Түнгі оттың сыры

Солтүстік Үстірттің шыңдарындағы терең шатқалда қонуға тура келді. Сайдың бойын жағалай көне іздікпен біраз жер төмен түсіп, кеңдігі ат шаптырымдай алаңға тап болдық. Арғы жағы тағы да биік төбелерге барып тіреледі.
Шатқалдың сол жақ етегін ала үлкен күмбезді моланың қабырғалары жатыр. Ішкі жағындағы ою-өрнек жұрнақтарына қарап, ауқатты адамға салынған деп шештік. Маңайдың бәрі шың мен шатқал, біз түскен ескі сүрлеумен жүру қиын. Соған қарап бұл жерде адамдар қонысы болды дегенге сену қиын. Мүмкін кіріп-шығатын басқа жолдары бар шығар. Алайда оны іздеуге бізде уақыт тапшы еді.

Күн батуға ыңғайланып, көкжиекке таяп қалды. Келген ізімізбен кері көтерілдік. Шатқалдың кеңістеу жерінен қоналқа жеп тауып, кешкі асымызды іштік те, төсек қаптарымызға тығылдық. Аспанды бұлт басқан. Тас қараңғы… Киіз үйдің түндігінен көрінгендей әр жерден санаулы жұлдыздар ғана жымыңдайды. Ұйқы келер емес. Ортамыздағы кәнігі аңшының ертекке бергісіз әңгімесін еріне тыңдап жатырмыз.

Бір кезде қасымдағы жүргізуші балаң жігіт: «От, от!», — деп атып тұрды. Өре түрегелдік. Шатқалдың арғы бетіндегі шың төбенің сайға ентелеген тұсынан көгілдір от бір жанып, бір сөнеді. Одан сәл төменде үй орнындай жерде жаңағы от тағы да жалт-жұлт етіп тұр.
Бұл не? Түнгі сағым деген болмайтын шығар?! Әлде сиқыр, шайтан ба?!
Бәріміз дүрбіге жүгірдік. Көгілдір от тіптен жарқырай түсті. Осы кезде бұлт арасынан ай шыға келді. Жаңағы жарық өзінен-өзі жоқ болып, шатқал іші тұнжырай қалды.

Ертесіне біз қонған жерге күн сәулесі кеш түсті ме, әлде түн ортасы ауғанша «көгілдір отты» тамашалағаннан ба, ұйқыдан әрең тұрдық. Шайымызды апыл-ғұпыл ішіп, түнгі ғажайыпты көрінген жақты барлап қайтуға аттандық. Сайдың басын айналып, бір шақырымдай жүріп, жеттік-ау.

Терең суағардың ортасын ала ені 3-4 метрдей болатын үлкен қара тас қампиып жатыр. Айналасы тасбақалардың ірілі-ұсақты сауыттары. Көбісі күнге күйіп, жаңбырмен тазарған, жарқырап жатыр. Кейбірінің мүйіз қабығы қоңырқай, жуырда әкелінгені көрініп тұр. Сонда, тау болып үйілген сауыттарды кім әкелді? Әлде бұл тасбақалардың қорымы, өлуге жиналатын жері ме? Бұлардың жайбасарлығын, өмірінің ұзақтығын және жылына азғантай уақыт қана белсенді өмір сүретіндігін еске алсақ, өлу үшін бір жерге жиналады дегенге сену қиын.

Мұның сырын жан-жағымызға мұқият қараған соң түсіндік. Жар басынан шатқалға асылып тұрған жалпақ қара тастың басында дала бүркітінің үлкен ұясы көрінді. Ішінде қанатын сабалап, ұшатын кезі таяған жалғыз тастүлек «байлауда» отыр. Тас төбемізде біздің қимылымызды жіті бақылап екі бүркіт қалықтауда.

Сонымен, бүркіт тасбақаларды биіктен жаңағы қойтасқа лақтырып, сауыты жарылған соң ішкі мүшелерін тамағына жаратуды білетін болып шықты. Ал жарылмай қалғандарын тұмсығы жеткен жерінен жұлып жей берген. Соған қарағанда, оларды екінші рет лақтыруға «басы» жетпегені ғой.

Жаздың құрғақ, ыстық кезеңдерінде тасбақаның фосфорға бай сауыты күн сәулесінен қуат алып, қараңғы түнде жарық энергиясын бөліп шығарады. Кәдімгі фосфоресенция құбылысы. Түнгі оттың сыры түсінікті болды. Алайда, бұл ғажапты қайта-қайта көруден еш жалықпас едім.

Мұратбай Алашбайұлы

(өкінішке орай, суреттер интернет қуыстарынан)
Бөлісу:

11 пікір

Abilakim
Ия, бүркіттердің ондайы бар. Бүркіт тұрмақ қарғалар жаңғақты жоғарыдан асфальтқа тастап шағып жейді
asaubota
бұрын осындайды бір жерден оқып едім. біздегі бүркіттер де сөйтетін болып тұр ғой.
bake
Жақсы жазылған. Деректі фильм көргендей болдым
bake
Өңдеп жазса, Артур Конан Дойлдың «Баскервили иті» шығармасы жолда қалатын әңгіме шыққалы тұр. Егер киносы есте қалса мынандай сюжет бар. Иттің үстіне фосфорды жағу арқылы жүрегі нашар адамды қорқытып өлтіреді
zholantai
бұрындары адамдардың көмілген мүрдесі ашылып қалғанда, сондай жарық шығарады. Фосфор туралы ештеңе білмеген халық мұны көргенде тылсымға балап, қорқыныш-үрейде өмір сүрген дейді
bake
оның рас, ауылдың ортасында темір тор қашамен қоршалған ескі зираттар бар. Түнде соның қасынан жүрмеуге тырысатынбыз. Үлкендер түнде зираттардан шығатын от туралы айтып қорқытатын. Жаңа зират жанынан түн тұрғой күндіз жүргенге қорқатынбыз. Жаңа қойылған адамдар етін жейтін қарабауырлар бар дейтін
bake
Тағы бір рет оқып шықтым. Әдебиет кітабына қосар едім. Ғылым саласының маманының жолжазба очерктерінің жас оқырманға берері мол. Кейін мамандық таңдағанда көмектесуі мүмкін. Жалпы ғылымға көзқарасын қалыптастыруға мүмкіндік береді +1000
Соңғы түзету:
Marco
Айтпа, мамандық таңдағалы тұрған түлек түгіл, менің өзім дала кезіп кеткім келді мынаны оқыған соң)))
Aya
түнде осылай көрінетін оттар туралы көп естігенмін, бірақ не себепті екенін білмейтін едім. Күшті жазбакен.