Махаббат элегиясы-3

Өтірік көрмегенсіп Махаббаттың өлеңді тыңдап жатқан сәтіндегі қимылының бірін де назарымнан тыс қалдырмай қырағы сақшыдай бақылап отырмын. Ботадай жәудіреген көздерінен маған деген бұрынғыдан да күшті ынтызарлықтың ұшқынын байқап қалдым. Мұқағали
Әрі қарай

Махаббат элегиясы-2

Мектеп жайына қалып, сабақтан қашып енді екеуміз жиі-жиі киноға баратын болдық. Екі айдан соң Махаббаттың әке-шешесі «Қазақстан» кинотеатрына жақын жерден үй алып, көшіп кетті. Енді бұрынғыдай күнде болмаса да, әр жексенбіде кездесіп тұруға уағдаластық. Екеуміз де аптаның соңын тағатымыз таусылып күтуші едік. Сирек кездесу бір-бірімізге деген ынтызарлығымызды одан сайын арттыра түсті. Сәл кешігіп қалсам Махаббат бұртиып, маған өкпелеп қалатын. Бұртиғанда бетінде болмашы бір шұңқыр пайда болып, онысы бет-әлпетіне әдемі көрік беретін.
Жексенбі сайын Махаббаттың үйінің жанындағы «Қазақстан» кинотеатрына киноға бару үйреншікті әдетімізге айналды. Және қандай кино екені екеумізге де бәрібір еді. Үнді киносы ма, Батыстың киносы ма.., талғамаймыз. Кино тек сылтау ғана. Шындығында бір-бірімізді көру үшін ғана оған кіріп жүргенімізді екеуміз де үнсіз түсінеміз. «Қазақстан» кинотеатрында болатын фильмдердің билеті де аса қымбат емес. Бар-жоғы 20 тиын. Екі сериялы киноға кірсек Махаббат екеумізге 80 тиын ғана кетеді. Оның үстіне сол жылдары мен Торғай облысы, Жангелдин ауданының «Жаңа өмір» газетіне әңгіме жіберіп тұратынмын. Газеттен кейде маған 10-15 сомдай қаламақы келеді. Мұндай ақша Махаббатты қалай қыдыртсам да емін-еркін жетеді. Не деп бара жатырмын мен, дәл осындай бақыт құшағында жүргенімде, тиын-тебен деген де тәйірі сөз болып па.
Кинодан шыққан соң Пастер (бүгінгі Мақатаев) көшесіне жақын жердегі саябаққа барып, қыдырып, күн батқанша әңгіме соғамыз. Әңгімеміз де таусылмаушы еді-ау! Махаббат орыс мектебінде оқығанымен қазақшаны да жетік біледі екен.
Әрі қарай

Махаббат элегиясы

Махаббат!… Осы бір жалғыз ауыз сөзде қаншама ұлы сезім, ұлы толғаныс, ұлы сүйіспеншілік жатыр десеңші шіркін! Адам өмірін нұрландырып, алпыс екі тамырына қан жүгіртетін, жүректің нәзік қылын шертіп, сезімнің тоқсан тарау жырын қозғайтын ғажайып мөлдір әлемнің қасиетіне баға жете ме?
Қыз бен жігіт арасындағы нәзік сезім қандай? Көктемде қауызын жаңа ашқан гүлдей, бүршік атқан балауса шыбықтай, аппақ таңның керімсал жұпар самалындай бір керемет дүние!
Сол жылы қыс Алматыға кешеуілдетіп келді. Түні бойы қар жауып, таңертең тұрып, терезеден қарасам айналаның бәрі көрпесін қымтанып, ағаштар ақ бөкебайын жамылып алыпты. Күннің суығында сабаққа барғым келмей төсекте керіліп-созылып біраз жаттым. Кеше түннің бір уағына шейін ойнап, үй тапсырмасын да орындауды ұмытып кетіппін. Мектепке барсам, қатарынан бірнеше екі алатынымды анық білемін. Сабаққа бармаудың бір-ақ жолы бар. Ол- ауру. Бірақ денім сау, еш жерім ауырып тұрған жоқ. Бір кезде түпкі бөлмеден «Қанә, тез тұрыңдар, сабаққа кешігесіңдер» деген әкемнің қатқыл дауысы естілді. Дәл осы сәтті пайдаланып, ішімді қолыммен ұстап, ауырған адамдай бүк түсіп жатып алдым. Бөлмеге әкем кіріп келді де менің бұл жатысымды көріп: – Не болды саған? – деп сұрады.
Әрі қарай