Астанада болашақ аналарға арналған шеберлік сағаты өтті

Әйелдер вокалдық және арт терапия бойынша жаттықты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.


Медицина ғылымдарының докторы, акушер-гинеколог Сабира Күлшімбаеваның айтуынша, осындай шеберлік сағаттары арқылы әйелдер босану кезінде дұрыс тыныс алу мен демалуға үйренеді.


Қазір «Астана» медицина университетінде оқулықтар шығарылады. Онда босанудың әлем бойынша ең соңғы әрі тексерілген түрлі әдістері жинақталған. Ол әдістер № 3 перинаталды орталықта сыналды», – дейді С. Күлшімбаева



Босануға дайындықтың бір түрі – вокалды терапия.


«Босану кезінде жүкті әйел дұрыс дем алуды ұмытып қалады. Бірақ ән айту арқылы дұрыс демалу жолдарын еске түсіре алады. Бұл әдіс Франция, Италия мен АҚШ-та қолданылады», – деді ол.


Мастер-кластың тағы бір жаңалығы – арт-терапия. Онда болашақ аналар сәтті босанған сәтін бейнелейді. 


Сөйтіп сурет салу арқылы олар босанудың жағымды әсерін қалыптастыра алады.



Үшінші сәбиін күтіп жүрген Астана LRT компаниясының баспасөз хатшысы Науат Азанбаева өз ойымен бөлісті.


«Кез келген әйелдің мақсаты – дүниеге сәби әкелу. Барлық жүкті әйелдер қай жерде және қалай босанатынын алдын ала жоспарлауы қажет. Үшінші сәбидің анасы атанғалы отырсам да, мұндай шаралардың орны бөлек. Соңғы рет 10 жыл бұрын босанғанмын. Алайда босану туралы толығырақ білген артықтық етпейді. Қажетті жаңа ақпарат аламын деген үмітпен келдім », – деді ол.



Ең белсенді 20 жүкті әйелге бір сабаққа арналған және толық бір курсты қамтитын сертификат берілді. Айта кетейік, іс-шараны Астана қаласы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы мен Green Clinic көпсалалы клиникасы ұйымдастырды.


Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше