Астанада алғаш рет стартапшылардың халықаралық апталығы өтеді
8-14 қазан аралығында Techstars акселератор қамқорлығымен Астанада және Алматыда стартапшылардың алғашқы халықаралық апталығы өтеді, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Жоба бастамашылары: MOST бизнес-инкубатор, «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ, Астана әкімдігі, «Astana Innovations» АҚ және т. б.
Бір апта ішінде еліміздің екі ірі қаласында 30-дан астам шара өтеді. Әрбір бағыт бойынша оқыту, нетворкинг, конкурстар және басқа да іс-шаралар жүргізілетін болады. Астана қаласында үш хакатон жоспарланған, онда жас стартапшылардың сауда және түрлі конференциялар тақырыбына арналған жұмыстары қаралады.
Іс-шара барасында Қазақстанның барлық стартап-экожүйесінің қатысушыларын бір ортаға жинап, түрлі кездесулер, дәрістер, пікірталастар өткізу жоспарланған. Startup Week Qazaqstan мынадай бағыттардан тұрады: FinTech, Smart City, Экожүйелер, Entrepreneurship, ақпараттық технологиялар (IT), қыз-келіншектер кәсіпкерлігі, корпоративтік инновациялар.
Айта кетейік, 2017 жылы 80-нен астам ел осы тәріздес «Techstars Startup Week» апталығын өткізді. Онда бір апта бойы жетекші сарапшылар өз тәжірибелерімен бөлісті және оқыту курстарын жүргізді. Techstars Startup Week-тің басты мақсаты жас кәсіпкерлерді біріктіру, жергілікті кәсіпкерлік қоғамдастығын дамыту және көшбасшылар мен дарынды адамдар үшін жаңа мүмкіндіктер қарастыру.