Ая қыз. Алматы

Жалықты ма екен қаладан қабағы ғарып,
Мұңайып тұрды Ая қыз жанары налып.
Бұрымын тербеп, жанына еркелейтұғын,
Сағынды ма екен Семейдің самалын-мамық.

Талпынып еді арманның жырақ таңына,
Жолықты жаны ызғарлы жыл ақпанына.
Ұяттан, жаным, Алматы өртеніп жатыр,
Семейдің ерке елігін жылатқанына.

Мұзбалақ емес қанатын дауыл шыңдаған,
Жасүлпек еді қайырылды, қауырсын — қадам.
Бір қызды несін жылаттың, нән шахар едің,
Миллион адам әуенін ауырсынбаған.

Құшағына алып «Періште», «Періні» кілең,
Құшатын еді даңсалы еріні бір ем.
Көз жасын қыздың қорқаудай сіміріп жатыр,
Алматы енді арудан жеріді білем.

Сұлуға айтушы ең сырыңды, елден жасыра,
Үркіттің неге, елікті келген қасыңа.
Алматы ішті тойынып атаукересін,
Шөлі бір қанып Аяның кермек жасына.
Жақсылық Қазымұрат, 18.09.2009 жыл
Бөлісу:

9 пікір

Abilakim
Негізі, Алматыға бағытталған «Мені неге қабылдамайсың, басқаларды сидырған едің ғой» деген өлеңдер көбейіп кетіпті. Өлең тез оқылады және түсінікті. Ұйқастары бәрі әдемі.
Алматы ішті тойынып атаукересін,
 Шөлі бір қанып Аяның кермек жасына.
мына жерде Алматы Аяның көз жасын ішті ме әлде атаукерені ішті ме? Осы жері түсініксіз.
aikarakoz
Ая, осынша өлең туатындай неге жылап жүрсің? Бәрі жақсы, жылама…
aza
Ескі өлең ғой, шыққан уақытына қарасаңызшы… Аяның көз жасы кепкен шығар… таусылған шығар…
aikarakoz
Уақыты маңызды емес, дерек бойынша Ая жылаған. Бір жағынан ескі мұңды өлеңдерді қайта оқып қайта сезіну үшін де сол күйге қайта түседі
Abilakim
осы жерде «Айтшы жігіт, қызды неге жылаттың?» деген әнді бұрмалап, «жігіт» сөзінің орнына «Алматы» сөзін қойып фонға жібереміз
asylzhan
Алматыға сіңісіп кету қиындау екені рас, оған күш-қайрат керек, талпыныс пен Алматының дүрбелең ритміне ілесе білу керек,өлеңді жалпы түсінгенмен барлық мегаполистерге айтылғандай «Москва слезам не верит» ,«Алматы слезам не верит» және т.с.с. қылып жалғастыруға болады.