Жұмыссыздарға арналған қайта даярлау курстары

Астана — жаңа мүмкіндіктер, жарқын болашақ, табысты өмір деп елордаға ағылған адамдар саны еш толастайтын емес. Алайда олардың барлығы арманына бірден оңай жете қоймайды. Оған еңбек нарығындағы сұраныс пен жұмыс іздеген азаматтардың мамандығының үйлеспеуі, біліктілігінің төмен болуы да себепкер болады.
Астана жаңалықтары: Жұмыссыздарға арналған қайта даярлау курстары
Осыған байланысты Астана қаласында жұмыспен қамту бағдарламасы іске асырылуда. Енді мамандығына сұраныс жоқ жұмыссыздар қайта даярлау курстарына барып, жаңа мүмкіндікке ие болмақ.
Жұмыспен қамту орталығының хабарлауынша, Астананы дамыту бағдарламасын іске асыру аясында қалада тұрақты тіркеуі бар жұмыссыз жүрген азаматтарды тегін курстарға алдын ала жазу жүргізіліп жатыр. Елорданың жұмыссыз жүрген, кәсібі жоқ, бірақ мамандық меңгеруге ниетті тұрғындары маникюр мастері, шаштараз, электрогаздәнекерлеуші мамандықтары бойынша кәсіптік дайындықтан өте алады.
Кәсіби шеберліктерін жетілдіргісі келетіндер үшін бухгалтерия және салық бойынша біліктілікті арттыру курстары ашылады, аталған мамандықтар бойынша оқу үшін бухгалтерлік, экономикалық немесе қаржылық білім болуы керек. Техникалық білімі бар қала тұрғындары қауіпсіздік техникасы және еңбекті қорғау жөніндегі инженерлерге арналған курстарға жазыла алады. Қайта даярлау курстары сұранысы жоқ мамандықтар бойынша жұмыссыз жүрген азаматтарға арналған. Бұл санаттағы жұмыссыз азаматтардың білімі туралы дипломы болуы тиіс.
Егер сіз де еңбек нарқында өз қалаған жұмысыңызды таппай жүрген болсаңыз, Бейбітшілік к-сі, 25, "Өркен" іскерлік орталығы 2-қабат, 208-кабинет мекенжайы бойынша орналасқан жұмыспен қамту орталығына хабарласа аласыз.
Материал Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты astana.gov.kz деректері бойынша дайындалды.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше