Бір жол бар жақын, жақын да болса алыс

Шілденің аяғы болатын. Қараңғы түн. Сырдарияның жайылым иіндеріндегі тоғайлық. Біздің лагерь тұрақтаған жер алыс емес, әрі кетсе жарты шақырым. Тәуекел деп тоғайлықпен тіке тарттым.

Бес-он қадам басқан соң-ақ, өкіне бастадым. Қалың өскен жиде мен шеңгелдің тікенегі қол-аяқтан сау тамтық қалдырмады. Бірақ, кейін қайтуға намысым жібермей, сұрақ белгісі сияқты бүгіліп, аңдар салған жалғыз аяқ жолмен ілгерілей бердім. Тастай түнек тіпті қоюлана түскен сияқты. Қолымдағы қалташамның жарығы да әлсіреді. Алдымдағы ирелеңдеген шытырман cүрлеу, белгісіздік үңгіріне бастап бара жатыр. Адасқанымды білдім… Тоғай іші жым-жырт. Алыстан бір дыбыс талып жеткендей болды. Үн қатып едім, шегірткенің шырылынан басқа жауап болмады. Амал жоқ тағы бір қуыс жолға түсіп, жылжып кеттім. Бүгілген былай тұрсын еңбектеуге көштім.

Бір кезде кішкентай баланың шар еткен дауысы шықты. Арқама мұздай су құйып жібергендей болды. Жалма-жан бойымды тіктей беріп ем, тас төбеме «кірш» қадалған тікеннен отыра қалдым. Баланың өксіп жылағаны қайта естілгенде, бұл үкі екенін түсіндім. Жүрегім орнына түсіп, соншама қорыққаныма күлкім келді.

Сәл жүргеннен кейін түнгі самал соққандай болды. Тоғайдың тұрып қалған қоңырсық иісіндей емес, алдымнан таза ауаның лебі жетті. Ентелей ұмтылып, шағын алаңқайға шыға келдім. Бойымды жазып, еркін тыныстап, демалып алған соң, қалта шамның көмегімен жан-жағыма қарадым. Қалың шеңгелдің әр жерінде «есік» сияқты 3-4 қуыс жол көрінді. Қайсысына бас сұғарымды білмей тағы дал болдым. Құлағымның түбінен «ха-ха-ха»-лаған сыбдыр зу ете қалды. Бұл манағы үкі болуы мүмкін. Демек, жақын маңда ұясы бар.

Таңдап тұратын шама жоқ, «есіктердің» біріне кіріп кеттім. Еңбектеп келем. Бірақ жүруден көрі, шеңгелдің сырғалы бұтақтарын ашып, басым сиятын жол табуға көп уақытым кетті. Тағы адасқан сияқтымын… Алдымнан есік пен төрдей көлшік жатыр. Дарияның көктемгі тасқынынан қалған ғой. Ізіммен кері бұрылғаным сол еді, шам жарығымен жасыл көздері жарқ етіп, екі аң жалт бұрылды. Күтпеген кездесуден шошып, ұлып қоя бергені. Шәуілдегін ерткен шиебөріні аяп кеттім. Бірақ, жақын маңда мені мүсіркейтін тірі жан жоқ еді.

Жаңағы алаңқайға қайта оралып, оң жақтағы «үңгірге» кірдім. Жылжып келем, қайда бара жатқанымды бір құдай білсін. Шеңгел мен жиденің ұйыса өскен бұтақтарынан аспан көрінбейді. Әйтпесе жұлдызға қарап, бағытымды білер ем.

Алдымнан шеңгелді сатырлата сындырып, бірдеңе зытып берді. Қорс-қорс етеді, шамасы, саяқ жүрген доңыз болды. Сүрлеу дарияның жарқабағына келіп тірелді. Ар жағы құлама жар, суға күмп ете қалуың ғажап емес.
Бұл кезде көзім қараңғылыққа әбден үйренген, сондықтан өзеннің қалай қарай ағып жатқанын анықтау қиын болмады. Ағысқа қарсы жүріп келіп, еңістеу жерге келгенде отыра кеттім. Аяқ-қолымның, бетімнің жабылған масадан оттай жанып, дуылдап тұрғанын енді ғана сездім. Екі қолымды сермеген сайын бұл қанішерлер де өршелене түсуде. Сәл отырғаннан соң, тоғай ішінен бір ірі қабан жүгіріп шығып, менен 5-6 метрдей жерде суға бас қойды. Шөлін қандырып алып, пысқырынып, түшкірініп жөніне кете берді.

Кіп-кішкентай болса да, даладағы адамның масадан жаман жауы жоқ. Құжынап келіп, лап қойғанда жаныңды қоярға жер таба алмайсый. Бұдан әрі отыра беруге мен де шыдамадым. Кетуге ыңғайланғаным мұң еді, сол жағымнан құйрығы бұлғаңдаған түлкі шыға келді. Мені байқаған жоқ, бірден суға бас қойды. Ысқырып қалдым. Тосын шыққан дыбыстан үріккен түлкі суға жалп етті. Келесі сәтте ырғып тұрып, алды-артына қарамай зыта жөнелді. Бұл ісіме мәз болып, тұра беруге де болатын еді. Бірақ тоғай арасынан неше түрлі дыбыстар шыға бастады. Шөл қандыруға келе жатқан басқа жануарларға кедергі келтірмейін деп, асыға басып кетіп қалдым.
Дария бойының шеңгелді-жиделі тоғайы, әсіресе қараңғы түнде аса қорқынышты, шым-шытырық, қаптаған із-сүрлеулер, адасып кету оп-оңай. Міне тағы бір алаңқайға тап болдым…
Жол бойына төселетін қиыршық, майда тастарға табаным тиіп, көңілім бірленді. Тағы 5-10 минутта көлік жүрген қара жол тауып лагерьге жеттім-ау. Адастым десем ешкім сенбес деп, масахананың ішіне киімшең құлай кеттім. Түмен-түмен маса, қараңғы тоғайдың белгісіздігі, ең бастысы үнсіз үрейден кейінгі ұйқы қандай тәтті еді.

Сыр бойындағы бұл арпалысым табиғаттан алған сабақтарымның біреуі ғана. Алда Қызылқұм, Қарақұм, Матайқұм, Борсықтың құмы, Үстірттің шытырман шыңдары, Шаған мен Жем өзені, Ойыл-Сағыз арасындағы шөл даланың кейде елсіз, кейде сусыз жолдары күтіп тұрды.

Мұратбай Алашбайұлы
Бөлісу:

9 пікір

torgai
Шым-шытырық оқиға ғой. Оянып кетіппін деп аяқтала ма деп отырсам)))
ken
Өзімнің басымнан өткен бір жағдай есіме түсіп кетті мынадан.
Бірде Астанадан өз қалама қарай автобусқа отырғанмын. Қала мен оның айналасындағы елді-мекендерден алыстап кеткен кезде телефоным шырылдады. Тез қайту керек. Жүргізушіге барып, тоқтауын сұрадым. Ол бері қарай келе жатқан автобустың қазір осы жерден өтетінін айтты. Оның ол сөзіне аса мән бермедім. Менің ойымша қолымды көтерсем болды, кез-келген машина тоқтай қалады.
Бір сағаттай уақыт өткен кезде алыстан жаңағы жүргізушінің айтқын автобусы көрінді. Осы автобус тоқтамаса, бұдан басқаның тоқтамайтынына әлдеқашан көзім жеткен. Бірақ ол да тоқтамай жанымнан зу етіп өтті де кетті. Телефонымда баланс та бітіп қалған екен. Жаяу қала жаққа қарай келе жатырмын. Өтіп бара жатқан машиналарға қолымды көтеріп қоям. Зуылдатып, ешкім тоқтамайды. Осылай үш-төрт сағаттай жүрдім. Кеш болса батып барады. Түнде жолмен қатар егілген талрдың арасына кіріп түнеймін деп ойлап келе жатқанмын. Бір кезде бір жүктасушы газель тоқтап, жүргізушісі "Әлі жүрсің бе?!" деп таңдана сұрады. Алдын мен автобустан түскен кезде осы газель автобустың артқы жағына тоқтап, жүргізушісі менен бір елді-мекенге дейін қанша қалғанын, қай жерден жолдан бұрылатынын сұраған. Мен білмейтінімді айтқасын, ары қарай кеткен еді. Енді ол әлгі жеріне барып, жұмыстарын бітіріп, қайтадан кері қайтып келе жатыр екен.
Сол адам болмағанда әлгі талдардың арасында түнер едім.
ken
Сосын, айтпақшы, мені қалаға дейін жеткізіп салғаны үшін ұсынған ақшамды алмады «попути ғой» деп.
Marco
Жолда келеңсіздікке тап болсаң сондай алысқа қатынап жүрген жандардан ғана көмек күтуге болады.
xsanatos
бала күнімізде қыста жолға шыққанда машина бұзылып, ну қамыстың ортасына тығылғанбыз. боран болды. есіме түсіп кетті
Janasil
Бәрі таныс, ауылымның тоғайын кезіп келгендей болдым. Шеңгел, жым, жантақтар.
Marco
Бұл оқиға жетпісінші жылдардың ортасында болған екен
Janasil
Жалғасын күтеміз…
temir1986
Біздің Барқындада адасып кетуге болады.