Жолтерек

Ертегі: ЖолтерекЕжелгі бір заманда, Айдала деген жазықта алып жалғыз бәйтерек өсіпті. Ол аспан мен жерді жалғап тұрады екен. Оның қоңыртүсті тамыры Өтершақпен, жасылтүсті діңі Осышақпен, алып теректің күмістүсті басы Болашақ бұлтымен байланысып тұрыпты. Бұл дарақ ағаштың аса ерекше қасиеті болыпты, оның жапырақтары жеті түске боялып құбылып тұрады екен. Жер бетінің барлық уақыты терек діңгегіне сіңеді екен. Сөйтіп, Жер тарихы осы бір бәйтерек бойына жазыла береді, жазыла береді.

Бұл қасиетті дарақ ағаш жылына бір рет көктемде ғана гүлдейді екен. Жастар оның гүлін бір біріне сыйласа болды іңкәр сезімдері туындап, ал жер бетіне Күннен алтын түсті махаббат шуағы түседі екен. Әлгі алып теректің гүлі түскен соң, орнына алма секілді дәмді жемістері уылжып пісіпті. Оны жеген адам мұратына жетіп, қартаймайтын қасиет дарыпты.

Алып теректің ерекше қасиеті сол – оны айнала ән салып, тілеген адамдардың тілегі қабыл болып жақсылыққа өзгереді екен, ал бұрынғы уайым-қайғы ұмыт болып, қалаған кезінде, тіпті, Одүниемен хабарласа алатын қабылет дариды болған. Олардың кейбіреуі тәуіп болып сырқатты жазса, бірқатары көріпкел болып, жұртты адасатын жолдан тура жолға салатындай қасиет пайда болыпты. Теректің басына ылғи да жалғыз самұрық құс келіп, жылына бір-ақ рет жұмыртқалайды екен. Ол жұмыртқаға адамдардың арман-тілегі ағаш бойымен келіп жиналады екен де, Болашақ бұлтына сіңіп, Көкке жетіп, дереу орындалатын ахуал орнапты. Арман-тілектің барлығы әлгі теректің бойымен ғана жүретіндіктен, адамдар Өмір жолы ретінде қабылдап, бірқатары оны «жолтерек» десе, енді бірі тілдерінің келгеніне қарай қысқаша «йол» дейтін болыпты. Кейбіреуі еркелетіп «йолка» атапты.

Мұны естіген адамзат Жердің әр түкпірінен Жолтерекке арып-ашып ағылады екен. Кейбіреулері өз тілектеріне жетсе де, басқаларға орын бермей, Жолтерек түбінде жылдап тұрғандарымен қоймай, қоқыстарын жинамастан, айналаны былғай берген. Ақыры, қасиетті Жолтеректің айналасы ластанып, ауа тарылып, адамдарға кері әсері бола бастапты.

Бір жылы адамдар Жолтерекке таласып қалады, өйткені, бәрі де өз армандарына жеткісі келіп, тілектерін жолға салғысы келеді. Тілектерін жөнелткендері қанағаттанбай, үсті-үстіне байлық пен билікке тоймай, жанталасыпты. Естері кеткен адамдар, Жолтерек қасиетін үйлестіретін Қыдыр деген сақалы қырық құлаш ақсақалдың айтқанын қылмай, өзара дауласып, төбелесіп, оның арты ірі ұрыстарға ұласыпты.

Қыдыр баба жұртқа ниеттерін түземесе, Жолтерек өз қасиетінен ада болып, оны әлдебір айдаһар иеленіп алатынын, сосын жер бетінде таң атуын доғаратынын түсінде көріп, ескертсе де, адамдар менменсіп, өз беттерінен қайтпай, бәсекелері мен таластарын тоқтатпапты.

Ақыры әбден ластанған Жолтерек жыл сайын гүлдейтін қасиетінен ажырапты.Ол жеміс бермейтін болып, гүлі болса, теректен жыраққа тау шатқалына, сай-салаға титтей болып қана топыраққа беталды шашырап шыға бастайды.

Бір күні Қыдыр ата айтқандай, Жер бетіне таң атпай қалыпты, бірыңғай түнек орнапты. Адамдардың жаман ниетінен әуелі алқызыл алып шар пайда болыпты. Адамдар оны жерге түскен күн болар деп қуалап, қолдарына түскен нәрселерін сұққылап мәз болысады. Әлдекімнің қолындағы найзасы шарға кіріп кетіп, ол тарс жарылды да, ішінен кішкентай ғана айдаһар шығып, сол бойда сәт сайын өсе бастайды. Алып тұрпат иеленген айдаһар, аңқиып қарап қалған адамдардың біршамасын жұтып салады. Айдаһар күркіреп адамша сөйлейтін тілі бар екен.

Адамдарға сөйлеп, талабын қоя жүріп, Жолтеректің айналасындағы жиналған жұрттың біршамасын жұтып салады. Адамдар одан қашудың мүмкін еместігіне көздері жетіп, оған сағат сайын бір адамды құрбан етуге амалсыз келісіпті. Айдаһарға көнгендері сондай, адамдар бар болғаны оны сыбырлап қана «Жалмауыз» атайды. Жалмауыз Самұрықтың жұмыртқасын жыл сайын жұтумен болады, адамдардың тілегі Болашаққа жетпей, Осышақпен ғана шектелгесін, ешкімнің тілегі де, арманы да орындалмапты. Адамдар байлықтан жұрдай болып, биліктің бәрін Жалмауызға беріп, аштық пен жұтқа ұшырапты. Жер сілкінісі жиілеп, толастамайтын дауыл мен нөсер бірінен соң бірі адамзатты жалмайды. Адамдарға бір аурудан бір ауру тап болып, індетке ұрына береді. Олар Өтершақтан ажырап, өз тарихы мен шежіресін ұмытыпты, кейбіреулері әке-шешелерінің кім екенін естеріне түсіре алмайтын мәңгүрт қалыпқа енеді. Болашақтың барын мүлде ұмытып, ниеттерін қалай түзеуді ойламайтын жағдайға жетеді. Жолтеректің құты қашып, Қыдыр атаның қайда кеткені белгісіз көзден ғайып болады.

Жалмауыз болса, Жолтеректің діңіне оратылып алып, ала арқан секілді оның шырынын сорып, сағат сайын құрбан адамды жұтып жата береді. Жалмауыз жыл сайын ұзара түсіп, Жерді орайтын пиғыл білдіріпті. Талай батыр айдаһармен шайқасам деп мерт болып, оған жұтылып кетіпті. Бас көтерер ердің бәрі жұтылып, бала-шаға, кемпір-шал ғана қалады.

Түнектен қалжыраған адамдар өзара соғысуды қойғанмен, өмірлері өмір болмайды. Жер бетін мәңгі түн басқасын, ай мен жұлдыздардың сәулесімен ғана тірлік еткен адамдардың бұрынғыдай мамыражай өмірі көзден бұлбұл ұшады. Өсімдік біткен өсуді доғарады, жәндік атаулы жойыла бастайды, қорек болмағасын айуандар қырылады. Бала-шаға кімнен ақыл сұрарын білмей, абыржиды. Осылайша, миллиондаған адамдардан айрылып, тірі қалғандар не істерге білмей, тұйыққа тіреліпті.
Жер бетінде ең көп жасаған Ұмай ана бар екен, оның неше жаста екенін бір де бір адам білмейді. Өйткені, ол Жер жаралғалы өлмей келе жатқан жан және Жерге аса қатер төнгенде ғана көрінеді. Оның жаны Жер ғаламшарының қойнауына жасырылған, ал рухы Жердің киесі екен. Жалмауыз Адам баласын былай қойып, Жерге қауып төндіре бастағасын, Ұмай ана адамдарды Таңыртау деген тау етегіне жинайды. Бұл таудың қасиеті сол, ол таң атысымен Күннің сәулесін Жер бетіне таратып беретін қасиеті бар екен. Жолтеректі Айдаһар иеленгелі бұл тау Күн сәулесін тарата алмай, Жер бетіне айдың ғана сәулесін шағылыстырып себелейтін күйге жеткен еді.

Ұмай ана балаларды бір біріне қол ұстастырып, алдарына бір бірден шырақ жағып қойды. Сөйтіп, балалар тізбегі Жерді бір орап, Жалмауыз оратылған Жолтеректі қоршап алды. Жалмауыз болса, Жерді орап, шұбатылған ұзын сәуледен шошынып, көзін жұмады. Осы сәтте, балалар Ұмай ананың бастауымен Жалмауызды күйрететін бір батыр тілеуге көшеді. Балалардың ниеті таза болғасын және бірнеше миллион жан біріккесін, олардың тілегі Көкке тез көтеріледі де, тілек Болашақ бұлтына жетіп сіңе қояды. Сол сәтте көзін ашқан Жалмауыз кеш қалды: түнек сыпырыла бастайды. Таңыртаудан Күн сәулесі Жер бетіне саулап қоя береді де, бірнеше ғасыр көрінбей кеткен Самұрықтың алтын түсі жалт-жұлт етіп, Жалмауыздың көздерін қарып түсті. Ол көзін жыпылықтатып не болып жатқанын аңғара алмай қалды.

Осы сәтте Самұрық дереу Күн сәулесімен жарыса Жерге қарай құлдилайды-ай, келіп! Адамдардың көзі Самұрықтың үстіндегі төсі сәулеге шағылысқан адамға түсті. Ұмай ана оны өзінің бұдан бірнеше ғасыр бұрын ғаламшараралық шайқасқа аттанған Ертөс деген ұлы екенін адамдарға қуана айтып жатыр. Ертөстің төсі болат темірден, бұлшық еттері Жердің қола аралас сазынан жаратылған еді. Ол Болашақ бұлтында бірнеше ғасыр бойы жаттығып, Жалмауызды жеңуге әбден әзір болып келген сәті екен. Самұрық мінген Ертөс Жалмауыз-айдаһарға шүйілген күйі оның жеті басының кеңірдегіне жеті найзасын қадағанда, айдаһар оған от бүрке алмай, қырылдап қалды.Жалмажан жеті құйрығымен Самұрықты соғып құлатқысы келіп, құйрықтарын сілтей бастады. Оған Ертөс дереу Алдаспан аталатын алып қылышын сілтеп үлгеріп жүр. Жалмауыздың шабылып түскен жеті құйрығының әрқайсысы кішкене айдаһарларға айнала бастап еді, Самұрық құс шүйіліп келіп, шоқып алды да, әрқайсысын кесіртке жеген тауықтай қылғытты. Ақыры, Айдаһардың әр көзіне уға малынған жебелерін Ертөс батыр бірінен соң бірін қадап салды. Ал, айдаһар Жолтерекке оратылған күйі қатты да қалды. Ертөс қалтасынан дереу шақпақ тастарын алып, бір біріне үйкеп от шығарып, Жалмауыз оратылған терекке тастап еді, ол лап етті де, аспанға жетерлік алып өртке айналды. Жалмауыз болса, алып терекке оратылған күйі жанып кетті. Өрттің қызуы бұлтты ерітіп, жауынға айналдырды да, нөсер жаңбыр құйып кетті. Өрт сөнді де, Жолтеректің діңі ала арқан өрілгендей түспен қалды, ол оратылып өлген Жалмауыздың жолақ терісінің сіңген бояуы еді.

Нөсер толастағанда, өз міндеттерін атқарған Ертөс батыр да, Ұмай ана да ғайып болды. Ал, Самұрық жұрттың көзінше кішкене ғана сүйкімді, аяғы жіңішке, құйрығы ұзын, қара тамақ көк ала торғайға айналып кетіпті. Оны жұрт бүгінде Наурызек атап жүр. Жаңбыр басылғанда аспанда жеті түсті көпірқосақ пайда болды. Күннің шұғыласы да жеті түске боялған күйі жер бетін алуан түске бояп жіберді де, небір алуан өсімдік пен шөп қаулап өсті. Ауаны жұпар иіс кеуледі. Айдаланы құстардың, айуандар мен жануарлардың дауысы мәре-сәре етіп кернеп кетті. Жер беті жайқалған келбеті өз қалпына келді. Жарық дүниеде бір бірімен табысқан адамдар мәре-сәре болып, төстерін түйістіре көрісіп жатыр. Жұрт «Бұл бір «Нау ырыс» болды!» десті. «Нау» дегені – «жас, көк, балғын» дегені. Кейбіреулері жерге «Жаңа күн шықты!» деуде. Ақсақалдар ер балаларды ертіп, Жолтерек құрметіне ауылды айналдыра жас шыбық егіп жүр.

Жаңа дәуір келіп, естерін жыйған жұрт хан сайлауға көшті. Халық бір ауыздан сақал-мұрты Жолтерек өртіне шалынып, шырпылған, ақылды да әділетті, бұқараға жанашыр жалғыз басты кісіні сайлады. Ол басынан алқызыл тақиясын тастамайтын еді. Онысы түнек орнаған кезде Күнді жоқтаудан шыққан әдеті екен. Сол себептен бе екен, оны жұрт Алкөсе атап кеткен.
Бүгінде Алкөседен қалған жастардың «Алтыбақан» ойыны бар. Ол ойын бойынша, бас таң қарсы алынар кеште алты сырықты үшке бөліп, үшеуінің басы байланады да, оларды көлденең сырықпен қосып, оған әлпеншек бекітіледі. «Алтыбақан» тебу таң атқанға дейін қыздар мен жігіттердің көңілді кешін қыздыратын салтқа айналған. Алкөсе хан бұл ғұрыпты «Күн бен түн теңдігі бұзылмасын!» деген ырымнан алып, алты бақанның басын қосып, ырғалмалы тұғырға Күндіз бен Түннің, Күн мен Айдың белгісіндей ержеткен мен бойжеткенді тербелту рәсімін жасапты. Содан бері Алтыбақан рәсімі қазақтардың салтанатының басты белгісіне айналған. Ал, көптеген елдердің дәстүрінде Наурыз мерекесінде көсе кісіні бір күнге хан сайлайтын рәсім орнығыпты.

Өртке шалынған Жолтеректің қайда екенінен бүгінде жұрттың хабары жоқ. Бірақ жұрт оның орнына шырша мен қарағайды «йол» атап, жаңа жыл мерекесінің нышаны етіп алғалы қашан! Наурызгүл болса, бүгінде наурыз айында шешек ататын Бәйшешек гүл болған, бірақ ағашқа емес, көктем шыға жерге шығатын болыпты. Ал, Жолтерек жемісінің орнына адамдар шыршаға ойыншық ілуге көшті.

Енді Жолтеректің бұрынғыдай жайқалмайтынын естіген аспаздар өздерінше ескерткіш орнатуға ұмтылды. Қырық елдің аспазы жиналып, биіктігі қырық құлаш алып мұнара орнатты да, оған дөңгелек үш үлкен сөрені бірінің үстіне бірін бекітті. Астыңғы сөреге қырық түйенің, қырық жылқының және қырық сиыр мен қырық қойдың етінен алуан түрлі ас пісіріп жайғастырды да, оны «қызыл сөре» атады. Ортаңғы сөреге қырық іңгеннің шұбаты мен қырық саба қымыз, қырық сиырдың ірмішігі мен құртын, қойдың қырық бөшке уызын және қырық түрлі құстың жұмыртқасы мен сүт тағамдарын жайып, оны «ақ сөре» атады. Ең үстіңгіні «көк сөре» атап, оған қырық алуан көкөніс пен жеміс-жидек және салаттарын орналастырды. Бұл кереметті аспаздар бір ауыздан «науан» атады. Ол сөз аспан мен жерді жалғайтын аса биік нәрсені білдіретін. Қырық елдің қырық аспазы осындай қырық науан әзірлегенде, айнала жайнап, Айдаланы небір тағамның иісі мұрын жарардай аңқыды. Оған таяған мешкейлер кезекке тұрып, өзара тамақ жеудің жарысына кірісті.

Әйелдер жағы дереу ошақтарына жармасты. Қолда бар қалған құтқандарын нардың еті сиятын нарқазанға салып, көже асуға жабыла кірісті.Көжеге өткен уақытты ұмытпау үшін сүр ет туып салды да, оған Ұмай ана ұнататын жеті түрлі асқа негіз боларлық дәм мен дәмдеуіштер қосуда. Ол көжені біреулері «Нау ырыс көже» деп атап салды. Әжелер болса, немерелерін ертіп, бірнеше жыл көрмеген Күнге сәлем етіп, Ұмай ананың құрметіне «Ақтан айырмасын!» деп жерге сүт төкті. Келіндері Күн құрметіне дөңгеленген майшелпек істеп, жұртқа нан садақа таратуда. Ән-күйге құмар жастар жағы «Жер беті енді ыңырсымасын!» деген тілектерін жеті ішек таққан жетігендеріне қосып ән етіп шырқауға кірісті, енді бірі жеті қоңырау таққан сылдырмақтары мен сазсырнайларын құйылжыта әуендетуде.

Осылайша адамзаттың түнек дәуірін сәулесімен серпіген бас таң атты. Бұл күндіз бен түннің теңескен күні еді. Жер бетін Күн сәулесі басып, Күндіз бен Түнек теңесті.Бұл — таң атырушы құдырет Тәңір мен түнектің киесі Іңірдің күштерін үйлестірген мезеті болатын. Ғаламда үйлесім орнағасын, адамзат отыз күн ойын ойнап, қырық күн тойлауға көшті. Наурыз мерекесі осылай шығыпты. Ал, бас таңды қарсы алу кеші «Бастаңғы» аталды да кетті. Ол кеште қыздар жігіттерге «ұйқыашар» деген ас пісірсе, жігіттер ғашықтарына «селтеткізер» дейтін сыйлық арнайтын дәстүр бар, оны батыс елдері «сюрприз» атап кетті.

Қыдыр атаны әбден сағынған адамдар оның орнына Аяз ата, Санта Клаус секілді кейіпкерлерді ойлап тапты. Алайда көптеген адамдар оны жер бетін қыдыра жүріп, әр үйге бір жылдық несібе таратушы періште ретінде әлі күнге дейін дастархан жайып, күтетіні де бар. Бірақ Қыдыр жұрттың бәріне көрінбесе де, кейбір таңдаулы жандарға көрініп, біреулердің түсіне еніп, бас таң атар түні бата беріп кетеді екен.

Ескеретін тағы бір қаһарман бар, ол – Ұмай ананың ұлы Ертөс батыр. Ол жайында бүгінде ешкім ештеңе білмейді.Бірақ есте жоқ ескі заманда, Көк пен Жерді қосқан Жолтерек орнаған Ұлы даланың ұландарының жүрек жұтқан батыр болуына қарағанда, Ертөс батырдың рухы соларды желеп-жебейді деген сөздің түбінде шындық бар секілді.

Кім біледі, бұл хикая ертегі де, аңыз да болуы ықтимал. Бірақ мыңдаған жылдар бойы адамдардың осы әңгімедегідей жайттарды көздің қарашығындай сақтап, қадыр тұтуына, бүгінгі күнмен астастыруына қарағанда, бұл оқиғаның адамдар санасында жаңғырып, бүгінгі айғаққа айналуына сол бір шынайы жайт негіз болған деу бұлтартпастай ақиқат емес пе екен?! Оның бұл күндегі басты ескерткісі – Қазақ елі астанасының төрбелгісі болып тұрған Бәйтерек орнатпасы еді.


Авторы: Серік Ерғали. 2010ж.

Иллюстрация: Аңсаған Мұстафа (осы сурет басылған футболкалар мына жерде)
Әрі қарай

Бөтен әлем әңгімелері. Әмірші

Блог - ertegi: Бөтен әлем әңгімелері. Әмірші
Жалғасы. Басы өткен жазбада.

Көзін ашты. Жо-жоқ, ашқан жоқ. Ашайын деген. Бірақ, аша алмады. Көз сүйегінің айналасындағы ет ісініп, жанарын жауып тастаған ба, қалай өзі. Түсіне алмады. Кенет оң иығының топшысы адам шыдағысыз өткір шаншу қадалғандай болып ауырып кетті. Басында әлсіздеу болса да қарсылық танытпақ болып еді, солқ-солқ қадалған ауру жанын шығарып жібере жаздады. Он жасар бір жапырақ сары қыз денесі босап, аураға шыдамай талықсып кетті…
Әрі қарай