Серттескен жандардың қалыптан тыс жағдайы
«Леоның орнында болсам мен не істер едім?». Кинотеатрдан шыққаннан кейінгі алғашқы ой осы болды. Әңгіме 1-наурызда отандық прокатқа шығатын "Серт" (The Vow) драмасы жайында.
Сюжет
Лео (Ченнинг Татум) және Пейдж (Рэйчел МакАдамс) есімді жас жұбайлар жайында. Екеуі көлік апатына ұшырағаннан кейін, Пейдж комаға түседі. Оянғанда, Леомен болған соңғы бірнеше жылды есіне түсіре алмайды. Соңғы есінде қалған нәрсе заңгерлік мамандыққа оқуға түскені және бұрынғы жігітіне күйеуге шығуға дайындалып жүргені. Ал, Леомен танысқаны, онымен кездескеннен кейінгі өмірінің күрт өзгергені, ата-анасымен келісе алмай үйінен кетіп қалғаны, заңгерлік оқуын тастап, суретшілікпен айналысып кеткені туралы, ғашығымен болған қызықты да тәтті күндерін мүлде ұмытқан. Бұл бәрінен бұрын күйеуіне қатты соққы болады. Ол бар күшін салып, Пейджді өздері үйренген қалыпты өмірге оралтқысы келеді…
Актерлер
Ченнинг Татумды бұған дейін экраннан бір рет көріппін. Ол — бәрімізге таныс «Бір адым алға» (Шаг вперед / Step Up) фильміндегі көшеден шыққан биші бала кейпіндегі рөлі. Менің санамда да сол тентек, бұзық, биші бала бейнесімен мықтап бекіп қалыпты. Сондықтан «Серттегі» сезімтал, бірақ ұстамды, сабырлы жас күйеу жігіттің рөлі аздап күтпеген нәрсе болды. Осыдан бастап оны қандай рөлді де алып шыға алатын толыққанды актер деп есептейтін боламын.
Ал, Рэйчел МакАдамсқа жүктелген міндет аз болмаған секілді. Флешбэк арқылы жас, ұшқалақтау қызды да, әйел атанып, жадын жоғалтқанда өзінің кім екенін біле алмай қиналған жанды да жеткізе білу шеберлікті қажет етері сөзсіз. Ал, Рэйчел өз міндеттерін толықтай атқарып, образы арқылы өзіне жақсы ұпай жинағанына сенімдімін.
Музыка
Фильмге әуен жазған сазгер(лер)ге рахмет. Фильмнен бір мұңды музыка құлағымда қалыпты. Сондай мұңды бола тұра, "Әлі де үміт үзбе, әлі де жақсылықтар күтіп тұр" дегендей сарын келгендей болады құлаққа. Романтизмнің атмосферасы деген осы шығар мүмкін.
Фильм ауыр сюжетті драма болғанымен, көруге жеңіл, күлкілі, езу тартар сәттері де кездеседі. Толыққанды хэппи энд деуге келмес, бірақ соңы жақсылықтың белгілерін бергендей болады. Мелодрама, махаббат драмасын ұнатсаңыз, «Серт» сіздің көңіліңізден шығады.
6 пікір