Қазақстанда Денис Тен атындағы мәнерлеп сырғанау академиясы ашылмақ

Бүгін Астанада Денис Тен қоры қамқоршылық кеңестің мүшелері ұйымның 2019 жылға арналған жоспарларымен бөлісіп, оның қызметінің алғашқы қорытындылары туралы айтып берді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Спортшының анасы, Қор директоры Оксана Тен, Денистің жан жақты тұлға болғанын, шығармашылық бағыттағы көптеген қызметпен шұғылданғанын айтты. Оның айтуынша, мәнерлеп сырғанау академиясын ашу Денис Теннің басты арманы болған.

«Біз концепт құрдық. Бәрін Татьяна Тарасовамен талқыладық. Бұл жоғары дайындықты қажет ететін ұзақ мерзімді жоба. Біз оны Мәдениет және спорт министрлігімен, Мәнерлеп сырғанау федерациясы және ұлттық олимпиада комитетімен бірлесіп жүзеге асырмақпыз. Алматы әкімі бізге «Халық Аренаны» бөліп берді. Қазір мұз айдынын пайдалану кестесін әзірлеу үстіндеміз. Қанша дегенмен идея бар, оны іске асыратын әлеуетіміз де жеткілікті», — деді Қордың қамқоршылық кеңесінің мүшесі Сергей Кан.

Оксана Тен осы жылы Қордың Алматы мен Астанада бірнеше фотокөрме өткізгенін айта кетті. Алматыда Денистің құрметіне арналған ескерткіш тақтасы ашылды, оны Татьяна Тарасова ашқан болатын. Сонымен қатар, Алексей Ягудин мен Елена Радионованың қатысуымен бірнеше шеберлік сабағы өткізілді.

Еске сала кетейік, Сочиде өткен Олимпиаданың қола жүлдегері, фигурист Денис Тен 2018 жылдың 19 шілдесінде Алматыда автотонаушының қолынан қаза тапқан болатын. Оның өлімінен кейін анасы ұлының көзі тірі кезінде ойға алған жобаларын жүзеге асыру үшін Қор ашты.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше