Шымкенттіктер туралы 7 миф

Блог - Daniar-Alan: Шымкенттіктер туралы 7 миф

Жауыр болған тақырыптардың бірі екенін білемін, бірақ сонда да өз пікірімді айтып өтейінші деп ойладым. Құдай ау, Астанаға келгелі 5 жыл ішінде не сөз естімедім, басында сұхбаттасушымның бұл пікірінің дұрыс емес екенін дәлелдеуге тырысатын едім, кейінірек бұл қарсылық, берілгісі келіп отырған жігітінің алдында тұрып "қойыңызшы" деп әлсіз қарсылық танытатын 17 жасар бойжеткеннің қылығынан аса алмай қалды. Кейін тіпті қосыла жамандайтынды шығардым :) Жө-жоқ, жек көргенімнен емес, Шымкентке бармаған, тірі Шымкенттікті тек автобустан ғана көретін бір міскіндерді подъеб жасау үшін ғана осылай дейтінмін. Рас, кейін әдет болып кетті. Сонымен,
Блог - Daniar-Alan: Шымкенттіктер туралы 7 миф
Жоқ, ҚТ/ДТ тақырыбы бар, кей кездері өршіп-өршіп те алады. Қайбір жылдары облыста бір қазақ руларына қатысты бір үлкен стэлла ашылмақшы болыпты. Архитекторы бар, дизайнері бар дайындап алып келсе, облыс әкімінің қатысуымен (әлбетте қала әкімі, қала/облыс архитектурасы, жер комитеті т.б. құрылымдардың өкілдерінің қатысуымен) өткен бұл шараның арты дауға ұласып кетіпті. Даудың басы не дейсіз ғой?! Сол рушылдық. «Неге жоғары жақта жалайыр тұр, қоңырат неге төмен? Жаныс неге жоғарыда тұрмайды?». Осы сұрақтарды 2-3 сағат талқылап, облыс әкімі қолын бір сілтеп (әлбетте адам болмайтындарын түсінген шығар) бітейін деп тұрған жоба сол күйі салынбай қалыпты.
Өткенде Ақтөбеге бардым (айтпақшы мына пікірді естіп одмин өшіріп тастауы мүмкін постты). Не көрдім дейсіз?! Бір де бір ұлы, орта жүз руларының атақты адамдарының атымен аталған көше жоқ. Барлығы кіші жүз руларының адамдары. Ол ол ма (Ол — ол! © вайфай25), Астана қаласында Әлияның ескерткіші бар. Тура сондай Ақтөбеде де бар. Астананың әлде 10, әлде 15 жылдығына Ақтөбенің жасаған сыйлығы. Қызығы, ескерткіш артындағы стелланың Астанадағысында бүкіл қазақ бар, ал Ақтөбесіндегісінде тек кіші жүз адамдары *lol*
Құдай, рушылдық қазақ бар жердің бәрінде бар. Тек бізде Шымкентте бір кісінің айтуынша ол «ТЫМ ЖАРНАМАЛАНЫП КЕТКЕН».
Блог - Daniar-Alan: Шымкенттіктер туралы 7 миф
Шымкенттіктердің жанды жері :) Алып қашу болған, болады, бола да береді. Оны орта ғасырлардың қалдығы дерсіз, демессіз, ұнар-ұнамас, ол өз шаруаңыз. Баяғыда қалай екенін білмеймін, біздің кезімізде қыздың еркінсіз алып қашу өте сирек жағдай болатын. Әдетте, қыз-жігіт болып жүріп, қыздың келісімімен алып қашатын. Оған әсер ететін бірнеше факторлар болуы мүмкін. Қыздың ата-анасының келісім бермеуі (материалдық жағдайының тең болмауы т.б.), шығындарды азайту үшін (құда түсіп алғанға қарағанда әлдеқайда шығыны аз), қызық үшін. Кейініректе тіпті, қыз бен жігіттің ата-аналары жолығып, әдейі пәлені күні алып қашсын деп бір-бірімен келісіп те істеп жүрді. Бұл жердегі маңызды фактор сол материалдық шығындарды азайту еді.
Бірақ, көрген қызды басып алып қаша бермейді, тіпті сол Шымкенттік қыздардың ішінен алып қашқан жерінен қайтып келген кемінде 5 қызды білемін. Ол жерде де заң бар. Ол жерде де заңнан қорқады.
Дәлелдерім қаншалықты сенімді шыққанын білмеймін, бірақ бас салып алып қашатын жағдайлар жүзден, тіпті мыңнан бір. Сендердің ойлап жүргендерің жәй ғана миф.
Блог - Daniar-Alan: Шымкенттіктер туралы 7 миф
Жоқ, бұл миф емес. Парақорлық бар. Болғанда қандай. Жасымнан (ғылым бар деп ескермедім) спортқа жоқпын. Жек көретінмін. Мектеп кезінде дене шынықтыру сабағынан қашып кететінмін. Бірінші курсқа түскенде тағы сол д/шы алдымнан шықты. Әлбетте барғам жоқ. Бірінші сессия бітерде ағайға барып, 500 теңгемен шешіп кеткем. Саудаластым тағы ұялмай.
Бірақ парақорлық тек Шымкентте десеңдер қатты қателесесіңдер. Петропавлға соңғы барғанымда бір жігіт жаңадан машина алып жүргізіп жүргеніне 1-2 ай ғана болғанын айтып отырған. Мен барған күннен бір күн бұрын МАИ қызметкеріне ұсталып, алғашқы парасын беріпті. Ондай оқиға бүкіл Қазақстанда миллиондап саналады. Қазақстанға сіңіп кеткен. Сондықтан барлық күнәләрдің бәрін Шымкенттіктерге жауа бермесеңдер деген тілек.
Блог - Daniar-Alan: Шымкенттіктер туралы 7 миф
Бұл енді даулы мәселе. Мәселен, қонақсыз дейік. Тұратын пәтер жалдайсыз. Біз соңғы барғанымызда тәулігіне 5000 теңгеден жалдадық. Ол жұмсартып айтқанда, люкс номерлер емес. Жақсы пәтерлерді 10-15 000-ға жалдайсыз. Былай қарасаң, Астанада да сол баға. 150 теңгенің шашлығы? Ал сол шашлықтың қаншасына тоясыз? Орташа он адамнан құралған компания бір отырғанда 40-50 дана шашлық береді. Сыра 200-300 теңгеден? Астанаға келіңіз, мен тура сол бағада сыра сататын бірнеше жерді көрсетемін :) Киім арзан? Астанада орталық базарға барыңыз, баға сол шамалас.
Біз жазда барғанымда 3-4 адам болып бір караокеге барып 20-30 000 жобасында құртып қайттық. Бұл жерде мәселе класс туралы шығар. Гламур орындар, қарапайым өлімділердің баратын орындары қай қалада да бар. Бір күнде мың доллар құртатын жер Шымкентте де толып жатыр.
Ал егер әңгіме сервисте болса, онда әңгіме басқа. Шымкенттік сервиске ештеңе жетпейді. Сіз тіпті бір бомжатникте отырсаңыз да сервис жоғары деңгейде болады. Оған мен кепілдік бере аламын.
Блог - Daniar-Alan: Шымкенттіктер туралы 7 миф
Қазақылық болғанда әңгіме қазақ тілі туралы. Шымкент қаласы Кеңес үкіметінің көптеген қалалары секілді орыстанған қала болғанын ұмытпауымыз керек. Кеңес үкіметі кезінде, тоқсаныншы жылдары қазақтардың саны өте аз болған. Сұрапыл тоқсандарда біз 17 мөлтекауданда тұрдық. 8 подъездік үйде ары кетсе 10 қазақ жанұясы болған шығар. Кейін 2000 жылдарға қарай он шақты ғана орыс жанұясы қалды сол үйде. Бірақ, көпке дейін кеңсе тілі орысша болып келді. Қағаздар Қазақстанның барлық қалаларындағы секілді орысша жүргізілді. Ал «Кеңсе тілі қазақша болмай іс оңбайтынын» өздеріңіз де білесіздер ғой. 17 мөлтекаудан ол кезде қаланың шет жағында орналасқан. Орталыққа бара қалсам басқа қалаға түскендей болатынмын өз басым. Көше орысша сөйлейтін. Әлбетте түрі қазақтар, орысша былдырласып кетіп бара жататын.
Осы жақында ғана бір танысым барып келді. Келген соң «Неге бәрі орысша сөйлейді?»,-деді. Өйткені, өйткені (патамушта патамушта). Сондықтан, Шымкентке барып қазақша түсінбей тұрған қазақты көрсеңіз қатты таң қалмаңыз. Өз ауылыңызға барғандай барып, алдыңызда қымыз сапырып отырған әже көремін, қазақша оюланған қамзолы бар бойжеткен көремін, шаштағы шолпыны, қолдағы қамшыны көремін деп барсаңыз үмітіңіз ақталмай қалу қаупі жоғары :) Көп нәрсені күтпей ақ қойыңыз дегенім ғой :)
Блог - Daniar-Alan: Шымкенттіктер туралы 7 миф
Өткенде ғана шыққан "Шымкент келінінің бір күнін" бейнелейтін фотореп шықты. Әлеуметтік желілерде жүздеп бөлісіп, мыңдап пікір білдірді. Мен сендерге айтайын, барлық келін ондай емес. Ибалылығын сыпырып тастап енесімен бүйірін таянып ұрсысатын, үйіне жылына 3 рет кетіп қалып «Күйеуім келіп алып кетпесе бармаймын» деп жатып алатын, бөлмесіне кіріп алып, тіпті шайды да бөлек ішетін келіндер жетіп артылады.
Ол жақта қыздар тұрмысқа ерте шығады. Көбі жиырма жасқа жетпей тұрмысқа шығып кетеді. Тіпті біздің кездерде қыздардың өздері «23-тен қалып кетсең қалғаның ғой солай»,-деп отыратын. Енді ойланыңызшы қазіргі заманда жиырма жасар қыз деген шақалақ қой әлі, еркелігі басылмаған. Уақыт өте келе 1-2 бала туған соң, қыдырғысы келеді, жастық шағында түнгі клубтарға мүлдем бармағаны есіне түседі, былайша айтқанда құтыра бастайды. Оған көнетін күйеу аз, көнетін ене тіпті аз. Ажырасу бойынша нақты қай орында екенін білмеймін, бірақ алғашқы орындарда екенін жорамалдай аламын. Біздің топта оқыған жиырма қыздың үштен бірі ажырасып кетті. Екінші әйел алған достарым да бар. Ажыраса жаздап барып тоқтаған достарым да бар. Есеппен тұрмысқа шығып, күйеуі командировкаға шығарып салып бұрынғы жігітінің қойнында жататын да әйелдер көп. Отырыстарға 3-4 жасар баласымен келіп, бойдақтардың «кеттік-кеттік» дегеніне еріп, баласымен бірге жалдамалы пәтерлерде қонып қалатындары да бар. Ондай өте көп. Көбінде маска беттерінде.
Ия, жынысаралық соғысқа дайынмын. Жабылыңдар.
Блог - Daniar-Alan: Шымкенттіктер туралы 7 миф
Қойыңдаршы түге. КСРО кезін білмеймін. Ол кезде сабаса сабаған да шығар. Онан кейін әйелін ұрыпты дегенді көрмедім. Шымкентте 10 досым бар, екеуі бойдақ, қалғандары отбасылы. Біреуі де әйелін ұрмаған. Нұқыса ашу үстінде нұқыған шығар, бірақ көгала қойдай сабағанын естімегем де, көрмегем де. Оның үстіне заман да басқа ғой, күйеуінің үстінен ұрды деп арыз жаза салатын әйелдер де көп. Сондықтан, бұл жүзпайыздық миф деген ойдамын.

Сегізінші миф

Данияр Алан Шымкенттіктерге ұқсамайды, батыстың жігіттеріне ұқсайды дейді біразы. Хе, түбірімнен асып қайда барамын айналайындар ау *lol**lol*
Бөлісу:

22 пікір

aizat
Ақтап алу сияқты ))
Daniar-Alan
Енді ақтап алу ғо :)
MERmukhanov
Лолдарыңның арасын ашып жібер *lol* *lol*
merekeee

Ресейдегі қазақстандық актёр жайлы со жақтың сайты былай депті: «Однако бокс Паша искренне любил. Ему, конечно, приходилось применять свои знания на практике, поскольку в родном городе дрались абсолютно все.»
Бұл сонда тоғызыншы миф па?
ken
Сегізіншісі қайсы еді?
madlen
Сервис жайлы жазганынмен келисе коймаймын. Калганы бари абсолютная правда.
Daniar-Alan
Қазақстанда сервисі ең мықты Шымкент.
madlen
Мысалы, корпоратив кызмет, келисим-шарт тузу дегендерден тым алыс, курысын, фискальный чек пен счет-фактура бере алмайтын жерлери коп. Сервис деген жылы сойлеуден ары баратын заманга жеткен шыгармыз.
Daniar-Alan
Ол қағаздар ғой, мен мәселен қыдырушы ретінде фискальный чек пен счет фактура наққа керек емес.
madlen
Ну вот, Шымкентте сервис сол қыдырып келгеннен басқасынан ары бармайды.
RaymbekEgemberdiev
Сервис деген жылы сойлеуден ары баратын заманга жеткен шыгармыз.
Өкінішке орай, басқа жақтарда көбінесе сол жылы сөйлеу жетпей жатад ) сондықтан мұнда ары қарай кім өтіп кім өтпегені түсініксіздеу)
ken
5-ші мифте тіл туралы жазылыпты. Байқағанымды жазайын. Шымкенттіктер қазақша сөйлегенімен дәл ана батыстықтар сияқты сөйлей алмайтынын байқадым. Батыстықтардың тілдері өткірлеу ма, бірдеңе боп көрінеді маған — шымкенттікке. Мысалы, осы ойымның өзін дәл жеткізе алмай отырмын. Батыстықтар күрделі обороттарды қолданып отырып мықты жеткізер еді.
Daniar-Alan
Түсініп отырмын )
Erkekyz
Тоғызыншы миф- сендер жақта бəрі боқтап сөйлей ма?
Ох, ще***, кім айтты оны?
Миф емес
ken
Солтүстіктік (шығыстық) казах: бля, осы шымкенттіктер боқтап сөйлейтін әдепсіздер. Біз сияқты боқтамай сөйлесе болады ғой нах.
ademi_alem
Шымкенттіктер шығыстықтардың неге әкеден боқтайтындарына таң қалады, ал шығыстықтар шымкенттіктердің неге шешеден боқтайтындарына таң қалады. ))))))))
madinarebrova
шымкенттіктерге жаныңыз ашып кетті ме?)))))
ken
Ruwşıldıqtıñ sebebi mınada emes pe eken osı?
Soltüstik pen şığıstağı qazaqtardıñ quramı keşege deyin negizinen orta jüz ruwlarınan quralıp keldi. Al batısta kişi jüzder. Är ruw öziniñ belgili bir aymağında jasap keldi. Yağni eki adam jön surasıp turıp birewi «men mınaday eldi-mekennenmin dese» ekinşi adam onıñ ruwın aytqızbay-aq bile qoyadı.
Al oñtustikte munday nömir ötpeydi. Öytkeni ol jaqta barlıq üş jüzdiñ ruwları bar. Ömir sürüwge qolaylılığına baylanıstı soltüstikten de, batıstan da, şığıstan da qonıs awdarğan jurt är zamanda şıraylı oñtüstikten pana tawıp otırğan. Oñtüstikte ruwlıq quramnıñ alwan türliligi osıdan bolsa kerek. Yağni eldi-mekeni arqılı ol jaqta adamnıñ ruwın anıqtay almaysıñ, tek surap qana bile alasıñ. Ruw surağıştıq sodan qalıp ketken emes pe eken? Ruwlıq quram alwan türli ortada ärkim öziniñ ruwlastarın izdewi de zañdı bolsa kerek. Demek oñtüstikte ruwşıldıq osı ruwlıq quramnıñ alwan türliliginen aktual bop ketken.