"Ақылды" аялдама ашылды
Ауа райы аумалы Астананың қысқа дайындығы көңіл толарлық. Енді елордалықтарға бет қаритын аязды маусымда көше бойындағы аялдамалар да пана бола алады. Қаламызда алғаш рет ашылған «ақылды» аялдама аптаның айшықты уақиғасы болды.
Халық игілігі үшін осындай қанатқақты жобаны жүзеге асырушыларға тұрғындар ризашылықтарын жеткізіп үлгерді. Оны «Азия Парк» сауда ойын-сауық орталығы алдында орналасқан қызыл «үйшікке» үйірілген жұрттың таңданысты жүзінен-ақ байқауға болады.
– Мен – осы қаланың төл тұрғынымын. Астана астана болғалы көз алдымда қарыштап дамуда. Сол замандарда Арқа даласы осылай өзгереді десек, сенбес едік. Кезінде осы тақыр далада домбығып, ары-бері сарсылған біз төбесі көкпен таласқан зәулім үй түгіл мынадай алабөтен аялдамада бойымызды жылытамыз деп ойлаппыз ба?! Айналайын-ау, мынау кәдімгі пәтер сияқты ғой. Ең алдымен, қарияларға жақсы болды. Қыста үйде қамалып отырмай, бір уақ бой жазып тұрады. Оның үстіне қандай ауа райы болсын, «Нұр Астана» мешітіне келушілер қатары сиремейді ғой. Менің де осы мешіттен шыққан бетім еді, — деді зейнеткер әжей Мария Мирзаева.
Ал, Шолпан Мұрынбаева есімді жолаушы мұндай аялдаманы алғаш рет жазда Дубай қаласына демалуға барғанда көргенін айтып, біздің қала да Дубай сынды дамитынына сенетінін жеткізді.
«Ақылды» аялдаманың іші қақаған қыста жылы болып, сәйкесінше жаз мезгілінде салқындатылады. Оның жабық және ашық бөліктері бар. Жабық бөлігіне бір уақытта 20-30 шақты адам сыяды. Болат материалмен қоршалған пана инфрақызыл жылытқыштар арқылы жылытылады. Павильон толықтай ақпараттандырылған. Арнаулы таблодан автобустардың қанша уақытта жететінін білуге болады. Сондай-ақ, қолжетімді тегін Wi-Fi жүйесі қосылған. Одан бөлек жолаушылардың қауіпсіздігі үшін бейнекамера орнатылған.
Тұрғындардың арасынан аялдаманы тұрғызуға 10 млн теңге жұмсалғанын шығынға санайтындар да табылды. Руслан есімді азамат мұндай сомаға Астанадан бір үй сатып алуға болатынын айтып, дағдарыс заманында үнемшіл болуға шақырды.
– Жобаның жалпы қаржы мөлшері көпшілікке үлкен шығын болып көрінуі мүмкін. Нысанның құрылысынан басқа заманауи құрылғылармен жабдықталуының өзі көп қаржыны қажет етеді. Жұрттың Б. Момышұлы көшесінде 4 млн теңгеге салынған гүл павильонымен салыстырудың реті жоқ. Бұған дейін Петропавл қаласында пайдалануға берілген осындай аялдамаға 9 млн теңге қаржы кеткен., — деді «Астана LRT» ЖШС-нің Көлік транспорты директоры Рустам Халилев.
Оның айтуынша, қазір жолаушылар көп жиналатын 80-нен аса аймақ анықталған. Жыл соңына дейін 30-ға жуық «ақылды» аялдама орнату жоспарлануда.
10 пікір