Блогиада #12. Қазақша дубляж: Көрсетпейді, көрілмейді.
2011 жылдан бастап Голливудтың 8 фильмі қазақ тіліне дубляждалып, прокатқа жіберіліпті. Сол кезден бері оның халыққа насихатталу деңгейі мен экранға шығару жиілігіне қатысты наразылықтар айтылып-жазылып жүр. Атап айтқанда: шыққалы жатқан кино жарнамасының жеткіліксіз болуы, кинотеатрлардың қазақша фильмді прайм-таймға қоюға құлықсыздығы, репертуардан себепсіз алып тастау, т.б. Осыдан келіп, оның кассалық табысына, дубляжға кеткен шығынды ақтап алуға қатысты сұрақ туындайды. Ал жауабы онсыз да белгілі — табыстары көңіл көншітерлік емес. Мен де осы мәселеге өзімше бас ауыртып көрдім.
Енді табысқа көңіл бөлейік. Назарларыңызға қазақша дубляждалған фильмдердің табысы туралы мәліметті орысша нұсқасының табысымен салыстыра отырып ұсынамын:
Ескерту: Соңғы шыққан — «Жаңа Өрмекші-адам: Кернеген қуат» және «Малефисента» фильмдерінің түпкілікті бокс-офисі әлі ресми жария етілген жоқ.
Диаграммадан көріп тұрғаныңыздай, қазақша мен орысша нұсқалар әкелген пайданың арасындағы айырмашылық — жер мен көктей. Енді бұның себебін анықтап көрейік.
Жыл сайын «Меломан» компаниясы мен «Самұрық-Қазына» ұлттық қоры бірігіп, 2-3 фильмді аударып ұсынады. Мен үшін ең алдымен маңыздысы — осыдан адамдар хабардар ма, соны біліп алу керек болды. Әлеуметтік желі арқылы жасалған сауалнама көрсеткендей — жалпы тұрғыда адамдар біледі екен. Бірақ...Бір өкініштісі — қатысушылардың аз болуы: бұдан да көп адам дауыс берсе нәтиженің сенімдірек шығуына сеп болар еді.
Диаграммада тізімделген фильмдердің орналасу реті шыққан жылдарына сәйкес келеді. Көріп тұрғаныңыздай — фильмдердің танымалдылық деңгейін жыл сайын төмендей түскен («Малефисентаны» есепке алмағанда). Осындай нәтижені өзім де күткен едім: кезінде «Көліктер 2» туралы Интернетте де, БАҚ-та да жарыса хабарланса, соңғы 1-2 жылда шыққан қазақша дубляжды картиналар бұрынғыдай көп айтылып-жазыла бермейді. Дистрибьютор-компания дайындаған медиа-өнімдерден де қазақ тілінде шыққанынан хабар беретін сөздердің қаріпі кішірейе түскендей. Мысалы төмендегі постерлердегі қазақша атауларды қараңыз (былтыр «Жалғыз рейнджер» деген жазуды постерден кездейсоқ қана көріп қалғаным есімде):
Келесі бір мәселе — прокаттың шектеулігі. Көп жағдайда Алматы мен Астанадан әрі аса бермейтін тәрізді. Бұл жайында өңірлерде тұратын дос-таныстарымнан сұрап көрдім. Қойған сұрағым мынау болды: "Өз қалаңда қазақша дубляжбен шыққан шетелдік фильмдерге барып көрдің бе?".
Ажар Сағатпекова, Өскемен:
— Тек "Өрмекші адамды" ғана көргенмін. Мүмкін, бұрындары басқа да қазақша дубляжбен көрсетілген кинолар болған шығар. Бірақ, ол жағынан менің бейхабар болуым әбден мүмкін.
Дарын Нұрсапар, Өскемен:
— Жоқ, барып көрмеппін. Бізде оларды көрсетпейтін де сияқты осы. Болса да 1-2 сеанспен шектелетін болуы керек.
Даниял Жұмағалиев, Атырау:
— «Батыл жүректің» кезінде кинотеатрға хабарластым әдейілеп. Қазақша сеанс жоқ деп жауап берді.
Фархат Тастамбек, Петропавл:
— "Қара киімділерге" ғана бардым. Бізде қазақша фильмдер мүлдем көрсетілмейді. "Қара киімділердің" өзі әкімдіктің арқасында көрсетілді. Қазақша дубляжбен ұсынылған басқа фильмді өз басым естімеппін.
Гүлфайрус Уалиахмет, Орал:
— Бізде қазақша фильм қойды деген жағдай тіптен есімде жоқ. Бізге мүлдем әкелінбейтін сияқты.
Бақберген, Шымкент:
— Мен білсем, «Көліктер 2» ғана болды прокатта. Қалғандары Шымкентке жетпеген сияқты.
Алайда, өңірге қазақша дубляжды кино жеткізілмейді деген пікірге Chaplin кинотеатрлар желісінің басшылығы өзінше жауап берді. Атын жарияламауды өтінген өкілдің сөзі:
— Қазақша дубляждалған фильмдерді барлық жерге бірдей таратуға мүмкіндік жоқ. Жалпы аударма жасаудың өзі тиімсіз тірлік. Оның аудиториясы шамалы, ал шығыны көп.
Бұл жерде осы өнімдердің негізгі дистрибьюторы — «Меломан» өкілдері нақты түсініктеме беріп, істің анық-қанығын айтып беруі тиіс еді. Алайда оларға жіберген сауалым жауапсыз қалды.
Сонымен, мәселенің анық-қанығы айқындалмады. Көрермендердің сөзіне құлақ ассақ — олар киноның насихатталуы нашар дегендей уәж айтады, прокатшылар бұндай жобаның пайдасынан шығыны көп деген ұстанымда. Қорытуды өзіңізге қалдырдым.
табысы да жоғары екен, өзге дубляжкілермен салыстырғанда
Меломанның жауабы маңызды-ақ ед, жауап бермегендерін қараш
«Көліктер-2» нің сәттілік себебі белгілі болғанда, қалған фильмдерге де сол стратегияны қолданар ма еді
әлде «Көліктер-2» нің алғашқы қазақ тіліне дубляждалған Голливуд өнімі болуы себеп пе екен?
қызық жағдай, ну «Көліктер-2»нің тәржімасы ұнаған болатын
қалғандарын көрмедім
сондайда: "қой,. олай ойлама, расымен де көргісі келіп, билет алды ғо, және өзгелерді де қазақ тіліндегі сеансына баруға үндегісі келгені ғо" деп ақтап алған боламын
"Қара киімділер-3" пен «Жаңа Өрмекші Адам»-ды үйден қарадым.
"Қара киімділер-3" жақсы шығыпты
Паукті быт-шыт қылған