Сәлем бердік, "Аватар", кешіріңіз - "Джон Картер"


Қазақстандағы премьерасы 2012 жылдың 8-наурызына жоспарланған "Джон Картер" фэнтези туындысы мол әсер қалдырды. Өкінішке орай, бұның бәрін жақсы әсерге жатқызуға келмес. Толығырақ, тоқталайын.

Фильм жайында
"Джон Картер" (John Carter)Эндрю Стэнтонның ғылыми-фантастикалық қызық оқиғалы боевигі. Кинотуынды Райс Берроуздың «Марс ханшайымы» атты кітабы бойынша қойылған.



Сюжет
Фильмдегі оқиға 19-ғасырдың соңында орын алады. Әскерден босап келген жауынгер Джон шөл даладан алтын іздеуді кәсіп еткен. Қарызға белшесінен батса да, нәтижесіз ісін тоқтатпайды. Сондай бір сапарлардың кезінде, жергілікті полицейлерден қашып жүріп үңгірге тап болады. Үңгірде ғайыптан пайда болған бір адамды көреді. Бұндай құбылысқа таң қалған ол, әп-сәтте әлгі адамды атып өлтіреді. Содан кейінгі жағдай мүлдем өзгеріп сала береді.

Оянса — шөл далада жатыр екен. Орнынан тұрып жүрейін десе, ауада қалқып көтеріліп кете береді. Көп кешікпей жергілікті «аборигендермен» де кездеседі. Төрт қолды тұрғындары былай тұрсын, бұл маңайдың жануарлары да басқаша. Аяқ-қолдары көп, оның үстіне бәрі де әдеттегіден үлкен. Осындай қызық тіршілік иелерінен басқа, адамдар да өмір сүреді екен. Осы адамдармен кездескеннен кейін ғана Джон Жерде емес, Марсқа тап болғанын біледі.

Джон Марста тұратын екі озық өркениет өкілдерінің арасындағы соғыс заманына тап болады. Ол соғыстың құрбанына айналғалы тұрған Гелуим халқын басқыншылар қауымынан құтқару үшін күреске түсуге бел байлайды. Бұндай шешім себепсіз де емес, Гелиумның хас сұлу ханшайымы Джон Картердің есін кетірген еді.

Марс табиғаты
Марс біз ойлағандай тіршіліксіз емес екен. Фильмді көргенде осылай сеніп те қалғандай болдым. Онда біздегі жануарларға балама боларлықтай тіршілік иелері өмір сүреді. Ауасы да жарамды. Қалалары бар. Тұрғындары да өркениетті. Дамыған ғылымы мен мәдениеті бар. Тек тұрғындар Жерге тән емес қасиеттерге ие. Қандай қасиеттер, оны фильм барысында өздеріңіз біле жатарсыздар.

Қызыл ғаламшарды осылай көрсете білген арнайы эффектілер мен компьютерлік графика, қымбат декорациялар өз мақсатына жеткен тәрізді. Ғимарат ішіндегі көріністерді театрландырылған қымбат қойылымға балауға болады. Ал Марс даласындағы жойқын шайқастар Джордж Лукастың «Жұлдыз соғыстары» сериалын еске түсіреді.



Актерлердің ойыны
Үлкен планмен көрінген актерлерді қолмен санауға болатын тәрізді. Қалғандары «компьютермен сызылған» жергілікті тұрғындар. Тейлор Китчті басты рөлде бірінші көруім, сондықтан салыстырып көретіндей оның басқа ойындарын еске түсіре алмағандықтан, актердің шеберлігіне қатысты сын не мақтау айту қиындау. Гелиум ханшайымын ойнаған Виола Линн Коллинзтің сұлу жауынгер, сонымен қатар нәзік әйел кейпіндегі рөліне тәнті болдым.

Режиссер
Эндрю Стэнтонның фантастикалық дүниелерді қоя алатын шебер екеніне тағы көз жетті. Бұған дейін ол «Оскар» алған «ВАЛЛ-И» (WALL-E) және «Немоны іздеу» (Finding Nemo) секілді тамаша анимациялық дүниелерін өмірге әкелді. Бірақ, «Джон Картер» оның ең үздік туындысы демес едім.

Бірақ...
Сюжеттің оригинал болмауы бәрін бүлдірді. Бәрі әдемі, бәрі орынды. Тек оқиғалардың желісі ешқандай ерекшелік әкеле алмады. Дегенмен, соңғы 10-15 минуты кәдімгідей қуантты. Әрине, фильм кітаптың негізінде түсірілді. Бірақ кінәнің бәрін көркем шығарма мен оның авторына артып қою аздап әбестік болар еді. «Аватарды» Марстан көрем десеңіз — «Джон Картер» сізге көмекке келеді.

Баға
Көркемдік шеберлік пен арнайы эффектілер үшін 10-ның 7-сі
Сюжет үшін 10-ның 6-сы

Киностан.kz
Бөлісу:

18 пікір

patick
Премьера алдындағы көрсетілімге шақырған «Меломанға» рахмет
bazuka
рахмет Патик, көреміз
Aikona
көрмесем демалыстарды пайдаланып
aikarakoz
Фантамастикалық күйнәларды көру маған ақыреттің азабы шы
patick
Романтикалық комедия мен мелодрама ғана көрем демеш тек
aikarakoz
жоғииии… мультиктен ары аса алмаймыз ғо
Abilakim
Омарбратша айтқанда«Торренттен күтеміз»
Gastarbaiter
халявщиктер өңшең
Dinara
шығып қойды ғой
Zhan
Фантастикалық киноларды жақсы көрем. Қолда попкорн, кола, алдыңда дәәәу экран, кайф қо. Негізі кинотеатрда ең дешевый деген киноның өзі қызық болып кететіні жасырын емес. Осы фильмнің рекламасын көріп, қалайда көрем деп жүргем. «Керуенге» барып көрермін амандық болса.
Adiletshu
Трейлер көріп «Хранители» сияқты құсық кино ма деп түйдім
Karakyz
Кинотеатрларда ажиотаж, билет жоқ осы фильмге. Керуенге, Азия паркке, одан Мегаға барып қана билет алдық. Онда да тек випзалда билет қалыпты.

Рецензияны келіп қайта оқысам, бәрі дәл жазылған екен)), арнайы эффектілері жақсы, сюжеті «типичный». Әйтеуір, босқа бардым ау деген ой болған жоқ, оның алдында көрген «Сердце мое Астанаға» қарағанда.
Gastarbaiter
Офф:
«Титаниқ» 3D-да қалай екен әлжуаз романтиктер(Камеронның тұрақты тұтынушылары)?
patick
Әлі шыққан жоқ қо
Gastarbaiter
Күйнәтәтрда көрсетватр деп естігем.
patick
Қой, сәуірде көрсетеді бізде