Бөтен әлем әңгімелері. Әмірші

Блог - ertegi: Бөтен әлем әңгімелері. Әмірші
Жалғасы. Басы өткен жазбада.

Көзін ашты. Жо-жоқ, ашқан жоқ. Ашайын деген. Бірақ, аша алмады. Көз сүйегінің айналасындағы ет ісініп, жанарын жауып тастаған ба, қалай өзі. Түсіне алмады. Кенет оң иығының топшысы адам шыдағысыз өткір шаншу қадалғандай болып ауырып кетті. Басында әлсіздеу болса да қарсылық танытпақ болып еді, солқ-солқ қадалған ауру жанын шығарып жібере жаздады. Он жасар бір жапырақ сары қыз денесі босап, аураға шыдамай талықсып кетті…

***

— Уа, көпті көрген Дана, халқымыздың Атасы, Еліміздің Панасы, күллі әйел біткеннің Арманы, жүрегіміздің Пірі, жанымыздың Иесі! Құлдық ұрып, әміріңізге жүгіну бізге бақыт, асқан мәртебе!

— Сөйле, бала.

Аппақ сақалды, жүзі қуарыңқы, жағына пышақ жанығандай арық, бір тізерлеп, басын иіп отырған «бала» әміршінің гүрілдеген даусынын еріксіз селк ете түсті.

— Уа, көпті көрген Дана, халқымыздың Атасы, Еліміздің Панасы, күллі әйел біткеннің Арманы, жүрегіміздің Пірі, жанымыздың Иесі! Құлдық ұрып, әміріңізге жүгіну бізге бақыт, асқан мәртебе! Сөзге рұқсат еткеніңе сансыз алғыс! Батылым барып өтініш айтқаныма айып етпессің!

Әміршінің оң жағында тұрған қабағы түксиген, кең көкіректі, қапсағай денелі, беліне оралған бір жапырақ матадан өзге үстінде киімнің белгісі жоқ жауынгер, сөз сөйлеушіге екі аттап жетіп келді де, әп дегеннен-ақ көзге түсетін жылан бейнесі оралып салынған оң қолын көтеріп, ұзындығы жарты құлаш болатын біржүзді қайқы қылышпен басын бір-ақ шауып, қағып түсірді. Сол-ақ екен билеуші тағының артында тұрған шоқша сақал, шегір көз, қолында сырты қоңырқай әлдебір матамен оралған кітабы бар шал бір аттап алдыға шықты да, сүйкімсіздеу қарлығыңқы дауыспен:

— Кімде-кім әміршіге қарап екінші жақтың сыпайы түрінде сөйлемесе, оның жазасы өлім екені Ұлы кітапта жазылған! Әміршімізге құрмет көрсетпеген жетесіздің жазасы – Өлім!, – деп хабарлады.

Күтпеген оқиғадан бір сәт деміз қалған бұқара шалдың сөзінен кейін «өлім, өлім» деп күңіреніп кетті. Топтың алдыңғы қатарында тұрған бұйра шашты, жасы он бес-он жетілердегі бидай өңді қыз болар-болмас дауыспен «әке» сыбыр етті…Бірақ онысын байқаған ешкім болған жоқ, себебі ел әлі де болса есін жинап үлгермеген болатын. Тістеніп алған қыз шегіншектеп, байқастап, топтың арасын еніп кетті де, қауіпсіздеу жерге жеттім-ау дегенде кілт бұрылып, жүгіре жөнелді.

***

Түсі екен дейді. Сол үй. Сол аула. Әкесінің «Газелі» дүкеннің алдына келіп тоқтапты. Жолаушы жақтағы есік ашылып, шешесі шықты да бұған қарап «Айжантай, мә, мыналарды алшы» деп жатыр екен…

Жылап қоя берді…
Бөлісу:

5 пікір

asaubota
стилің ұнап отыр, базар жоқ бауырым, жалғастыра бер!
ertegi
Рахмет, Аршат. Әзірге түсініксіз болғанмен мәселенің мәні енді ашылып қалады:)
asaubota
сол интригасы қызық болып тұр ғой :)
Nurgisa
Күшті! Жалғасын тағатсыздана күтемін!
ertegi
Рахмет! Егер қызығушылық танытсаңыз бұған дейінгі екі бөлімін оқып шықсаңыз болады.