Иорданияның бас қаласындағы көшелердің біріне Астана атауы берілді

Бақыт Сұлтанов ресми сапарымен Амманға барды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Туыстас қалалар Астана мен Амман экономика және мәдениет салаларындағы ынтымақтастығын нығайтуда. Бүгін Иордания астанасы көшелерінің біріне Қазақстанның елордасы – Астана атауы берілді.

Көшені ашу салтанатына Қазақстан астанасының әкімі Бақыт Сұлтанов пен Иорданияның бас қаласы Амманның мэрі Юсуф әл-Шауариба қатысты.

Астана әкімі Бақыт Сұлтанов Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Иордания королі ІІ Абдолла арасындағы достық қарым-қатынастың өзгелерге үлгі екендігін, екі елдің мүддесі үшін қызмет ететінін тілге тиек етті. Ол аммандықтарға Елбасымыздың қызметіне деген ықыласы үшін өз алғысын білдірді. 2010 жылы Иордания астанасындағы орталық көшелердің біріне Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілген болатын.

«Біз барша аммандықтарға біздің Елбасыға көрсеткен құрметі үшін өз алғысымызды айтамыз. Жаңа ғана жоғары мәртебелі Шауариба мырзамен бірге Нұрсұлтан Назарбаев атындағы көшеде болып, оның дамуын көріп қайттық. Ал енді Қазақстан астанасының атымен аталатын көшені ашып отырмыз. Бұл оқиға жас Астананың 20 жылдығы тойланып жатқан жылы орын алып отыр. Ол біздің қалалар мен елдердің тұрғындары арасындағы қарым-қатынастың нығая түсуіне жаңа импульс беретіндігіне сенімдімін», — деді Б. Сұлтанов.

Өз кезегінде Амман мэрі Юсуф әл-Шауариба екі ел астаналары арасындағы ынтымақтастықтың алдағы уақытта да жемісті болатындығына өз сенімін білдірді.

«Біздің халықтардың арасындағы қарым-қатынас пен екі ел басшыларының арасындағы саяси достық өзгелерге үлгі. Астана – заманауи қаланың үздік эталоны. Одан әлемнің басқа қалалары үлгі алады. Сол себепті, Иорданияның бас қаласында Астана атындағы көшенің ашылғаны біз үшін үлкен құрмет. Ол біздің мемлекеттеріміздің арасындағы достық пен жемісті ынтымақтастықты бейнелейді», — деді Юсуф әл-Шауариба.

Көшені ашу салтанаты Астана әкімі Бақыт Сұлтановтың Иорданияның бас қаласына жасаған ресми іс-сапарының аясында өтті. Кездесу барысында Астана әкімі мен Амман мэрі екі елдің алдағы уақыттағы түрлі салада ынтымақтастықта іс жүргізуінің әлеуетін талқылаған болатын.

«Біздің Амманға іс-сапармен келуіміз урбанистикалық даму саласындағы екі жақты ынтымақтастықты белсендендіруге зор мүмкіндік береді. Амманда көлік, көгалдандыру, құрылыс, смарт-технологиялар, әкімшілік үрдістерді жеңілдету, автоматтандыру, бизнес-ортаны жақсарту салаларында көптеген ірі реформалар мен жобалардың жүзеге асырылып жатқандығын білеміз. Астанада да аталмыш бағыттардағы жұмыс белсенді жүргізілуде. Бұл салаларда біздің бір-бірімізге үйретеріміздің аз болмайтындығына еш күмәнім жоқ. Біз тәжірибемізбен, білімімізбен бөлісуге дайынбыз», — деп атап өтті Сұлтанов.

Ол сондай-ақ, Амман мэрінің есіне Қазақстанның бас қаласында жыл басынан халықаралық «Астана» қаржы орталығының жұмыс істеп жатқанын салып, иорданиялық бизнесмендерді оның жұмысына қатысуға шақырды.

Астана көшесінің ашылу салтанатында қазақстандық және иорданиялық музыканттардың сүйемелдеуімен ұлттық әуендер шырқалып, дәстүрлі халықтық билер орындалды.

Еске салайық, 2012 жылдың қаңтарында Астанада Иордания Королі марқұм Жоғары мәртебелі Хусейн бен Талалдың құрметіне көше атауы берілген болатын.

Астана әкімдігі мен Амман қаласының муниципалды органы арасында туыстық қарым-қатынас орнату туралы келісім-шарт 2005 жылдың 8 қарашысында бекітілді.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше