Елордада дзюдодан Қазақстан Чемпионаты аяқталды

Қазақстан біріншілігіне барлығы 437 дзюдошы қатысты, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты. 13-16 қараша аралығында елорданың «Дәулет» спорт кешенінде дзюдодан Қазақстан Чемпионаты өтті. Төрт күнге созылған байрақты бәсекеге еліміздің 14 облысы мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан 437 дзюдошы қатысты. Нәтижесінде, Қазақстанның жекелей Чемпионатында Алматы облысының дзюдошылары 4 алтын, 1 күміс және 1 қола медальмен жалпы командалық медаль кестесінде көш бастады. Ал Маңғыстау облысының құрамасы 3 алтын, 2 күміспен екінші орынға жайғасса, Қызылорда облысының құрамасы 2 алтын, 3 күміс, 5 қола жүлдемен үздік үштікті түйіндеді, деп хабарлады Қазақстанның Дзюдо федерациясында. Жарыстың соңғы күнінде Қазақстанның аралас командалық Чемпионаты өтті. Халықаралық дзюдо федерациясының ережесіне сәйкес дзюдошылар аралас командалық сайыста бір командада 6 салмақ дәрежесі (әйелдер: -57 кг, -70 кг, +70 кг, ал ерлер -73 кг, -90 кг және +90 кг) бойынша белдесті. Аралас командалық сайыста Атырау облысының құрамасы жеңімпаз атанса, Ақмола облысының татами шеберлері күміспен күптелді. Ал Жамбыл облысы мен ШҚО дзюдошылары қола жүлдені қанағат тұтты.

Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Астана қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі astana.gov.kz/kz/news/news/16701
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше