Астананың өз зообағы болады
Астананың сол жағалауында келешекте хайуанаттар бағы салынатын болады. Жоспар бойынша зообақтың жалпы аумағы 50 гектарды құрайды. Оған Солтүстік Америка, Оңтүстік Америка мен Африкадан жануарлардың 49 түрі жеткізілмек. Бұл туралы Астана қаласының құрылыс басқармасына сілтеме жасай отырып, Қазақпарат агенттігі хабарлады.
Қалалық құрылыс басқармасының мәліметіне сүйенсек, қазір «Астана қаласында хайуанаттар бағының құрылысы» жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі ғана әзірленген. Жобаны әзірлеуші «ППК» жобалау-құрылыс компаниясы» ЖШС. Құрылыстың жер телімі ипподромнан оңтүстік-батысқа қарай, Астана қаласының сол жағалауы бөлігінде орналасқан. Хайуанаттар бағының аумағына әкімшілік корпус, қызметтік ғимарат, шаруашылық ауласы, оранжерея, жануарларға арналған жабық павильондар, қоймалар, сорғы станциясы және өзге де нысандар орналасатын болады. Қызметкерлер құрамының саны 287 адамды құрамақ.
Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесіне сай құрылыстың есептеу құны 24,31 млрд.теңгені құраған. Әзірге, қаржыландыру бөлінбеген соң, жұмыстың жобасы дайын болмай отыр.
1 пікір