Астанада «Еңбек жолы» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды
Елордада Еңбек күні мен Әлеуметтік қорғау қызметкерлері күніне орай «Жалпыға Ортақ Еңбек қоғамына қарай» республикалық форумы өтті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Биыл «Үздік еңбек әулеті» аталымында Құрманғалиевтер отбасы жеңімпаз атанды. Барлық отбасы мүшелерін жекелеп есептегенде орман шаруашылығындағы еңбек өтілі 458 жыл. Бұл отбасының 25 мүшесі төрт ұрпақ сабақтастығымен осы салада еңбек етіп келеді.
«Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» аталымында Әбілқайыр Сотқаров озып шықты. Ол Ақтөбе облысындағы «Казхром ТНК» акционерлік қоғамында металлург болып жұмыс істейді.
Ал «Өндірістегі үздік жас жұмыскер» аталымында Атырау облысындағы «Доссормұнайгаз» кәсіпорнының жұмыскері Айбек Тұрсынбек жеңіске жетті.
«Біз мұндай марапатты алғаш рет алып тұрмыз. Әулетіміздің еңбегі бағаланғанына қуаныштымыз. Орман шаруашылығында 1981 жылдан бері жұмыс істеймін. Біздің әулеттің жалпы еңбек өтілі – 458 жыл. Әулеттің басында біздің әкеміз тұр. Отбасымызда 8 бала, оның 5-і ұл, 3-і қыз. Барлығымыз әкейдің жолымен жүрдік», — дейді «Үздік еңбек әулеті» аталымының жеңімпазы Тоқтар Құрманғалиев.
Әр түрлі өндіріс салаларының сегізге жуық ардагерлері «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.
Салтанатты іс-шарада Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова, Парламент депутаттары, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, бизнес-қауымдастықтардың, кәсіподақтардың өкілдері қатысты.
Пікір жоқ әзірше