Прометей - бөтен әлемнен ізделген туыстық



Прометей деген кім және не?
Аттас фильм туралы жазбас бұрын, атауына назар аударайық. Грек мифологиясында Прометей деген титан болғанын айта кету керек. Ол адамдарды құдайлардың қаһарынан қорғаушы болған. Аңызға сәйкес Прометей адамдарды топырақ пен судан жаратты.

Сондай-ақ, фильмдегі саяхатшылардың ғарыш кемесі «Прометей» деп аталады. Осы арқылы фильм атауында бірнеше түрлі мән-мағына жатқанын байқауға болады.



Сюжет
ХХІ ғасырдың соңында ғалымдар бір аралды зерттеп жүріп, үңгір қабырғасынан таңғаларлық суреттер табады. Суреттерде алыстағы жұлдыздар жүйесінің координатары көрсетілген. Үңгір ішіндегі көне суреттерде бейнеленген жұлдыздар картасының растығына көз жеткізу үшін жекеменшік корпорация жаңағы ғалымдар бастаған топты «Прометей» кемесіне отырғызып, ғылыми саяхатқа жөнелтеді. Екі жылдан соң табылған ғаламшарға ғалымдар қонуға бел байлайды. Планета адам өмірі үшін жарамсыз болғанымен, онда адамдарға дейін де басқа тіршілік иелері "қонақ болғаны" айқын сезіледі. Ғалымдар таныс та, бейтаныс тіршілік иелерін зерттеп, адамзатқа қандай қатысы бар екенін анықтаулары тиіс.



Фильмдегі ой мен сауалдар
Жалпы ғалымдар адамдардың жаратылысына қатысты Дарвин теориясынан бөлек, бірнеше нұсқаны ұсынып жүргені белгілі. Солардың бірі — адамдар өзге планеталықтардың ұрпағы деген болжам. Өйткені, Мысыр пирамидалары секілді ғаламат құрылыстарды адамның қолымен тұрғызу мүмкін емес. Адамзат от жағып үйрену кезеңін бастап өткізіп жатқанда тастан қалалар тұрғызған Майя өркениеті де Дарвин теориясының кейбір мәселелеріне күмәнмен қарауға итермелейді. Сонда адамзат Жер-анамыз жаратқан эволюциялық дамудың нәтижесі емес пе? Адамды жаратушы өзге планеталықтар болғаны ма? Біз кімбіз? Ғарыш келімсектері деп атап жүргеніміз кімдер?

"Прометей" — осы мәселелерге байланысты өз нұсқасын ұсыныпты. Шынын айту керек, жауабынан бұрын көп сұрақ тастап кетті.



Неге «Бөтен» емес?
Фильм басында осы режиссердің әйгілі фильмі, талай сиквелдер мен ұқсас фильмдердің жарық көруіне негіз болған 1979 жылғы классикалық «Бөтен» (Чужой, Alien) туындысының приквелі болады деп ойластырылған еді. Бірақ кейін оны өз оқиғасы бар бөлек жоба етіп шығару ұйғарылды. Дегенмен Ридли Скоттың айтуынша, «Прометейдегі» оқиға «Бөтенде» баяндалған әлемде орын алады.

Режиссер жаңа туындысын «Бөтеннен» қаншалықты алыс ұстағанымен, бәрібір сәйкестіктер мен ашықтан-ашық жасалған байланыстар бәрібір бар. Ол бір сұхбатында «Бөтендегі» ксеноморфты енді көрмейміз деп еді. Бірақ…



Актерлер
Актерлер құрамынан Нуми Рапас пен Шарлиз Теронды ғана көргендей болдық. Онсыз да кара-көлеңке кадрдлардан актерлердің ойындарын бағалау тұрсын, түрлерін де жөндеп көру қиын болды. Нуми Рапас — Скандинавиядан Голливудтқа келіп, талантымен көпшілікті мойындатқан дарын иесі. Бұл фильм оны тағы бір биік белеске көтеріп тастары анық. Кезінде «Бөтен» арқылы Сигурни Уивер жұлдыз атанса, енді Н. Рапастың да осындай шағы келген секілді. Майкл Фассбендер актерлік шеберлігімен тәнті ете алмады. Мүмкін киборг кейпіндегі образы кедергі болған шығар. Ал, Гай Пирс мүлдем есте қалмапты.



Қорыту
"Прометей" — адамзат тарихына жауап іздейтін, іздеткізетін туынды. Егер, адамдар шынымен өзге планеталықтардың ұрпағы болса, режиссер осы фильмі арқылы дәл сол теорияға сендіре алды. Ғылыми фантастика мен үрейлі триллерді сәтті үйлестіре білген Р. Скотт еңбегіне тағы бір тәнті болдық. Тек сюжеттік желінің өрбуінде сұрықсыздық бар екенін, динамиканың жетіспейтіндігін айтып өту қажет. Қалай десек те, 1979 жылғы «Бөтенді» жаңадан көруге немесе қайталап көруге итермелегені рас. Жалғасына да үміт артқызып қойды.

Баға:
7/10
Бөлісу:

10 пікір

aikarakoz
Осы киноны көру бақытын бұйыртқан, Патик, саған рахмет!
Кино қорқыта да, таң қалдыра да алады. Маған өте ұнады.
Осы кинодан бір түрлі әсермен келіп, төсекке жатқаным сол еді, жер сілкінді. Мен расында шокта болдым .
patick
Кинодағы құбыжықтар келіп қалды деп қорықтың ба )))
aikarakoz
Білмейм, әйтеуір қатты қорықтым. Сосын былай ойлап қоям ғой: типа Аллаға күмән келтірген тағы бір нұсқа ғо енді бұл фильмнің мазмұны. Премьерасын көрген бізге ескерту ретінде белгі берген шығар деп . Қуам, ә?
punk
PR-кампаниясы жақсы жұргізілді осы фильмнің. Аты есімде жоқ, режиссер ме еді, не киносыншы ма еді, әйтеуір "қаптаған трейлерлерін көрумен-ақ фильмді тамашалап тастадық" деген-ді. Майкл Фассбендер — танымалдылығы артып келе жатқан жақсы неміс еді, көру керек, неге тәнті ете алмады екен?!
patick
Майкл Фассбендер — танымалдылығы артып келе жатқан жақсы неміс еді, көру керек, неге тәнті ете алмады екен?!
Киборгтың рөлін ойнағандықтан шығар
punk
иә, оны айтып өттің, әбден мүмкін. Ашыла алмай қалған болар, өйткені Стив Маккуиннің қос фильмінде де ойнаған рөлдерін еркін көсіле алып шыққан еді, көру керек,
patick
әйтеуір "қаптаған трейлерлерін көрумен-ақ фильмді тамашалап тастадық" деген-ді.

Бар болғаны 3 трейлер. Ол да көп пе?
punk
жеке мен үшін көп емес, жоғарыда мен тек цитатаны ғана келтірдім, бір жерден оқыған едім.
omarbirat
«Миллениум» трилогиясы Нооми Рапас үшін Голливудқа секіретін өте жақсы трамплин болды. «Шерлок Холмс: көлеңкелер ойыны» фильмінен кейін екінші голливудтық жобаға түскенін естіп жатырмын.