Блогкент: Шымкэмп
Ескерту: Аяғы ауыр әйелдерге, ми-жүйке ауруына шалдыққандарға, жүрегіне жақын қабылдағыш адамдарға және aza мен оның байқауына төрелік ететін қазылар алқасына бұл жазба оқуға ұсынылмайды.
Барлық оқиғалар өмірден алынған, қандай да бір фантазиямен бірдей болуы сәйкестік деп бағаланады.
Жазба жеке адамның субъективті көзқарасы мен ұсыныстарын білдіреді және ақиқаттың анасы, шындықтың шешесі болуды көздемейді.
Тұғырнама атаулыны зорлап жатқан Blogcamp туралы жазбалардың қатарында жылт етіп көрініп қалу үшін кәлләмізді кернеп, жадымыздың гигабайттарын алып жатқан жағдайлар туралы жазуға бел шештік.
Бұл Blogcamp туралы күнді айға, айды жылға созып, эмоциялық алған әсер, көрген көріністерімізді айтуға болады. Бір ауыз сөзбен жеткізсек, бұрымның өріліп келіп тоқпаптай болып түйілетін жері мынау: барлықтарыңызға деген ниет-алғысым шексіз.
Ыстық жас, аққан сора, езілген жүректі жиып қойып, тезис ретінде түйіндеген тыққан-баққандарымды жазсам.
Blogcamp-2013. Не ұнады:
- Шараның а-ля тимбилдиинг түріндегі сипатқа ие болуы. Бұған «Бәйшешек» жақсы көмектесті. Лагерь жеке өзіме жаңа адамдармен танысуға, көзтаныстармен байланысты нығайтуға мүмкіндік берді, жаңа идеялар сыйлап, оларды талқылауға жол ашты. Блогшыларды бытыратпай, бастарын бір жерге қосу жақсы тәжірибе екендігін дәлелдеді.
- Демеушілік жасап отырған әкімдік тарапынан диктат пен цензураның болмағандығы. Ішкі ұйымдастырушылық асүйдегі жағдайды білмеймін, бірақ қатардағы қатысушы ретінде шектеу, нұсқауды байқай қоймадым. Модератор болып naqui.kz туралы айтқым келді, айттым, басы-қасында жүрген қыз-жігіттерден де алай болсын, былай болсын дегенді естімедім.
- Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың кофе-брейк коммуникациясы және Берік Уәлидің бізбен қатар жүргендігі. Әрине, әкімнің келіп ашық сөзге шығуы кейбіреу үшін қалыпты жағдай шығар, оған таң қалудың жөні жоқ шығар, бірақ маған бұл жақсы прецедент болып көрінді. Енді өзге салалардағы шенеуніктерді қамтитын, оларды тең дәрежедегі диалогқа шақыра алатын тенденция болсын деп тілеймін. Жалпы, Blogcamp бизнес-құрылымдар, қоғамдық ұйымдар, мемлекеттік органдар мен блогшылар арасындағы «көпір» функциясына ие болса қатып кетер еді. Бірақ, бұл қазақтілді блогшыларды жеке күштік немесе бизнес құрылымдардың, мемлекеттік мекемелердің, ықпалды тұлғалардың сөзін сөйлеп, сойылын соғып кетуі керек дегенді білдірмейді, барынша тәуелсіз болғанымыз дұрыс. Орыстілді сегментте жиі айтылатын «Футболкаға сатылған» деген атақтан аулақтау болсақ.
- Үйлестірушілік, ұйымдастырушылық, логистика. Өзім «косяк» көрмедім, бәрі ойдағыдай өтті. Пәтер, барар жер, басар тау деп қиналмадық. Өзіме үлкен көмек берген Даниярға, Берікболға, Көркемге, Нұршатқа құрмет пен рахмет.
- Логотип пен футболка.
Blogcamp-2013. Не ұнамады:
- Мазмұндық жағы. Уақыттың аздығы, спикерлердің салыстырмалы түрде көптігі модератор ретінде маған қиындық туғызды, сессиям ашылмады. Тыңдаушы тұрғысынан өзге тақырыптар бойынша да осыны айта аламын. Бұған формат кінәлі деп ойлаймын. Ол туралы төменде.
- Camp форматының сақталмағандығы. Конференция түрінде өтуі онсыз да аз уақытты одан ары шашыратып алды және ағартушылық-тренингтік сипатты жойып, жалаң талқылау, жеке тұлғаның өзі туралы сөйлеуіне алып келді.
- Кейбір қатысушының «халява» үшін келгендігі. Блог, интернет иісі мұрнына бармайтын және ол әлемге мүлдем қызықпайтын адамдардың болуы күмілжітті.
- Стартаптардың көптігі, алдын-ала іріктеуден өтпеуі. Қызықты жобалар болды сөзсіз, бірақ қағазға қарап зырылдатып оқып берген қатысушы және Ко стартаптар байқауының мәнін кетірді.
Blogcamp-2013. Не ұсынамын:
- Camp форматын келесі құрылтайға қайтару. Паралелль сессиялар, тренингтер, мастер-кластар — осының бәрі блог контентіне қатысты жерде болуы керек деп санаймын. Кәсіби блогшылар бизнес-амалдарын, монетизациясын бір аудиторияда, жаңа жаза бастағандар немесе блогшы болғысы келетіндер «Блог деген не және оны қалай жүргіземіз» деген тақырыпты өзге сыныпта талқылап, үйреніп жатса жақсы болар еді. Және Camp өзге шаралар секілді таптаурын, жаттанды стиль емес. Жалпы форматқа қатты көңіл бөліп отырмын. Әйтпесе форум, конференцияны қалдыратын болсақ, Blogcamp деген атаудағы camp-тан бас тартайық.
- Шараның мазмұндық тұсын реттестіретін, жасақтайтын, ұсыныстар мен өзгерістерді қабылдап, енгізіп отыратын блогшылар пулын құру. Әрине, жария түрде. Қандай тақырыптар көтерілетіні алдын-ала белгілі болуы керек және ол блогқа, тек блогқа қатысты болғаны дұрыс. Техникалық аспектілер, монетизация, заңнама — барлық тақырыптар блогосфера туралы айтылмағы ләзім. Мәселен: «Блогшының заң алдындағы жауапкершіліктері», «Блог дизайны», «Блогтан қалай ақша табамын» және т.б.
- Келген қатысушылардың үйлестіру істеріне жұмыла кірісуі. Бұл Camp атаулының басты заңдарының бірі екендігін естен шығармасақ. Күтіп алар жақ дейін болатын жұмыспен және логистикамен айналысса, ал шара кезіндегі тірлікке бәріміз ат салыссақ. Ол баннер ілу бола ма, үстел тасу бола ма, төбелес шығарған әлдекімді жуасыту бола ма — бәрібір.
- Шараға нақты блог әлеміне қызығатын (жүргізгеніне 7 жыл болған, жаңа бастаған, бастайын деп ашып қойған — маңызды емес, ең бастысы ниет, ниет болса, шай табылады), үйренгісі не үйреткісі келетін адамдар қатысса.
- Осы логотипті қалдыруды қолдаймын. Тек жылды өзгерту керек. Блог-құрылтай дегенде бір бейне көз алдыға елестеуі қажет. Бүкіл маркетингтік, пиарлық ережелер де осыны "қолдап отыр".
- Стартап жобаларды алдын-ала іріктеу. Презентациясы бар, тезис түріндегі жоспары бар дүниелерді көрсек, сахнаға шығып қуа салатын елді емес. Құрылтайда қорғау құқығына ие болатын стартаптар тізімі дауыс беру арқылы шешіле ме, сарапшылар тобы іріктей ма — анықтау керек.
Азды-көпті ойыма келгені осы. Мақалаға апдейт жасалуы мүмкін екенін ескертемін. Ең бастысы бірлігіміз мықты болсын. Шарамыздың қадірін кетіріп алмайық.
P.S. Нетті деме, «инцидент» емес, «прецедент» дегің келген болар?
П.С.: «Бұл постты жазу кезінде ешбір жануар зардап шеккен жоқ» деген ескерту қайда деп түсінбей отыр едім, 800 шашлык енді еске түсіп отыр