Көліктер-2: Бардық. Көрдік. Қайттық.

Көптен бері баруды жоспарлап жүрген соң, бүгін «Көліктер-2» фильміне барып қайттық. Әлқисса:

Үйге жақын «Спутниктегі» кинотеатрға барамыз деп ойлап едім, Кино.кз сайтындағы кестеде қазақшасы қашан болатыны жазылмаған екен. Есесіне қаланың сыртындағы «Алтын орда» базарының жанында тұрған «Апорт» СОСО-да (сауда және ойын-сауық орталығы, Павлиашвили екен деп қалмаңдар ) сеанстардың барлығы дерлік қазақша екен. Сонда барып, сағат 11.00-дегі сеансына билет алдым. Контингентінің басым бөлігі Алматының маңайындағы ауылдардан қыдырып келетіндер құрайтын жерде қазақша нұсқасын көрсетуінде бір саясат бар шығар деп ұқтым мұнысын.

Фильмнің өзіне келер болсақ, былай, көруге болатын фильм. Сценарий, сюжет, кейіпкер, анау-мынау құраушы бөліктерінің барлығы — нағыз «Голыйбұттық» Голливудтық. Ендеше, нағыз Голливуд фильмдерінен тек Голливудқа тән элементтер күтпек ләзім екенін ескермеске болмайды. Жақсы фильм былай, тағы да қайталап айтайын. Жеңіл-желпі американ әзіл-қалжыңдары, нағыз өмірдегі кісілер мен заттардың аттары бұрмаланған пародиялары жымитты. Дегенмен, бұл бөлімі ортада шығып үлгерген Мэтр туралы қысқа сериялардың толықметражды жалғасы емес пе екен деген де ой қалдырды. Сюжетін тәптіштеп жазып берсем, баруларыңа себеп қалмай қалар.

Фильмді қойшы, басты іске көшейік. Бұл фильм үшін кинотеатрға баруымның басты себебі — фильмнің қазақшаға аударылғандығы екенін ерекше атап өтпей күнәһар болатын жайым жоқ, айтпақшы  Әйтпесе, орысша аудармасының торрентке шығуын күтіп жатар едім.

Аударма тобына үлкен респект айтпасқа шара жоқ. Жұмыстарына барын салғаны көрініп тұр. Ара-арасында телебизірдегідей аударма жасап жіберіп, қиыспай қалған жерлері бар, енді. Десе де, қазақшасы әдеби һәм табиғи тілдердің (күнделікті өзіміз сөйлеп жүрген қазақ тілі деп түсініңіздер) қосындысы болып шыққан. Көрермендерге түсінікті болу үшін, өздері де, басқалары да түсінбейтін жаңа шыққан терминдерді қолданбай, «прокладка», «поршень», «Карданвал», «сцепление» деген сияқты сөздерді сол күйі қалдырған. Айтпақшы, фильм барысында бір көліктің «В финише тебе будет конец» типтес сөзін естіп қалып, «Мына ептібайымайттар толық аудармаған ба?» деп түсінбей қалдым. Сөйтсем, әлгі кейіпкер орыс машинасы екен, өзінің ана тілінде сөйлеп тұрған, шешессс  Екі ортада аудармашыларға таяқ тиіп кете жаздады

Дыбыстауы да жаман емес. Басты кейіпкер Найзағай МакКуинді дыбыстаған актердің дикциясы онша ұнамады. Радиодағы майысып, сызылып, жарнама мәтінін оқитын жігіттердің дикциясы сияқты. Дыбыстауға қатысқан актерлердің ішінен сақау эвакуатор — Мэтрді дыбыстаған Азамат Қанапияев деген азаматқа — менен бір жарты! Бүкіл дыбыстаушылар тобын Азамат алып шыққан десем, қателеспейтін шығармын. Эпизодтарда да дикциясы жақсы актерлар баршылық.

Фильмді «Көліктер-2» деп аударыпты деп қанша айтылып жатқанымен, фильмде «Тачки-2» деп шығады екен. Қазақша нұсқасы тіпті кадр сыртынан болса да оқылмайды. Әлде «Көліктер2» деген сөзді естімей қалдым ба екен… Бұған да түсіністікпен қараған жөн. Себебі, елімізде локализациямен айналысушылар — жоқтың қасы. Мұндай аударма жасалатын жерде тек аудармашылар мен мәтін оқитын актерлардың болуы аздық етеді. Кадрлардағы жазуларды қазақша аудармаларымен алмастыратын программашылар керек. Ал бұл дегеніңіз — қыруар ақша. Дубляжға ақша бөлген кезде осы жері есепке алынбай қалған болса керек. Ал жазулардың аудармасын кадр сыртында оқып беруге фильмді жасап, таратушылар келісім бермеген болуы мүмкін. Өйткені олардың өздерінің қабылдап қойған стандарттары бар: фильмдер барлық тілдерге бірдей аударылған болуы керек. Сөздер де, жазулар да аударылуы тиіс, ал жазуды сол күйі қалдырып, кадр сыртында оқып беру жоқ деген сияқты. Ал ондайға ақшаны аудартушы мүдделі тарап өз қалтасынан шығаруы керек. Ақшаң аз ба, ренжіме бауырым. Бұған қатысты өз ойым осылай боп тұр.

Опшым, фильмді қазақшалау жағы аудармашылар, дыбыстаушы актерлар, осындай шараның басы-қасында жүрген кісілер мен демеушілер тарапынан сәтті болды десе де болады. Сол үшін оларға және осындай фильмді көрсеткен кинотеатрға үлкен рақмет! Рақметті де шын көңілмен айтады екенсің, залға жиналған көрермендердің санын көргенде…

ОчМ, не керек, даңғарадай залда жеті-сегіз адам ғана отырдық. Рақат шешессс, фильмді отырып көресің бе, жатып көресің бе, тұрып көресің бе, әлде жүгіріп, қуаласпақ ойнап, сальто жасап жүріп көресің бе — қу жаныңның қалауы білсін. Ешкім саған кедергі жасамайды, сен де ешкімге кедергі келтірмейсің. Осындай ВИП-персоналардікіндей жағдай жасап берген азаматтарға қалайша ғана шын көңілден рақмет айтпайсың?

Көрермендерге рақат болғанымен, фильмді көрсетушілерге бұл жағдай толығымен керісінше екені түсінікті. Бір сеанстан 5000 теңге түсті ме, түспеді ме, бір Құдай, сосын кинотеатрдың кассирі, одан кейін ұжымы біледі. Қанша жерден «тұңғыш рет қой», анау-мынау деп ақтауға тырысқаныңмен, фактке қарсы ештеңе жасай алмайды екенсің. Тұңғыш болса да, бетінен қақпайтындай, кемпір-шалдың қолында өскен бала емес қой қазақша дубляж деген. Сеанс өзіне жұмсалған қаржыны ақтай алмағаны — факт.

Бұл жерде, фильмнің жарнамасын бергенде, кинотеатрларда қазақша болатынын ғана емес, билеттің бағасы қанша болатынын да айтқан дұрыс болар ма еді деп ойлап отырмын да. Жарнаманы көрген адам, «Ооо, қазақша болғаны жақсы болыпты» дейді де, билеттің бағасы қымбат шығар деп бармауы да мүмкін ғой. Өз басым осы уақытқа дейін солай ойлап келдім. Сөйтсем, кәдімгі 2D сеансы балаларға 400 теңге екен. Балаңмен барсаң, екеуіңе 1100 теңге кетеді. Бұл аз ба, көп пе өзі?

Опшым, фильмнен алған әсерім мен байқаған жағдайларым осылай. Басқа уақыттағы сеанстарда, басқа кинотеатрларда жағдай басқаша болған шығар, ол жағын білмедім. Тексермедім де. Кинотеатрлардың конъюнктурасын зерттеуден басқа да істейтін шаруаларым бар, өйткені )

Мынадан кейін фильмдерді қазақша дубляж жасау-жасамау жағы фильм көрсетушілерді қатты ойландыратын шығар. Уақыт барда, алдағы аптада осы мультфильмге балаларыңызды апарып қалыңыздар дегеннен басқа айтарым жоқ. Бұдан кейін қазақша дубляжды кинотеатрдан көрер-көрмесімізді кім білсін

Сөз соңында, осы фильмнің қазақша дубляжына деп атаған бес жартымның төртеуін қидым. Ал біреуін өзім алып қояйын. Сараңдық жасады демеңдер — қазақша дубляж жасауға ақалтеке салысқандардың денсаулығы үшін!
П.С.: Лібә, постым көбәріп боп кетті-ау. Қап!
Бөлісу:

14 пікір

Altygradus
жо күЧт пост
Орысша білетін болғасын, немқұрайдылық.Сен сияқты емес, көп қазекемдер кейінгі қазақшалану саясаты туралы ойланып, арнайы қазақша сеансқа бармайтыны өкінішті
Пікір түзетілген: 25 маусым 2011, 23:02
omarbirat
Мен де, негізі, сынап барған едім. Сынау үшін көрген соң, фильмнен тиісті әсерді ала алмайды екенсің. Есесіне, фильмнің қазақшалануына көңілім әбден толды
zhazular
аударма күшті!
omarbirat
Иә, мына қазақша аудармамен көруге болады екен. Құлаққа түрпідей де тимейді, жабайы да естілмейді.
omarbirat
Пікір түзетілген: 25 маусым 2011, 23:36
zhazular
 рас шығар! анда санда өстіп марқайып қалайықшы.
Zako
InternewsKazakhstan-ның репортажы



Азаматтың шеберлігі нені болса да жақсы дыбыстауға жетіп жатыр. Керемет.
Пікір түзетілген: 26 маусым 2011, 00:00
omarbirat
Найзағай МакКуиннің қазақшалығына жатық емес шығар деп едім. Шынымен сондай екеніне көз жеткізгендей болдым. Жиірек сөйлеп, жаттығуына кеңес берер едім, егер қазақша дыбыстаумен айналысқысы келсе
Zako
Ағылшынша фильмдерді қазақшалау шеберлерге де оңай түспейді дейді. Онымен келісуге болады. Ал алғашқы жұмыс үшін бұл да керемет деп ойлаймын.
omarbirat
Иә, аудару оңай нәрсе емес.
omarbirat
Качок болса да, бірінші видеодағы көзілдірікті жігіт Азаматтың өзі ме деймін
gunner
Zako қойған видеоның бірінші бөлігінде аудармаға кеткен ақша туралы әңгіме болыпты. Менің ойымша,100 000 доллар деген соншалықты көп ақша емес мемлекет үшін. Алматы мен Астанадағы қаптаған машиналардың біреуінің ақ құны. Сондықтан мемлекет қаржыландыруды өзіне алса да болады деп ойлаймын.Жылына он миллиондай киноға жұмсалса көптік етпейді. Оның үстіне, оны аударуға, дыбыстауға қазақтар қатысады, қазақ болғанда қазақша сөйлейтін өзіміздің нағыз қазақтар.))Яғни ақша солардың айлығына кетеді, жұмыс орны ашылады, қысқасы, ақша Қазақстанда қалады.
Altygradus
Бізде дубляж орысша болғанға үйреніп қалған ғой адамдар, әйтпесе ағылшынша астындада субтитрлермен қарайды ғой көп елдер.
Ал мына аударма сәтті шыққан екен шынымен, құлаққа жағымды
Gastarbaiter
Лібәмайттар, анау аударма текстінің алғашқы папкасында «Жүзден жүйрік» деген атауды көзім шалып қалды.