыңдаған шақырымды артқа тастаппын.
Меңіреу шөлдің өз өмірі бар. Әсіресе көктемі ерекше. Бір қарағанда тіршілік нышаны байқалмайтын құм іші әп сәтте жасыл кілем жамылып, ерте көктемнің гүлді өсімдіктерінің хош иісі масайратып тастайды. Алайда аспаннан тамшы түспей күн күрт ысып, көктемнің ең әдемі кезін шорт кеседі.
Әрі қарай

Бір жол бар жақын, жақын да болса алыс

Шілденің аяғы болатын. Қараңғы түн. Сырдарияның жайылым иіндеріндегі тоғайлық. Біздің лагерь тұрақтаған жер алыс емес, әрі кетсе жарты шақырым. Тәуекел деп тоғайлықпен тіке тарттым.

Бес-он қадам басқан соң-ақ, өкіне бастадым. Қалың өскен жиде мен шеңгелдің тікенегі қол-аяқтан сау тамтық қалдырмады. Бірақ, кейін қайтуға намысым жібермей, сұрақ белгісі сияқты бүгіліп, аңдар салған жалғыз аяқ жолмен ілгерілей бердім. Тастай түнек тіпті қоюлана түскен сияқты. Қолымдағы қалташамның жарығы да әлсіреді. Алдымдағы ирелеңдеген шытырман cүрлеу, белгісіздік үңгіріне бастап бара жатыр. Адасқанымды білдім… Тоғай іші жым-жырт. Алыстан бір дыбыс талып жеткендей болды. Үн қатып едім, шегірткенің шырылынан басқа жауап болмады. Амал жоқ тағы бір қуыс жолға түсіп, жылжып кеттім. Бүгілген былай тұрсын еңбектеуге көштім.
Әрі қарай

Алғашқы пост

Оба деген аты жаман ауру бар. Түгелімен жойып жібермесе де, ауыздықтап отыруды үйрендік (адамзатты айтам). Әйтпесе, оның таралу жылдамдығының қасында құс, шошқа тұмауы деген ойыншық сияқты ғой.
Табиғи ошағы бар бұл сырқаттың негізгі таратушылары кеміргіштер мен қансорғыш жәндіктер. Менің екінші әкем (қайын атам) обамен үздіксіз күресіп, майданның алғы шебінде жүретін жандардың бірі. Мамандығы биолог. Жаңағы айтқан кеміргіштерді аулап, ауру белгілерін іздеп, таралуына жол бермеу үшін жыл он екі айдың төрттен бірінде дала кезіп жүреді.
Бірде оның іссапарлар барысында қағазға түсіріп жүрген бір-екі жазбасын оқып қалдым. Таңырқадым, сүйсіндім, қызықтым. Енді солармен бөліскім келіп отыр. Мұның ешқайсысы ойдан шығарылмаған. Көзбен көрген, өз басынан өткен оқиғалар. Оқи жүріңіз. Бұдан кейінгілерінде тек автор сөйлейді.

Түнгі оттың сыры
Әрі қарай

Түнгі оттың сыры

Солтүстік Үстірттің шыңдарындағы терең шатқалда қонуға тура келді. Сайдың бойын жағалай көне іздікпен біраз жер төмен түсіп, кеңдігі ат шаптырымдай алаңға тап болдық. Арғы жағы тағы да биік төбелерге барып тіреледі.
Шатқалдың сол жақ етегін ала үлкен күмбезді моланың қабырғалары жатыр. Ішкі жағындағы ою-өрнек жұрнақтарына қарап, ауқатты адамға салынған деп шештік. Маңайдың бәрі шың мен шатқал, біз түскен ескі сүрлеумен жүру қиын. Соған қарап бұл жерде адамдар қонысы болды дегенге сену қиын. Мүмкін кіріп-шығатын басқа жолдары бар шығар. Алайда оны іздеуге бізде уақыт тапшы еді.

Күн батуға ыңғайланып, көкжиекке таяп қалды. Келген ізімізбен кері көтерілдік. Шатқалдың кеңістеу жерінен қоналқа жеп тауып, кешкі асымызды іштік те, төсек қаптарымызға тығылдық. Аспанды бұлт басқан. Тас қараңғы… Киіз үйдің түндігінен көрінгендей әр жерден санаулы жұлдыздар ғана жымыңдайды. Ұйқы келер емес. Ортамыздағы кәнігі аңшының ертекке бергісіз әңгімесін еріне тыңдап жатырмыз.
Әрі қарай