Болашақта Астанада жойылатын 20 мамандық

  • Автор
Мектеп бітіріп, редакцияны жағалап жүрген кезім. Қалалық «Сарыарқа» газетінің редакциясы ақ сарайдай көрінетін. Журналистер тым қауырт, өте маңызды, аса тәкаппар. Маңдарына көп жолата бермейді. Тек машинистка Гүлнар апай оларға ұқсаймайды — жайдары, биязы. Бірақ қолы көп босай қоймайтын. Қашан көрсең тықылдатып мақала теріп отырғаны. Арасында зырт еткізіп Ятрань машинкасының сырғытпасын сырып қояды. Үстел үстінде үнемі шимай-шимай қағаздар үйіліп тұратын. Гүлнар апайды бала-шаға ғана емес, адуынды журналистер де сыйлаушы еді. Әншейінде қабағы түксиген, сөзі қатаң журналистер Гүлнар апайдың алдында сызылады да қалады. Редакцияға жол түссе, Гүлнар апайға сәлем беруге кіріп шығатын едім. Алайда қазір Гүлнар апайым да, оның Ятрань машинкасы да жоқ. Себебі қазір хатшы-машинист мамандығы жоқ. Журналистер мақалаларын электронды пошта арқылы редакторға жөнелте салады.
***
Ал телефон будкалары ше? Студент кезімізде Қазақтелекомға барып, телефонист апайға үйдің телефонын жазып, будкада күтіп отырасың телефон тұтқасына сағынышпен қарап.
— Жезказган на линии, — дейді телефонист апай бір кезде.
— Алло, Мама!
— Бектай сенбісің?..
***
Өзіміз куә болған 15-20 жылдың өзінде біраз өзгерістер болды. Алдағы 20 жылда жоғалатын 20 мамандық туралы ой тарқатып көрейік. Сонымен Астана қаласында жақын келешекте қандай мамандықтарға сұраныс болмайды?
Блог - Basic: Болашақта Астанада жойылатын 20 мамандық
1. Кондуктор. Бұл мамандық алдағы 2-3 жылда-ақ жоғалуы мүмкін. Қазір Астанада ASTRA PLAT жүйесі толық қызмет етуде. Жолаушылар төлемақыны карта арқылы электронды түрде жасай алады. Карта арқылы төлем экономикалық жағынан да тиімді, әрі ұсақ ақша қайтару мәселесі мүлдем туындамайды, бюджет айқындылығын да қамтамасыз етеді. Жол сұрау немесе бағыт көрсету керек болса, Astrabus қосымшасы бар. Демек, кондукторлар функциясын электронды жүйе толығымен алмастыра алады.
Блог - Basic: Болашақта Астанада жойылатын 20 мамандық
2. Нотариус. Бұл туралы Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев биыл халықпен есептік кездесуінде айтқан болатын. «Мысалы, блокчейн технологияларын жылжымайтын мүлік тізіліміне енгізу, сатып алу-сату шарттарын рәсімдеуде нотариус қызметтерінің толығымен қажеттілігін жояды, себебі, цифрландыру есебінен бұл реттегі амалдар қайта қарастырылады». Бұл шара заңсыз құжаттарды куәландыру, заңдастыру, жемқорлық мәселелерін де шешуі тиіс.
Блог - Basic: Болашақта Астанада жойылатын 20 мамандық
3. Риелтор, маклер. Астана қаласының әкімі Ә.Исекешев блокчейн технологияларын жылжымайтын мүлік реестріне енгізу нәтижесінде заңнама талаптарына сай келмейтін тұрғын үйді саудаға қою мүмкін болмайтынын айтқан. Барлық деректер электронды форматта сақталады және оны редакциялау мүмкін болмайды. Яғни заңсыз әрекеттерді жасау, тұтынушыны алдау мүмкін емес. Бұл «ақ» не «қара» риелторлар қажеттілігін жояды. Қазіргі уақытта жылжымайтын мүлікті сату, жалға беру, алу сияқты деректерді делдалдарсыз ашық ресурстардан алуға болады.
4. Күзетші. YouTube-те жасырын камерамен түсірілген видеолар кеңінен танымал және көрілімді. Лифт ішіне, банкоматқа, жол жиегіндегі бағанға, кеңсе офисінде орнатылған камералар фобия тудыруы да мүмкін. Бастысы ештеңені жасыру мүмкін емес. Бейнебақылау, сигнализация күзетшілерден әлдеқайда жылдам әрі сергек. Көптеген кеңселерде күзетші штаты әлдеқашан қысқарған. смарт қаланың күзетшісін елестете аласыз ба? ;)
Блог - Basic: Болашақта Астанада жойылатын 20 мамандық
5. Билетер. Кино, театр, сауық-сайран орталықтарына кіргенде билетіңізді тексеретін адамның функциясын қарапайым чиптер мен турникеттер атқара алады. Адамнан гөрі тиісті техниканы орнату әлдеқайда арзанырақ әрі ақша жымқыру фактісін болдырмайды. Қазірдің өзінде Астананың бірқатар көңіл-көтеру орындарында бұл процесс автоматтандырылған.
Блог - Basic: Болашақта Астанада жойылатын 20 мамандық
6. Call орталықтарының диспетчерлері. «– Қызмет көрсету тілін таңдау үшін бірді басыңыз. Негізгі қызметтер туралы ақпарат алғыңыз келсе екіні басыңыз». Таныс қой иә? Бұл жүйе мобильді операторлар, банк жүйесі, ірі компанияларда қолданылып келеді. Болашақта жасанды интеллект пен цифровизация нәтижесінде диспетчерлер толығымен жойылады.
Блог - Basic: Болашақта Астанада жойылатын 20 мамандық
7. Корректор. Қазірдің өзінде Microsoft Office бағдарламаларында мәтіннің орфографиясы мен пунктуациясын тексеретін функциясы бар. Бұл жүйе әлеуметтік желілерде, мессенджерлердің көпшілігінде де орнатылған. Қаласаңыз онлайн сервистер мәтіннің грамматикасын, стилистикасын, орфографиясын тексеріп бере алады. Мәтіннің семантикалық анализі технологиясы қарқынды дамуда. Қазақ тілін де функционалдан көретін күн алыс емес. Сондықтан корректор мамандығын бағдарламалық жасақтамалар алмастырады деп нық сеніммен айтуға болады.
8. Экскурсовод, гид. Астана қаласындағы бірқатар сауда орталықтарында, мәдениет кешендерінде, музейлерде онлайн гид жүйесі орнатылған. Былтыр «VISIT ASTANA» компаниясы былтырғы жылдан бастап электронды гид қызметін енгізді. 2 қабатты автобус астаналықтарды, қала қонақтарын, туристерді тарихи жерлерге, ең танымал орындарға апарады. Ал Арнайы орнатылған электронды гид 6 тілде қала тарихын, көрікті жерлері туралы қызықты ақпаратты экскурсоводтан кем түспей баяндап береді. Электронды гидтің адам гидтен артықшылығы білім базасы үнемі жаңартылып отырады, ақпаратты бұрмаламай, жаңылыспай жеткізеді. Аудармашыны қажет етпейді. Ал адамдар ақпаратты осындай аудио, визуал көздерден алуға бейімделіп келеді. Қазірдің өзінде бірқатар мобильді қосымшалар, онлайн ресурстар Астананың көрікті жерлерінде өзіңіз тұрғандай әсер беретін VR экскурсиялар ұсына алады. Демек, цифровизация тағы бір мамандықты жоя алады.
9. Логист, диспетчер. Соңғы уақытта онлайн сауда көлемі күрт артты. Тауар айналымы артып, көлік инфрақұрылымы күрделене түсуде, жүк тасымалы ұлғайып, жекізу жылдамдығы да арта түсті. Тұтынушылар өз жүктерін онлайн бақылағанды жөн көреді. Күннен күнге бұл ағын күшейіп келеді. Мұндай міндеттерді шешу адам қолынан келмеуі мүмкін. Сондықтан логистика саласындағы компаниялар жаппай автоматтандыруға көшуде. Жүктердің тасымалы түрлі датчиктермен қадағаланып, спутниктік жүйемен мониторинг жасалып отырады, интеллектуалды бағдарламалар оңтайлы бағдарларды сызып береді. Егер бірнеше маманның жасайтын жұмысын бір бағдарлама орындайтын болса, ол мамандықтың не қажеті бар? Сондықтан диспетчерлер мен логисттердің болашақта бағдарламалық жасақтамалармен жұтылуы заңды құбылыс.
10. Аудармашы. Семантикалық аударма жасайтын бағдарламалар дамуы таң қалдырады. Қазір қарапайым мәтінді қазақшаға аудару қиын іс емес. Бағдарламалар тек мәтін ғана емес, сурет және аудио форматын да аударуға қауқарлы. Технология қарыштап дамып жатқандықтан болашақта көркем әдеби аудармамен немесе күрделі салалық аудармамен айналысатын біліктілігі жоғары мамандар ғана қалып, қарапайым аудармашылар басқа кәсіп іздеуіне тура келеді.
11. Вахтер. Вахтердің негізгі міндеті тұрғын үйге және қызметтік ғимараттарға бөгде адамдардың кірмеуін қадағалау. Қазірдің өзінде Астана қаласындағы тұрғын үйлердің 90%-да домофон орнатылған. Тұрғын үй кешендерінде, кеңсе ғимараттарында бейнебақылау орнатылған. Әрбір адамның кіріс-шығысы чиптер арқылы тіркеліп отырады. Сондықтан Астана қаласында вахтер мамандығы жақын арада жоғалуы мүмкін.
12. Жол-патруль қызметкері. Астана қаласында қазір 6365 бейнебақылау камералары орнатылған. Жалпы жоспар бойынша қалада 13 мың бейнебақылау камерасы іске қосылмақ. Астана қ. ІІД мәлімдеуінше «Сергек» бақылау жүйесінің көмегімен 1 656 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, 11 қылмыс ашылған. Бүгінде «Сергек» жүйесі Астанадағы жол-көлік қозғалысын қатаң қадағалап, құқық бұзушылық фактілерін оперативті түрде арнайы реестрде тіркеп тұрады.
13. Есептеуіш көрсеткішін бақылаушы. Су, электр энергиясын, газды тұтыну көрсеткіштерін тіркейтін есептеу құралдарын тексеретін маманды алмастыратын жүйе болашақта іске қосылады. Әр пәтерді аралап жүретін маман жұмысын автоматтандырылған жүйе ортақ базаға тіркеп тұрады. Бұл жүйе жақын арадағы 3-5 жыл көлемінде іске қосылуы тиіс.
14. Бухгалтер. Бұрындары бухгалтер маманығына бірнеше жыл оқитын болса, соңғы жылдары бұл мамандықты бірнеше ай ішінде игеріп алу мүмкіндігі туынады. Қазіргі жаңа бухгалтерлік есептер жасау, төлемдерді төлеу, кіріс-шығысты тіркеу жүйесі бір ғана бағдарламалық жасақтама көмегімен жүзеге асады. Оның үстіне арнайы софтбухгалтерлік есеп пен аудит бойынша операцияларды жылдам орындап, функционалы қарапайымдана түсуде. Болашақта барлық процесс автоматтандырылып, бухгалтер мамандығы мүлдем қажет болмауы мүмкін.
15. Несие жөніндегі менеджерлер. Бүгінгі таңда сайт арқылы немесе мобильді қосымша арқылы несие алу өтінімін онлайн жіберуге болады. Клиент туралы барлық деректер, оның несие тарихы арнайы базаға енгізіледі. Сондықтан да болашақта несиені беру туралы шешімді арнайы компьютерлік бағдарламалар қабылдайтын болады.
16. Стенографист. Дыбысты тану және оны мәтінге айналдыру жүйесі қазірдің өзінде көптеген салаларға енгізілген. Іздеу жүйелері, роботтар, диктофон жазбалары, тағы көптеген салаларда мұндай функцияны байаған боларсыз. Болашақта бұл жүйе одан әрі жетіліп, іс жүргізу процесінде стенографист маманарды толығымен алмастыра алады.
17. Мемлекеттік қызмет операторлары. Қарапайым тілмен айтқанда халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы мамандар. Қазірдің өзінде Мемлекеттік қызметтер порталы мен «Электронды үкімет» сервистерінің, азаматтық краудсорсингтің дамуы арқасында көптеген анықтама, құжаттарды кеңсеңізден шықпай-ақ онлайн түрде алуға болады.
18. Провизор. Көптеген дәріханалар интернет-ресурстар арқылы жұмыс жасауға көшуде. Көптеген тұтынушылар дәрі-дәрімекті дәрігер нұсқауы бойынша немесе интернет деректеріне сүйеніп таңдай алады. Ал логистикалық қызметтер тәуіктің кез келген уақытында сатып алынған дәрі-дірімекті жеткізіп бере алады. Қазіргі уақыта провизорлар өзіне өзі қызмет көрсете алмайтын адамдармен немесе төтенше жағдайларда адамдарды дәрілік препараттармен қамтамасыз ету үшін қалды. Алайда 2020 жылдарға қарай провизор мамандығына деген қажеттілік барынша төмендейді.
19. Лифтер. Қазіргі лифт жүйелері (жаңа тұрғын үй кешендеріндегі) интеллектуалды жүйемен жабдықталған. Бұл жүйелер алдын ала диагоностика жасап, ақаулықты анықтап отырады. Лифтерге қызмет көрсету және жөндеу жұмыстары автоматтандырылса, лифтер мамандармен де хош айтысамыз.

20. Паркинг қызметкері. Соңғы автокөлік өнімдері интеллектуалды паркинг жүйесін іске қосқан. 2020 жылға қарай жаңа автомобильдердің 80% автомобильді басқаруда жасанды интеллект жүйесін қолданатын болады. Осылайша осы кәсіп иелерінің қызметін өздігінен автоматтандырды. Ал біздің түсінігіміздегі паркинг қызметкері, яғни автотұрақ қызметі үшін ақы алатын адамдар қызметін ASTRA Parking сервисі де атқарады. Парковкаларды басқару да автоматтандырылады. Бұл функцияны бақылау камералары, автоматтандырылған шлагбаумдар мен парковка автоматтары орындайтын боолады.

Ғылыми техникалық даму, цифрландыру бұл мамандықтарды жойғанымен жаңа мамандықтардың пайда болуына да септеседі. Болашақта сирек мамандықтарға айналатын немесе мүлдем жойылатын мамандықтар жиырмалығы осы. Ал қазір қажетті мамандықтар тізімін мына посттан көре аласызар.

0 пікір

Тек тіркелген және сайтқа логинімен кірген қолданушылар ғана пікір жаза алады.