Елордада студенттер арасында шығармашылық байқау басталды

Астанада «Жаңа белес» атты жастарға арналған байқау-фестивальдың ашылу салтанаты өтті. Шара елорданың 20 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.


Фестивальдің басты мақсаты – студенттердің шығармашылық қабілеттерін дамыту, жастардың бос уақытын ұйымдастыру мен оның сапасын жақсарту, мәдени тәрбие берудің деңгейін жоғарылату.


ҚР Қарулы күштері Бас штабының басшысы Бахытжан Ертаев, ҚР еңбек сіңірген мәдениет және өнер қайреткері Сұлтан Оразалы, «Астана жастары» орталығының жетекшісі Үкібай Нұрпейісов, сондай-ақ, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских салтанатты кештің құрметті қонағы атанды.


«Бүгін Астана қаласы студенттерінің арасында алғаш рет «Жаңа белес» фестивалі басталды. 6 күн ішінде колледждердің мыңға тарта студентінің арасында  «Хореографиялық өнер», «Авторлық оқу», «Вокалдық өнер», «Фокуста» және «Ең ақылды» сияқты бес аталым бойынша үздіктер анықталатын болады», — деп атап өтті «Астана жастары» ресурстық орталығының жетекшісі Үкібай Нұрпейісов.


Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау жеңімпаздарының есімдері 10 қарашада жарияланбақ.

Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше