Еліміздегі бесінші дубляж - «Монстрлар университеті» хақында

19 маусым күні Алматы қаласында «Chaplin» кинотеатрында «Болашақ» ассоциациясы мен «Marwin» компаниясы «Алтын Қыран» және «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының демеушілігімен «Монстрлар университетін» БАҚ құралдары өкілдеріне алғаш рет қазақша сөйлетті. 3D эффектілі фильм ретінде картинаның шынайылығын айта кеткен жөн. Бұған «Pixar» студиясының фильмді түсіру барысында ашқан жаңалығы «жаһандық илююминацияның» (GI) әсері зор болды десек артық айтқан болмаспыз. Кинографистер үшін жарықты бірнеше жарық беруші нүктелерден емес, бір ғана үлкен жарық түсіруші ресурстан жарық алу ғылыми революциямен тең болды. Мұндай жарық беру барысында картина шынайырақ бола түседі. Мультфильмнің техникалық құрастырылуы мен кейіпкерлер образдары өте сәтті жасалғанын да атап өту керек.

kinostan.kz


2001 жылы көрерменге ұсынылған «Корпорация монстровтың» приквелі ретінде түсірілген киноөнім басты кейіпкерлер Майк пен Саллидің Монстрлар корпорациясындағы қызметтерінен сәл артқа шегініп олардың студент болған кезінен, екеуінің танысу сәтінен оқиғаны өрбіте түседі. Режиссер Ден Скэнлонның айтуына қарағанда, кино түсіруші топ басты кейіпкерлерді жастықтың жарқын шақтарының бірі «студент» атану кезінен өрбіткілері келген. Тіпті басты кейіпкерлерді жасарту мақсатында «Pixar» анимациялық киностудиясының қызметкерлері арнайы зерттеулер жүргізіп, ғылыми тұрғыдан дәлдік іздеген. Кішкене Майктың бала кезден «Монстрлар корпорациясында» қорқыту маманы болып қызмет еткісі келетін арманын бірінші фильмнің тікелей байланысы ретінде қолданыпты.

kinostan.kz

Ал, қазақша дубляждалған бесінші фильм екенін ескерсек, «Болашақ» ассоциациясы мен «Marwin» компаниясы аударма бойыша біршама жетістікке жеткендігін байқаймыз. «Көліктер 2» мультфильмінің аудармаларына қарағанда осы жолғы кейіпкерлер дауысы анық әрі сенімді шыққан. Сонымен қатар, қазақ тілді кейбір сөздер мен сөйлемдердің айтылуында көңіл толтырарлық рифмаларды байқадық. Еліміздің облыстарындағы диалект сөздер де эмоцияны көрерменге жеткізу барысында орынды қолданған. Фильмді қазақ тіліне аударушылар жақсы еңбектенгені дауыс салушылардың оқылымынан байқалып тұр. Мультфильмде бір-екі жерде сөйлемдегі сөздердің орналасуы мен интоннациядағы қателіктер болмаса фильмнің аудармасы сәтті шыққан. Алматы қаласындағы Бағанашыл ауылы, №1 балалар үйінің тәрбиеленушілері де дубляжға өз үлестерін қосыпты.

осы жері күлкілі

Мультфильмнің кейбір жерлері көңілімізді толтыра алмады. Ең алдымен фильмнің атауы дәл қазақшаға тәржімалаған сәтте «Құбыжықтар университеті» болып аударылса керек-ті. «Университет монстров» деген атауына сәйкестендіріп, тақырыптан ауытқымауды қадағаланымен, қазақ тілінде монстр деген сөз жоқ екенін ескеру қажет еді. Тым болмағанда «Қорқытушылар университеті» деп аталса да тәржімасын дұрыс дер едік. Мультфильмнің атауының өзі шала қазақ тілімен аударылғанына жиын барысында сырт көздер, өзгелердің немесе аудармашылардың түсініктімесі берілмеді. Дубляждың толықтай жасалмағанын да ескере кету керек. Барлық сөздері мен дауыстар қазақша болғанымен, экран алдындағы титрлардың орысшадан аударылмағанынан шалалықты байқадық.

Актерлердің кейіпкерлерге дауыс беру барысында, американдық және ресейлік нұсқасындағы дауыстарды сәйкестендіруде біраз ізденген. «Біржан сал» фильмімен танылған Дулыға Ақмолда – еңбекқор, мақсатқа жетуде тынбай еңбектенетін басты кейіпкер Майк Вазовскийді, ал әкесінің атағының арқасында танымалдылығымен достарының, мұғалімдерінің алдында абыройлы болып жүрген, бойында қорқыту дарын болып қалыптасқан Джеймс П. Салливанды Руслан Сенкебаев сөйлетіпті. Ең көп қорқыту көрсеткішімен танымал болған декан Хардскраббл еліміздегі танымал қазақстандық әртіс Лидия Каденнің даусымен сайрады.

Мультфильмнің шиеленісуі мен режиссердің кейбір жерлерін талдамай, таза қазақ тілінде дубляждалуына баға берер болсақ, көрермендер, қолдарына қазақ тілді сеансқа билетті ҚОРЫҚПАЙ алуына болады. Пиксвель көрермендерге ұнайды деген ойымыз, БАҚ өкілдеріне алғаш көрсетілген сәтте залдың күлкіге қарық болғанынан туындап отыр. Алғаш рет дубляждалған Голливудтық фильм үшін көрсеткіш жаман емес.

Мультфильм Қазақстанның кинотеатрларында 20-сыншы маусымнан бастап көрсетіле бастайды.

Суреттер www.kinostan.kz сайтынан алынды
Бөлісу:

15 пікір

patick
Пиксвелді приквел деп түзетіп қойсаң.
Zevs
ой рахмет! лағып кетіппін
zholantai
және тақырыптағы опечатканы да
универстиеті
, дұрысы университеті
Zevs
Фильмде ұнаған кейіпкер ретінде бес көзді персонажды атар едім
patick
ия, биі керемет )
nurjanbay
«монстр» деген сөзді «дию», «пері», «жын» деп аударғанда қалай болар еді? ертегілерде, «1001 түнде» параллель әлемнің мақұлықтары осындай атаулармен аталады ғой.
ken
былай болса керек:
дию — великан, дэв
пері — пери, фея, сирена
жын — джин, бес, демон
құбыжық — чудовище, монстр
omarbirat
«Монстр» дегеннен басқа мынадай нәрсені байқадым:
«Старт», «финиш» дегендер тиісінше «сөре», «мәре» сияқты еді. Бір нәрсе аяқталып жатса, «мәресіне жетті» дейді. Бұлар алып, «стартты» «мәре» деп салған. Ал «финиш» деген сөзді аудару үшін «сәре» деген сөзді тауып алыпты. Қарапайым сөздікпен жұмыс істей білмеген де қиын ғой

Дыбыстау жағынан енді еш әңгімем жоқ. Жалпы ұнады. Мультфильм де, аударма да (аталған косяктарды ескере отырып), дыбыстауы да.
nurjanbay
онлайн sozdik.kz-те стартты да, финишті де сөре деп аударыпты. *54
nurjanbay
енді есіме түсті «мәре-сәре болды» деп қуануды айтады.
Aidyn
Киноға бармағалы көп болыпты…
berkut
Басында "Құбыжықтар университеті" деп жүрген жоқ па еді?
Zevs
басында жүргенімен солай аударған
Zevs
айтам да… негізі фильмді солай аударса да журналистер мен блогерлерге дайындаған баспасөз баяндамасына қазақша дұрыс аудармасын жазып, кинооны қате аудара берсе болмай ма?