Байқоңыр ауданында алғашқы ХҚКО ашылды

Астана тұрғындары үшін Байқоңыр ауданында жаңа Халыққа қызмет көрсету орталығы өз есігін ашты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты «Азаматтарға арналған үкімет» мемкорпорациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 


Бұл – азаматтардың мемлекеттік қызметті алуы үшін Астанада ашылып отырған оныншы ХҚКО. 


Байқоңыр ауданының елордадағы төртінші аудан ретінде Сарыарқа мен Алматы аудандарының біраз бөлігін біріктіргені баршаға белгілі. Аудан тұрғындарына қолайлы болу үшін ХҚКО Абай даңғылы, 80 мекен-жайы бойынша ашылып отыр.


 «Тағы бір фронт-кеңсенің ашылуы астаналықтардың мемлекеттік қызметті алуы үшін өздеріне ыңғайлы жеріне қарай ХҚКО таңдауына мүмкіндік беріп, басқа орталықтардың жұмысын жеңілдетеді. Ғимараттың алаңына бірнеше сектор орналастырылған. Атап айтқанда, бұл – жеңілдік терезесі, қоғамдық қолжетімді пункт, өзіне-өзі қызмет көрсету секторы, ЭЦҚ беру, көші-қон полиция қызметкерлері, касса», — деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемкорпорациясының төрағасы Абылайхан Оспанов. 


 Бөлім үш қабатты ғимараттың бірінші қабатында орналасқан, алаңы 2000 шаршы метрден асады. Мұнда операторы бар қызмет көрсететін 13 орын, өзіне-өзі қызмет көрсету секторында 15 орын, ЭЦҚ беретін 4 үстел қарастырылған. 4 үстелде көші-қон қызметкерлері құжаттандыру және азаматтарды мекен-жайы бойынша тіркеу қызметін жүзеге асырады. Бұдан басқа, бөлімде кассалар бар, онда азаматтар мемлекеттік баж салығын төлей алады. Сондай-ақ, жаңа ХҚКО мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған пандуспен, жеңілдік терезелерімен, шақырту батырмасымен жабдықталған. Азаматтардың қолайлылығы үшін автотұрақ ұйымдастырылды. 


Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше