Астананы газдандыру: көгілдір отын қай мерзімде пайда болады

Астана әкімдігінде 2018-2020 жылдарға арналған Астана қаласының қоршаған ортасын сауықтыру, газдандыру және қала халқын көмірмен қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар жоспарын іске асыру мәселесі бойынша брифинг өтті. Осы жылы қалалық әкімдік 8 негізгі компания-іске асырушылармен көмірдің әр түріне бағаны бекіту шеңберінде меморандумға қол қойды. Айталық, «Шұбаркөл» көмір маркасының бағасы – 13 600 теңге, «Қаражыра» көмір маркасы – 14 000 теңге, «Майкөбе» — 12 500 теңге, «Богатырь көмір» — 9500 теңге, «Кузнецкий» — 12500 теңгені құрайды. Қалада көмірдің жалпы қоры 10 255 тоннаны құрайды.  


«Биыл көмір жеткізу өткен жылмен салыстырғанда екі есеге көбейген. Көмір жеткізу мәселесі тұрақты, өткен жылмен салыстырғанда айқай-шу жоқ. Қатты отынның бары және қандай орындарда қанша мөлшерде сатылып жатқаны жөнінде қоңырау шалып білуге болатын 109 сенім телефоны бар», — деді отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының отын-энергетика ресурстары бөлімінің жетекшісі Мақсат Есмағұлов. 


Оның айтуынша тамыздан бүгінге дейін Астанаға 180 мың тонна көмір жеткізілді. Жалпы, энергия көздерін қоспағанда барлық жылу маусымы кезеңіне 400 мың тонна көмір қажет.  


Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының 5 әлеуметтік бастамасын іске асыру бойынша астанада мемлекеттік тәжірибе жүргізуге арналған «Астана қаласын газдандыру» техникалық-экономикалық негіздемесі (ТЭН) дайындалғанын айтты. Ол әзірленіп, «Мемсараптама» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілді. ТЭН болжалды мерзімі – 2018 жылдың қарашасы. Сонымен қатар бір мезетте тарату желі құрылысын да жобалау басталды.


«ТЭН-ге сәйкес Астана қаласындағы газтарату желісінің құрылысы үш кезекке бөлінді. Бірінші кезектегі жобалау аяқталды. ТЭН-нің қорытындысын алсақ алдымен сараптамаға кірісеміз. Іске қосу кешенін біз ЖЭО-мен бірге жүргізуді жоспарлап отырмыз. Ең бірінші кезекте Көктал 1 және Көктал 2 аудандарын газдандырамыз», — деді спикер. 


2021 жылдан кейін құрылыстың екінші кезегін іске асыру басталады және Мичурин, Интернациональный, Тельман, Garden Village және Family Village кенттеріне газ кіргізу жоспарланып отыр. Ал үшінші кезектің шеңберінде Ильинка, Шұбар мөлтекауданы мен Өндіріс тұрғын алабын газдандыру жоспарлануда.


Астана қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы басшысының орынбасары міндетін уақытша атқарушы Әбдіманап Жұмәділдаев газ енгізу қала экологиясын айтарлықтай жақсартып, көк түтіннен сақтайтынын айта кетті.


Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше