Астанада қызылшаға қарсы тегін вакцинациялау басталды

Қалада жоспарлы түрде 1 жас, 6 жастағы балаларды, сондай-ақ қызылша ауруына шалдыққандармен байланысқа түсіп, бірақ вакцина алмаған тұлғаларды иммундау шараларын жүргізу үшін вакцина дозасы жеткілікті (25 мың), деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.


Жыл басынан бері қалада қызылшаға қарсы 19 144 балаға (яғни 83,3 %) алғашқы екпе және 6 жастағы 15220 балаға (мақсатты топтың 78,6 %) қайталама вакцина салынды. ОКҚ-де өткен брифингте Астана қаласы қоғамдық денсаулық сақтауды қорғау департаментінің басшысы Садуақас Байғабылов вакцинацияның қызылша ауруына қарсы бірден бір тиімді шара екенін айтып өтті. 


 «Астана қаласында қызылша ауруының маусымдық жандануы байқалады. Қызылша – жұқпалы инфекция, ол адамға ауру адамнан ауа тамшылары арқылы таралады. Эпидемиологиялық процесс барысында 90 % — 1 жасқа дейінгі егілмеген балалар мен 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер ауырады. Қызылша асқынған жағдайда, оның салдары отит, пневмония, энцефалит сияқты ауруларға әкеп соқтыруы мүмкін», — деді С. Байғабылов.


Қызылшаның негізгі симптомдары мен белгілері: 4-тен 7 күнге дейін созылатын 38-40 градус жоғары температура, әлсіздік, тәбеттің жоғалуы, ӨРЖИ белгісіндегі тұмау, жөтел, көздің қызаруы мен жасаурауы, терінің біртіндеп бөртуі, алдымен маңдай, кейін құлақ және барлық дене бөртіп кетеді. 


«Вакцина тегін. Қызылшаға қарсы профилактикалық екпе 1 жастағы және 6 жастағы балаларға жүргізіледі. Сондай-ақ, эпидемиологиялық көрсеткіште алғашқы 72 сағатта 30 жасқа дейінгілерге де салынады. Қызылшадан күдіктенген жағдайда тез арада қаладағы жұқпалы стационарға медициналық көмекке жүгіну қажет. Қаладағы жағдай Астана қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мен АМСК ұйымдарының бақылауында», — деді Садуақас Байғабылов.


Аталған қоғамдық денсаулық сақтауды қорғау департаментінің мәліметінше, 2018 жылы қарашада Астанада 38 қызылшаға күдікті жағдай тіркелген. Оның 20-сы – сәби, 8 – жасы бойынша вакцина алмаған балалар, 5 – ата-анасы вакцина салдырудан бас тартқан балаларға қатысты жағдайлар. 2 жағдай бойынша екпенің егілмеу себептері анықталып жатыр.  


Қазіргі таңда балалар жұқпалы аурулар ауруханасында 35 бала ем қабылдауда. Жағдайлары қалыпты. Үш баланы шығарды. Зертханада 15-іне «қызылша» деген диагноз қойылды. Екпемен 37 адам қамтылды.


Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше