Астана әкімі «Тұлпар» СО-дағы жалға берілетін орындар төлемінің қымбаттауын талқылады
Бүгін Астана қаласы әкімдігінің кезекті аппарат жиналысында қала өміріндегі бірқатар маңызды мәселе қарастырылды. Атап айтқанда, «Тұлпар» сауда орталығындағы жалға берілетін орындардың ай сайынғы төлемінің қымбаттауы талқыланды. Жақында аталған сауда орталығының жалға алушылары басшылықтың ай сайынғы төленетін төлемақының доллар курсының өсуіне байланысты көбейтіп отыратынын айтып, өз наразылықтарын білдірген болатын. Атап өту керек, мұндай жағдай қаланың басқа сауда орталықтарында да болған. Елорда әкімі жалға алушыларға ниеттестік білдірді. «Долларға мүдделі болудың бұған қандай қатысы бар? Жалға берілетін орындардың төлемақысына доллар курсы қалайша әсер етеді? Жалға алушылар саудадан түскен ақшаны тек қана теңгемен алады, ал төлемақыны доллармен төлеуге міндетті. Осының барлығы баға саясатының тұрақсыздығына әкеліп соғады», — деді Ә.Жақсыбеков және арнайы жұмыс тобына осы мәселенің шешімін тауып, қажетті түсіндірме жұмыстарын өткізуді тапсырды. Елорда басшысы қаланың жол жиектеріндегі ақылы тұрақтардың жеткілікті болуын ұйымдастыруды тапсырды, бұл өз кезегінде қаладағы жол қозғалысы трафигіне оң әсерін тигізуі қажет. Бұл үшін шетелдіктердің алдыңғы қатарлы тәжірибесін зерттеп, ішкі аумақтар, мектеп айналасы, ЖОО және басқа да әлеуметтік нысандар трафигіне көңіл бөлу шарт. Шағын және орта бизнес дамуының көптеген мәселесі, сонымен қатар автотұрақтардың құрылысы әлі толықтай бір ретке қойылмаған жер телімдерін аукционға шығару механизміне келіп тіреледі. Ә.Жақсыбеков ағымдағы ережелерге тиісті өзгерістер енгізуді тапсырды, оларды жеңілдірек, түсінікті әрі анық және ең бастысы бүгінгі күнге, жаңа экономикалық саясатқа сәйкес қылып жасауды тапсырды. Әкім мемлекеттік бағдарлама аясында салынған тұрғын үйлердің жағдайларына ерекше тоқталып өтті. Бұл жерде түйткілді мәселелер көп. Кейбір салушылар қосалқы трансформаторлық бекеттерді, қазандықтарды және басқа да қосалқы нысандарды уақытында қала балансына бермейді. Бұл өз кезегінде пәтерді сатып алу мен күту бағасына тікелей әсерін тигізеді. Үй аумақтарының абаттандырылуы мен үй асты орындарының басқа мақсаттарда қолданылуы тұрғындардың арыз-шағымдарын туғызуда. Ә.Жақсыбеков аталған нысандарды аралау барысында бірқатар ескертпені айтып, тез арада бұл кемшіліктердің орнын толтыруды тапсырды.
сілтеме
сілтеме
2 пікір