Шұжық дайындаудың қызығы мен шыжығы
Отандық өнімдердің өрісі күннен күнге кеңейіп келеді. Қазір елордадағы кез келген сауда орындарына бас сұға қалсақ, назарымыз бірден «Қазақстанда жасалған» белгісімен безендірілген азық-түлік, құрал-жабдық тауарларына ауады. «Өзіміздің өнімдер сапа сөзінің синонимі болуы керек» деп қадап тапсырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев істің көзін тапқан ілкімді кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсетуде. Жастарды кәсіпке баулу мақсатында қаламызда жүргізіліп жатқан «Мамандық таңдау – маңызды қадам» акциясы да – өз өнімдерімізді насихаттауға бағытталған бастама.
Ақмола облысын ғана емес, басқа да өңірлерді де ет өнімдерімен қамтамасыз ететін Астанадағы «Целинная» фабрика деликатесов» ЖШС мектеп оқушыларымен қатар, бір топ тілшілерге кәсіпорын жұмысын таныстырып, «Халал» стандартты өнімдердің қалай дайындалатындығына көзімізді жеткізді.
Жалпы аумағы 2 гектарды алып жатқан кәсіпорынның 500 шаршы метріне орналасқан өндіріс цехына бізді қойма меңгерушісі, тауартанушы Ольга Дильман бастап жүрді. Күнделікті тұтынатын тамақ түрін дайындайтын фабрикада санитарлық талаптарды сақтау қатаң бақыланады. Есігінен аттап басқаннан аяқ киімімізді бахилемен қаптап, шашымызды целлофанмен қымтап, үстімізге халат кигізді. Ал, кәсіпорын жұмысшылары кіреберісте орналасқан арнаулы аппаратта аяқкиімдерінің табанын жуып кіреді.
Жөн сілтеушіміздің айтуынша, қазіргі кезде «Халал» өнімдерге сұраныс көп болғандықтан, цехта негізінен адал асты дайындауға басымдық беріледі екен. Жұмысқа кірісерде қызметкерлер алдымен ыдыстар мен техникаларды әбден жуып, тұзбен тазалап шығады. Тағамға қосылатын суды да үш рет сүзгіден өткізеді.
Тәулігіне 5 тоннаға тарта шұжық шығаратын үлкен кәсіпорынның «қазан-ошағы» – арнаулы техника құралдары. Барлық жабдықтар түгелімен Австралиядан әкелінген.
Фабриканың әлеуетін айқындайтын өнімі – шұжық. Мұнда шұжықтың барлық түрі дайындалады десек, қателеспейміз. Басты шикізаты – етті тек «Халал» сертификаты бар шаруашылықтардан ғана алдыртады.
Шұжықты дайындау үшін алдымен ет сүйектен сылынып алынады. Одан кейін «Куттер» етшеккішіне салынып, майдаланады. Парша-паршасы шығып кескіленген ет паштетке айналады. Паштет арнаулы шприцтермен орауыштарға құйылып, пішінделеді.
Жартылай қақталған шұжықтар кептіріліп, түтінмен ысталады. Бұл үдеріс те австралиялық әдіспен жүзеге асады. Яғни, түтетуге қажет бук ағашы шетелден келеді.
Түрлі өлшемде жасалған шұжықтар арнаулы затбелгілері жапсырылған соң, қоймаға жиналады. Одан ары қарай сатылымға жөнелтіледі.
– Ет өнімдері фабриканың былайғы жұрт біле бермейтін қыр-сырына аз да болса қанықтыңыздар. Көріп тұрғандарыңыздай, мұнда тынымсыз жұмыс. 50-ге жуық жұмысшы тұтынушыларға сапалы өнім ұсыну үшін барын салады. Өндірілетін өнімнің мөлшері тапсырыс мөлшеріне байланысты. Біз шұжықтан бөлек, «KFC» тамақтану орындарына тауық еттерін дайындаймыз. Астаналықтардың көбі күн сайын біздің өнімдерден дәм татады, — деді Ольга Дильман.
Фабрика қызметкерінің айтуынша, бүгінгі таңда отандық өнім өндірушілер саны көбейіп келеді. Бәсекелестік артқан сайын, талап та күшейіп, тауар сапасы одан әрі жақсара түседі. Олардың Қазақстанның және Астананың үздік тауары байқауларында абыройлы болғандары – тұтынушылардың ықыласына бөленгені.
келесіде халал су өіндірісі туралы жазсаңыз.