Кездесу
Дәмхана ішіндегі келушілерге арналған барлық үстел басы бос емес. Келушілер саны көп. Үстелдер арасында сары түсті жейде киген «Пицца Блюз» дәмханасының даяршы қыздары аяқ ұштарымен жүгіріп жүр. Біреулерінің қолдарында тағамға толы табақтары бар, екіншілерінің табақтары бос, үшіншілері үстел басында отырғандардың тапсырыстарын алдарына қойып жатыр.
Қызыл костюм киген көк көз, жалпақ бетті орыс әйелге:
-Сіз, жалғыз отырсыз. Үстел басына екінші болып қасыңызға отыруға бола ма? –деп, айтып жатып үстел басына қойылған екінші орындықты өз ыңғайыма қарай жылжыта бастағанда:
-Жалғыз емеспін, –деді жақтырмаған түрімен. Басын шайқап «не деген бассыздық» дегендей айтты, ішіндегі ойы сәл жыбырлаған еріндерінен білінді.
Қолымдағы ұялы телефонға қарап қоям, уақыт түскі үш. Дәмхананың залының ортасына барып келушілерден «босайды-ау» деген үстелді қарауылдап тұрмын. Әлгінде ғана үстел басына отырғызбай қойған орыс әйелі қолын бұлғап маған белгі берді. Қасына барғанша үстел басынан тұрып, жиналып үлгерді.
-Кешті көтеріңкі көңіл күйде өткізгеніңізге тілектеспін, -деді де кете берді. Жалғыз өзім үстел басына жайғастым. Байқасам, үстел орналасқан жер жаман емес екен. Шу-гу еткен зал ортасынан шеткері бұрышта, оң жағымда көшеге қарай шыққан терезе, тек алдымда және сол жағымда көрші үстелдер бар.
Алдымда орналасқан үстел басында бес адам бас қосыпты, үлкен жанұя мүшелері болуы керек. Сол жақта екі қыз үстел басында жайбарақат, асықпай чашкаларынан кофелерін ұрттап ішіп, тек өздеріне белгілі себептермен анда-санда күліп алады. Әр үстел басында өзінің жеке бір әлемі бар.
Кафеге келген себебім: жанымның мазасы кеткендігі. Міне бір нәрсе болатындай. Сәл аз-ақ қалды. Тосып жүрмін. Білмеймін кімді екенін. Періштені дейік. Мен тосқан періште мүмкін ескертусіз пайда болады. Қандай кейіпте екен? Тағдыр не сыйлайды екен? Тағдыр жазылған кітап бар дейік. Оның парақтарындағы жазу біздің өмірімізді анықтай ма? Мазалаған ойлар реті кенеттен оң жақ құлақ түбінен шыққан дауыстан үзілді. Қазақша, түрік тілінің акцентімен:
-Кешірім сұраймын, -деген қыз дауысы естілді. Үстел бетінде бірнеше бижутерия пайда бола кетті. Қызыл түсті жүрек тәріздес гауһар тас, көкшіл түсті алты қырлы тас, маржандардан тұратын моншақ.
-Сүйіктіңізге сатып беріңіз, сыйлаңыз, -деген дауыс менің алдыма айналып келіп түрік қызына айналды. Аққұба жүзді. Шағын үшбұрыш бас орамал астынан шыққан бұйра шаштары иығына төгіліп тұр. Киіп алған киімі ұсқынсыз. Үстінде үш өлшемге үлкен сұр түсті плащ. Плащ жеңдерін шынтақтарына дейін түріп алыпты. Екі қолымен алдына алған үлкен сөмкесін құшақтап тұр.
Жымиып күледі, барынша сүйкімді болып көрінуге тырысады.
Басымды шайқадым. Қыздың сатып алуға ұсынған тауардың ешқайсысын алмайтынымды білдірттім. Қыз үстел үстінен тауарын жинап алып келесі үстелге ұсыну үшін кетті.
-Кездесуге келгенім рас. Бірақ кіммен? Әліде, мен күткен періште уақыт тауып келмеген шығар? Мүмкін менің көңілімнен шығатын әйел кейіппін таппай жүр ме? Мүмкін, тұра тұр, ойланайын. А? Жаңағы қыз шығар, -деп ішімнен ойладым да, дәмхана ішіне көзімді жүгірттім. Қыздан көз жазып қалыппын.
Сөйткенде көз қырым терезеге түсті. Сыртта кафенің алдында әлгі қызды байқап қалдым. Оны күтіп тұрған түрік жігіті қасына келіп қолын берді. Екеуі қол ұстасты. Аяқтарын бірдей алып, көше бойымен жүрістерін бастады. Осы мезетте маған бұл әлемде олардан бақытты жұп жоқтай көрінді.
Тапсырыс жасамастан дәмханадан шығып жүре бердім. Ұялы телефон дисплейінде сағат үштен елу кеткенін көрсетеді. Көше бойында келемін. Дәмхана артымда қалды. Бір уақытта қолымдағы ұялы телефон зың –зың етіп шылдырады:
-Алло сен қайдасын?
-Күтіп қалдым ғой, дәмхана ішінде.
-Дәмхана ішінде сені байқамадым ғой?
-Екінші қабатындамын. Бірінші қабатта орын болған жоқ. Сосын сонда көтерілдім.
-Ааа, қазір келем.
Кері бұрылдым да, дәмханаға қарай жүгіре жөнелдім. Ішімнен сөйлеп барамын.
-Неткен ақымақпын. Сендей сұлу қайда! Періштем мүмкін сен шығарсың?
Бірақ бұл елес қой, көп ойымның бірі. Қолымдағы ұялы телефонымды қойын қалтама салып алып жүре бердім.
Ұнады!
Бәрін ашып, бүге-шігесіне дейін баяндап керегі не?! Түсінгісі келген адам ұғып алсын… Дидар Амантайды оқып отырғандай болдым.