Елордада көлік картасын толтыратын тағы 100 пункт орнатылады

Елордада көлік картасын толтыратын RTVM автоматтарына балама ретінде тағы 100 бірдей пункт орнатылатын болады, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.


«Бізге RTVM автоматтарын көбірек орнату туралы өтініш жиі келеді. Алдағы уақытта қаламызда карталарды бірден толтыратын жаңа 100 баламалы пункт ашылады. Толтыру пункттерін қала бойынша жайғастыру процесіне қатысуға шақырамыз», — делінген «Astana LRT» компаниясының фейсбуктегі ресми парақшасында.


Жаңадан ашылатын орындарда картаны бірден толтыруға болады, яғни активацияны қажет етпейді.


«Агенттік жаңадан ашылатын орындар желісін бірге құрастыруға шақырады. Толтыратын орындар Қараөткел (Ильинка), Лесная Поляна, Лесозавод, 7 емхана, Көктал тұрғын алабының тұрғындарына, Мастер-2, Қошқарбаев көшесіне, Иманов көшесіне, Экспоның айналасына жетіспейді. Тағы да елордамыздың қай аумақтарына аталмыш автоматтар қажет деп есептейсіз? Ой-пікіріңіз бен ұсынысыңызды осы жазбаның астына міндетті түрде қалдырыңызБарлық жолаушылардың ұсынысы ескерілетін болады», — делінген хабарламада.


Компания көлік карталарын толтыру орындарының орналасуы ең алдымен халық үшін барынша ыңғайлы болуы керектігін айтады.


Бұдан бұрын да жол ақысын төлеудің басқа да тәсілдері айтылған болатын.  Еске салайық, SMS хабарлама арқылы төлеу үшін арнаулы қысқа нөмір жұмыс істейді, ол еліміз бойынша барлық ұялы операторларының клиенттеріне қолжетімді.


Смартфон иелері жол ақысын арнайы қосымша арқылы SMS көмегімен мына тәсілдер арқылы төлей алады:


-        Автобус деректерін енгізу;


-        Көлік құралын геолокация бойынша анықтау;


-        Автобустағы жапсырмадан QR-кодты сканерлеу;


Android операциялық жүйесіндегі телефондардың иелері жол ақысын қосымша NFC арнайы белгімен төлей алады.


SMS арқылы және мобильді қосымша арқылы төлеу кезінде жолаушы телефонына электронды билет алады.

Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше