Астанада Елбасының бағдарламалық мақаласы талқыланды

Бүгін Ұлттық кітапханада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы талқыланды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.


Астана әкімі Бақыт Сұлтановтың жетекшілігімен өткен отырыста Елбасының мақаласы туралы өз ойларымен көрнекті қоғам және саясат қайраткерлері, ғалымдар, шығармашылық зиялы қауым өкілдері, жастар ұйымдары мен азаматтық белсенділер бөлісті.


ҚР Парламент Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұловтың айтуынша, Президент мақаласы ел тарихын тануда өте үлкен маңызға ие.


«Бұл – іргелі еңбек. Оның әр сөйлемі – бүгінмен үйлесімді байланысатын өткенге егжей-тегжейлі талдау жасау. Мақалада бірқатар маңызды мәселелер көтерілген, олардың әрқайсысы тарихи фактілерге негізделеді. Олар біздің ата-бабаларымыздың өз заманында озық технологиялармен, мәдениетпен, жаңашылдықпен байланыста болғанын дәлелдейді. Мақалада этностар мен ұлттардың тарихи танымын тереңдетуге бағытталған нақты жобалар да аталып өтілген. Ол қазақстандықтар үшін ғана емес, бүкіл түркі әлемі үшін маңызды», — деді Б. Жұмағұлов.


«Нұр Отан» партиясының Астана қалалық филиалы төрағасының орынбасары Владислав Сергеев атап өткендей, Астана – тек жас елорда ғана емес, ол елдің экономикалық және рухани өсуінің тірегі. Оның сөзінше, Астанада ерекше фактілер өте көп, көбі оны білмейді, тарихты оқуға уақыт таппайды. Мысал ретінде, ол «Кенесары сарбаздары» жобасын келтірді.  


«Астана орталығында «Целинный» шағын ауданында мұсылмандардың ескі зираты бар, онда 1838 жылы Кенесары ханның 250 сарбазы жерленген. Оның сарбаздарының құрамында татарлар, орыстар, қырғыздар, поляктар болғаны қызықты дерек. Дәлірек айтқанда, ұлтаралық келісімнің рухы, еркіндікке жетудің бірлігі мен әділеттік біздің ұлы далада бұрыннан бар», — деді В. Сергеев.


Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше