Махаббат элегиясы-2

Мектеп жайына қалып, сабақтан қашып енді екеуміз жиі-жиі киноға баратын болдық. Екі айдан соң Махаббаттың әке-шешесі «Қазақстан» кинотеатрына жақын жерден үй алып, көшіп кетті. Енді бұрынғыдай күнде болмаса да, әр жексенбіде кездесіп тұруға уағдаластық. Екеуміз де аптаның соңын тағатымыз таусылып күтуші едік. Сирек кездесу бір-бірімізге деген ынтызарлығымызды одан сайын арттыра түсті. Сәл кешігіп қалсам Махаббат бұртиып, маған өкпелеп қалатын. Бұртиғанда бетінде болмашы бір шұңқыр пайда болып, онысы бет-әлпетіне әдемі көрік беретін.
Жексенбі сайын Махаббаттың үйінің жанындағы «Қазақстан» кинотеатрына киноға бару үйреншікті әдетімізге айналды. Және қандай кино екені екеумізге де бәрібір еді. Үнді киносы ма, Батыстың киносы ма.., талғамаймыз. Кино тек сылтау ғана. Шындығында бір-бірімізді көру үшін ғана оған кіріп жүргенімізді екеуміз де үнсіз түсінеміз. «Қазақстан» кинотеатрында болатын фильмдердің билеті де аса қымбат емес. Бар-жоғы 20 тиын. Екі сериялы киноға кірсек Махаббат екеумізге 80 тиын ғана кетеді. Оның үстіне сол жылдары мен Торғай облысы, Жангелдин ауданының «Жаңа өмір» газетіне әңгіме жіберіп тұратынмын. Газеттен кейде маған 10-15 сомдай қаламақы келеді. Мұндай ақша Махаббатты қалай қыдыртсам да емін-еркін жетеді. Не деп бара жатырмын мен, дәл осындай бақыт құшағында жүргенімде, тиын-тебен деген де тәйірі сөз болып па.
Кинодан шыққан соң Пастер (бүгінгі Мақатаев) көшесіне жақын жердегі саябаққа барып, қыдырып, күн батқанша әңгіме соғамыз. Әңгімеміз де таусылмаушы еді-ау! Махаббат орыс мектебінде оқығанымен қазақшаны да жетік біледі екен. Сондықтан екеуміз кейде орысша, кейде қазақша, кейде орысша мен қазақшаны араластырып сөйлесе береміз. Бірақ қай тілде сөйлескеніміз біз үшін аса маңызды да емес еді. Біз бір-бірімізді тілсіз-ақ түсінетінбіз. Сүйем-күйем деген сөздерді айтпасақ та, бір-бірімізге деген ынтызарлығымызды көзімізбен-ақ ұқтыратынбыз.
Бүгін тағы да кинодан шыға салысымен саябаққа қарай аяңдап келеміз. О, ұлы Жаратушы! Өмірде де ғажайып ертегілердегідей күндер болады екен-ау! Күні кеше ғана Махаббат маған қарамай қойғанда қиналып, сүйікті ақыным Мұқағалидың:
Ғашықпын!
Шын ғашықпын сол адамға!
Мен болмасам болмайын. Сол аман ба?
О, тәңірім! Неткен жан қайырылмайтын!
Жүрегі еттен бе, әлде қоладан ба?
деген өлең жолдарын оқып, жүрегімді жұбатқан айларымның бәрі артта қалды. Енді махаббаттың балдай шарабына мас болып, басым айналып, лүпілдеген жүрегім жарылып кете жаздап, шаттықтың, қуаныштың әнін шырқап келеді.
Артынан жүгірген талай бозбаланың біріне де қарамай қойған, көркіне ақылы сай, әлемдегі ең сұлу Махаббат менің жанымда отыр. Және жай ғана емес, суықтан тоңып, ағаштың бұтағынан пана іздеген торғайдай қойныма тығыла түседі. О, Жаратқан! Сенейін бе, сенбейін бе бұған? Түсім емес пе бұл?
Аяқ астынан күн суытып, жаурап қалған Махаббаттың маған жабыса түскені үшін табиғатқа деген ризашылығым да шексіз еді. «Күн суып кетті, үйге қайтайық» деген сөзді айтудың орнына қайта керісінше Құдайдан күннің одан бетер суытып, Махаббаттың маған онан сайын жабыса түскенін тілеймін. Оның қасымда ұзағырақ болуы үшін бар-өнерімді салып, құбылтып, неше түрлі әңгіме айтып көңілін аулауға тырысамын. Ауладағы, мектептегі оқиғалар туралы әңгімелерім түгесілгенде Махаббат сүйіп тыңдайтын әдебиет тақырыбына ойыстым.
Сол күні мен оған Мұқағали туралы айтып бердім. Әсерлірек шығу үшін, әңгімемнің кей тұстарын қоюлатып, Мұқағалидың өмірінде болмаған оқиғаларды да ойдан шығарып оның оқыстан қаза тапқаны туралы өтірікті де қосыңқырап жібердім. Шындығында өлеңдерін сүйсініп оқығаным болмаса ақынның қалай дүние салғанын білмеуші едім. Дәл осы уақытта жанарын мұңның сәулесі шалған Махаббаттың:
– Сонда ол, қалай опат болған? – деп сұрап қалмасы бар ма?
Табан астында өтірік ойлап шығарудың мұндай шебері болармын ба.
– Біреулер түнде көшеде келе жатқанда пышақтап кетіпті. Өлерінен екі күн бұрын соның бәрін сезгендей болып, өмірге базынасын айтып, қайыңға арнап өлең шығарыпты, – дедім мен бетім шімірікпестен. Өткен жолы мен оған Есениннің өзінің тамырын алмаспен қиып, соңғы өлеңін қанымен қалай жазып кеткенін әңгімелеп бергенімде Махаббаттың көзіне мөлтілдеп жас келген. Сонысын қатты ұнатып қалғандықтан, Мұқағали туралы әңгімемнің де бояуын қолымнан келгенше қалыңдатып жатырмын. Сенімдірек болу үшін Мұқағалидың өлерінің алдында жазған өлеңі деп «Жапырақ жүрек жас қайыңын» бар өнерімді салып оқи жөнелдім. Бірақ Махаббат өлеңді соңына шейін оқытқызбай сүйріктей әдемі саусақтарымен менің аузымды баса қалды.
– Ендігәрі, мұндай өлеңдерді оқымашы.
– Неге?
– Қайғылы өлеңдерді ұнатпаймын.
Кеш түсіп, дүниені жан-жақтан төнген қараңғылықтың қою тұманы билей бастады. Саябақта құлаққа ұрған танадай тыныштық орнады. Бұл хикаяның жалғасын мен білемін дегендей екеуміз отырған орындықтың жанында өсіп тұрған ақ қайың ғана үнсіз тұнжырайды. Сездірмеуге тырысса да, Махаббаттың қатты жаурай бастағанын байқадым. Курткамды шешіп, оның денесіне жауып, қымтай бергенімде рабайда қолым оның анарына тиіп кетті. Махаббат селк ете қалды. Ұялғаннан тіпті, құлағына шейін қызарып кетті. Ал, менің бойымда бір тәтті діріл жүріп өтті. Үзіліп қалған үнсіздікті Махаббат жалғады:
– Өскенде кім боласың, жазушы ма, әлде ақын ба?
– Жазушы боламын. Саған арнап бір үлкен роман жазамын.
– Класно! – деп қолын шапалақтады. – Бірақ оған дейін сен маған арнап бір өлең шығаршы. По-жжа-луйста!
– Онда сен де менің бір тілегімді орындайсың. Ерніңнен бір сүйгізесің? Жарай ма?
Жауап берудің орнына Махаббат сықылықтап күлді.
– Сен немене, қыздардың ернінен сүймесең жүре алмайтын «маньяксың» ба? Өзіңді жақсы көретінімді білесің ғой. Сол жеткілікті емес пе?
– Жеткілікті ғой. Бірақ сүйіскен кезде адамның қандай сезімді басынан кешетінін білгім келеді.
Махаббат үндемеді. Үндемеуін мен ішімнен келістіге санадым. Солай екеніне тіпті еш күмәнім де болған жоқ.
х х х
Мен үшін тағы да азапты күндер басталды. Орысша өлең жазу қандай машақат жұмыс болса, қазақ тілінде өлең шығарудың азабы одан кем емес екен. Жазғандарым, көңілімнен шықпай ондаған өлең жыртылды. Оқуды мүлде ұмыттым. Есіл-дертім – Махаббатқа арнап өлең шығару. Махаббатты есінен тандырып жібере жаздайтын таңғажайып өлеңді оқып беріп, оның ернінен сүйген сәтімді елестеткенімде, жүрегім бәйгеде шапқан аттардың тұяғындай дүрсілдеп сол тәтті удың дәмін сағына күтіп, түні бойы ұйықтатпай қояды.
Алайда, бір күн өтті. Өлеңім жазылған жоқ. Екі күн өтті. Тағы да сол жағдай. Үш күн өтті. Сабақ жайына қалды. Мектептегі ұстаздарым ескерту жасады. Төрт күн өтті. Физика, химия пәнінен екі алдым. Бірақ Махаббатқа арналған таңғажайып өлең тумады. Ой шаршатып, жаным жүдеп кетті. Бесінші күні Махаббатты таңғалдыратын өлең жаза алмайтыныма көзім жетіп, ақындықтан біржолата күдерімді үздім.
Тағы да үйреншікті әдетіме басып, жұрттың көбісі біле бермейтін ақындардан жақсы өлең іздеп, жиендік жасауға кірістім. Ұялудың орнына Бердібек Соқпақбаевтың Қожасындай «ақынның бір өлеңін алғанымнан, оның поэзиясы қуарып қалмас» деген мағынадағы сөздермен қайта өзімді қорғап, ар-ұятымның алдында ақталғандай боламын.
Сонымен не керек, қазақ және орыс тілінде жазылған талай жыр жинақтарын ақтарып, мен сол махаббат жырын Мұқағалидан таптым. Ақынның «Сенің көзің..» деген өлеңін оқығанымда, қуанғаннан төбем көкке сәл-ақ жетпегендей болды. Жетуі үшін оны тек Махаббатқа оқып беру ғана қалды.
Өлеңнің ырғағы, музыкасының сыңғыры, сезімнің тасқыны менің көңіл күйімнің табиғатын айна-қатесіз қалайша дәл жеткізген. Мұндай өлеңді Құдай неге Мұқағалиға жазғызған? Махаббатқа арналып менің, тек менің ғана жүрегімде тууға тиіс өлең емес пе бұл! Гармонияның үйлесуін айтпағанда, өлеңнің әр жолындағы теңеулердің бәрі Махаббаттың табиғи жаратылысын дәл суреттеп тұрған жоқ па? Әлде бұрын-соңды да мына дүниеде дәл Махаббаттай періште өмір сүрген бе? Мүмкін емес. Сене алмаймын оған. Бәлкім, Мұқағали бұл өлеңді Махаббат сияқты қызды кездестіргісі келіп армандап жазған болар. Егер ол ондай аруды өмірінде бір рет көрген болса:
Мен нағыз махаббатты армандаймын,
(Оны мен жоғалтып та алғандаймын..)
Ақ қаздар арасында аққуымды
Ажырата білмеген сормаңдаймын
– деген сыңайдағы өлеңдерді жазуы қалайша мүмкін болмақ. Мүмкін, қатал тұрмыстың илеуінде жүрген ақынның айтып отырғаны басқа махаббат па? Бірақ мен әрі қарай ол туралы ойлағым келмеді. Жастықты қойныма қысып құшақтап, ертең Махаббатқа бұл өлеңді қалай оқып беретінімді ойлап, балбырап, тәтті ұйқыға кеттім.
х х х
Төзімім таусылып, сағатыма қайта-қайта қарап, екеуміз кездесуге уағдаласқан саябақтағы жолдың жиегіне жақын жердегі ақ қайыңның жанындағы орындықта оны тағы да тағатсыздана күтіп отырмын. Көңілім қобалжып, жүрегім өрекпіп Махаббаттың келетін жағына қайта-қайта қараймын…
Алыстан таныдым. Автобустан секіріп түсіп, жолдағы шөптерге сүріне-қабына ол маған қарай енесін сағынған еліктің лағындай жүгіріп келеді. Үстіндегі соңғы сән үлгісімен тігілген көк көйлегінің етегі желмен желп-желп етеді. Қолында кішігірім дорбасы бар.
– Кешірші, саяжайдан келе жатқанымызда аяқ астынан папамның көлігі сынып қалып, үйге әрең жеттік. Мынау саған. Дәмі сондай тәтті.
Дорбаның аузын ашып қалғанымда, мұрнымды жарып жібере жаздаған апорттың хош иісі мүңкіп қоя берді. Үлкендігі кішкентай баланың басындай, ұқыпты қолмен жуылған бес-алты алманың өзі дорбаның қарнын қампитып тастапты. Біреуін алып, тауыса алмайтынымды сезіп, ортасынан бөліп жартысын Махаббатқа бердім.
Сол күні «Қазақстанда» үндінің фильмі көрсетіліп, билеттер алдын ала сатылып кетіпті. Киноға кіре алмадық. Бірақ сыртымызбен уайымдаған адамның сыңайын танытқанымызбен, ішімізден билеттің таусылып кетіп, ұзағырақ сөйлесуімізге мүмкіндік туғанына екеуміз де қуанып тұрмыз. Құдды осы киноға біреу бізді зорлап кіргізіп әңгімелестірмей жүргендей тіпті, бойымыз жеңілдеп қалды.
Мұндайда уақыт та зымырайды екен. Балқыған темірдей қызарған күннің ұясына қалай батып қалғанын да байқамай қалыппын. Тіршіліктің шулаған желігінен саябырсыған кеш саябақта жайқалған ағаштарды да маужыратып жібергендей. Біреусінен басқасы желінбеген бір дорба алма сол қалпында «мені ұмытып кеттіңдер ме?» дегендей орындықта тұр. Көліктердің де жүрісі сап тыйыла қалды. Әлдеқайда шырылдаған шегірткенің үні ғана тыныштықты бұзғандай.
Түні бойы жоспарлаған іс-әрекетімді жүзеге асырудың сәті түсті. Енді кештетуге болмайды. Тәуекел!
– Махаббат, саған арнап жазған өлеңімді оқып берейін бе? – дедім кенеттен. Қатты қобалжығандықтан дауысымда діріл пайда болды.
– Шынымен маған арнап өлең шығардың ба? Какой ты молодец!
Жүрегімнің дүрсілдеуінің, дауысымдағы дірілдің сәл де болса да басылғанын күтіп тынысымды алдым. Махаббатқа қарадым. Қобалжып кететін кездегідей оның көздері жыпылықтай берді. Маған қараған жанарында бір таңданыс бар. Мұндай таңданған жанардың сұранысын қанағаттандырмауға қалай дәтің шыдайды?
Бойымдағы буырқанған сезімнің екпінімен оның жанарының тұңғиығына көзім тоймай қарадым, әлі де дірілі басылмаған дауысыммен, асықпай, әр сөзімді шегелеп Мұқағалидың өлеңін оқи жөнелдім.
Сенің көзің түпсіз терең тұңғиықтан жаралған,
Сонда жатыр менде жүрген орындалмас бар арман.
Сенің жүзің көкте күннен, жерде гүлден нәр алған.
Шашың сенің – жан баспаған жапандағы қара орман.
Бөлісу:

7 пікір

AKY
Мынаның жалғасы шықты ма?
konvict
Соңы осы ау деймін
Gamk
"… апорттың хош
иісі мүңкіп қоя берді..."
Меніңше мүңкитін сасық иіс болу керек. Керісінше «аңқиды», «мұрын жарды», «хош иісі бұрқ» ете қалды десе болар еді.
Erlan
жалғасы бар!
Нұр Астана газетінде жарық көрген!
konvict
Барлығын жариялап едім
Erlan
Маххабаттың қаза болғанын жазбапсың гой
Aizhantabyn
әдемі екен…

Винтажды көйлектер, аяқ киім, тіпті кітаптар бар екенін білемін, ал мына әңгіме «винтажды әңгіме» деуге лайық. Сондай күйдемін…