Астанада АҚТҚ-инфекциясынан қайтыс болғандар саны екі есе төмендеді
Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мен ЖҚТБ күресу және алдын алу орталығы «Өз статусыңды біл» ұранымен бүкіләлемдік кампания шеңберінде аурумен күрес айлығын жариялады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
ЖҚТБ орталығы хабарлағандай, осыған байланысты Астанада ашық есік күндері, орталықта тегін тексерістен өткізу шаралары, сауда орталықтарында үгіт-насихат акциясы, блогерлерді тарту, вайн-челендж ұйымдастыру шаралары өткізіле бастады. Орталықтың мамандары өзіңнің оң статусыңды білу дер кезінде ем қабылдап, өмір сапасын ұзартуға, оны жақсартуға мүмкіндік беретінін айтады.
«9 айдың қорытындысы бойынша осы жылы 224 428 адам тіркелді, яғни біз елді мекеннің 20 % тексерістен өткіздік. Оның 77 %-нан алғашқы кезеңдерін анықтадық. Дер кезінде көрсетілген медициналық көмектің арқасында АҚТҚ-жұқтырғышын екі есеге төмендеттік. Өткен жылы ол 1,3% болса, биыл – 0,7%. Өткен жылы АҚТҚ-жұтырғышына қатысты 190 оқиға болса, бүгін бұл көрсеткіш 150 құрайды. Әрине, өзінде АҚТҚ-жұқтырғышы бар екендігін білгендер күйзеліске түсіп жатады, олармен психологтар жұмыс істейді», — деді ЖҚТБ күресу және алдын алу орталығының бас дәрігері Сәбит Абдрайымов.
Бүгінгі таңда АҚТҚ жұқтырғышының 79,4%-ы – жыныстық жолмен жұғады, оның 12,4% гомосексуалдар. Тәуекел тобындағылар – көбіне гомосексуалдар мен секс-индустриядағы жұмысшылар. Оларға жүйелі түрде мүшеқап пен ақпараттық материалдар таратылып тұрады. Түнгі клубтарда рейдтер жүргізіледі.
Астанада АҚТҚ-жұқпасына шалдыққандардың 25 пайызы – ішкі мигранттар, 5 пайызы – шетелдіктер.
«1 қазаннан бастап есепте 989 пациент тұрады, 63 пайызы антиретровирусты терапиядан өтеді, яғни 616 ауру. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 214 пациентке көп. Биыл 40-тан астам адам қайтадан емделу үшін орталыққа оралды», — деді С. Абдраймов.
Пікір жоқ әзірше