Елорданың үздік жас отбасы анықталды

Сенбі күні Оқушылар сарайында «Үздік жас отбасы» байқауының финалы өтті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.


Сайыстың іріктеу кезеңіне 70-тен аса отбасы қатысып, шешуші сынға тек 10-ы жолдама алған. Сөйтіп солардың арасынан жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандары бағалы сыйлықтарға ие болды.


Байқаудың қорытындысы бойынша Азат пен Әлия Жұмағұловтар үздік жас отбасы болып таңдалды, екінші орын Ерген мен Гауһар Кенжеғұловтарға, ал үшінші орын Бақтияр мен Шадияр Мұхамбетқалиевтерге бұйырды.


«Меніңше мұндай байқаулар отбасын біріктіре түседі. Біз жеңеміз деп күтпедік. Расын айтсақ, біз ең соңғы кезде қатысуға өтініш бердік. Өте қуаныштымыз. Байқаудың арқасында біз бір-бірімізді жақсы түсінетін болдық», — дейді жеңімпаз отбасы.


Үздік отбасы байқауының шешуші сынына қатысушылар – әртүрлі сала өкілдері. Бірі әскери қызметкер, дәрігер, енді бірі музыкант, кәсіпкер немесе спортшы. Финалға шыққандар қатарында «Астана» ФК бұрынғы тәлімгері Бахтияр Мұхамбетқалиев, «Ұлттық Ұлан» оркестрінің музыканты Айдос Қодығанов, Ұлттық нейрохирургия орталығының нейрохирург дәрігері Ерген Кенжеғұлов бар.


«Біздің басты мақсатымыз жастарға тағдыр бастарына нендей сынақ салса да, бір-бірін жақсы сүйіп, жарасып өмір сүру. Себебі, менің отбасыммен көргенімді дұшпаныма да тілемеймін», — дейді аяғынан айрылған Бахтияр Мұхамбетқалиев.


Финал үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде әр отбасы өзінің жанұясын таныстырды. Барлық қатысушы өздерінің өнерін ортаға салды. Ән салу, өлең оқу, би және ерекше өнер түрі де көрсетілді. Таныстыру әр отбасының тарихын, қалай танысқанын, өмірде қандай екендіктерін көрсететін бейнероликтер де көрсетілді.


Екінші кезең сұрақ-жауапта 5 сұраққа жазбаша жауап беру керек, онда екі жас бір-бірін қаншалықты жақсы білетінін көрсету керек. Үшінші кезеңде жастар ыммен түсінуші ойынын ойнады. 


«Бүгін барлық жас отбасы үшін ерекше күн. Отбасы құндылығына әр кезде баса назар аудару керек, мықты отбасы мемлекеттің іргетасы», — деді қалалық қоғамдық даму басқармасының басшысы Данияр Есин.


Қонақтар қатарында Олимпиада жүлдегерлері, эстрада жұлдыздары, жастар ұйымдарының басшылары, қоғам қайраткерлері мен блогерлер болды.


«Бастысы әр отбасында өзіндік жылылық бар. Маған барлық отбасы ұнады, әр біреуі ерекше, бір-біріне деген сүйіспеншілік пен бірлік бар», деді кеш қонағы Қыдырәлі Болманов.


«Үздік жас отбасы» байқауы нағыз жас отбасылар мерекесіне айналды. Жоба жастарға бағытталған. Байқау жеңімпаздары жастармен кездесіп отбасы құрудың, бақытты отбасы болудың жолдарын айтады.


Байқаудың жүлде қоры – 800 мың теңге. Бірінші орын – 200 000 теңге, екінші орын – 150 000 теңге,  үшінші орынға – 100 000 теңге, ал барлық қатысушыларға – 50 000 теңге берілді. 


Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше